Тоқаевтың иллюзиясыз бейбітшілік туралы ойы: Әзербайжан мен Арменияның қадамы неге бүкіл әлем үшін маңызды

891
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Gov

Әлемде геосаяси текетірес күшейіп, сенім дағдарысы тереңдей түскен шақта бейбітшілік туралы айтылған әрбір салмақты сөз ерекше естіледі. 2026 жылғы 4 ақпанда Абу-Дабиде өткен шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығын тапсыру рәсімінде көрсетілген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейнеүндеуі де дәл осындай мазмұнды әрі уақыт талабына сай мәлімдеме болды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинянды аталған халықаралық марапатқа ие болуымен құттықтап, бұл шешім олардың жауапкершілікке негізделген әрі парасатты көшбасшылығына берілген жоғары баға екенін атап өтті.

«Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісім жолында қол жеткізген жетістігі тарихтың бетбұрыс кезеңі саналады. Бұл қадам диалог жүргізіп, жауапкершілік пен ұстамдылық таныта білсек, ұзақ жылдарға созылған қақтығыстың да түйінін тарқатуға болатынын дәлелдейді. Мемлекеттердің жік-жікке бөлінуі ұлғайып, өзара қарым-қатынастарға көптеп сызат түсе бастаған заманда бұл тәжірибенің маңызы зор. Өйткені аталған мысалдан татуласудың әлсіздік емес, мықтылықтың белгісі екенін көреміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алматы - сенім мен диалог алаңы

Президент үндеуінде Қазақстанға көрсетілген сенімге де арнайы тоқталды. Атап айтқанда, Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келіссөздердің маңызды кезеңдерінің бірін Алматыда өткізу туралы шешімнің саяси және символдық мәні зор екені айтылды.

«Бұл жағдай “сындарлы диалог – орнықты дамудың кепілі” деген ортақ көзқарасымызды айғақтайды. Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі және одан тысқары жерлердегі бейбітшілікті, сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларды дәйекті түрде қолдап келеді», – деді Мемлекет басшысы.

Бұл тұста Алматы тек келіссөз өткен қала ретінде ғана емес, түрлі тараптар ашық сөйлесе алатын бейтарап әрі сенімді алаң ретінде көрініс тапты.

Шейх Заид мұрасы - қағаздағы ұран емес, нақты нәтиже

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде сыйлықтың мәніне де терең тоқталып, бейбітшілікті ілгерілетудегі рөліне айрықша назар аударды. Ол БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға адамзаттық құндылықтарды тұрақты түрде қолдап отырғаны үшін ризашылығын білдірді.

«Шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаянның толеранттық, өзара құрмет пен бейбіт қатар өмір сүру идеалдарына негізделген өшпес өсиет-өнегесі осы марапатта көрініс тапқан. Бұл қағидаттар нақты саяси нәтижеге ұласып отыр. Әзербайжан мен Армения арасында бейбітшілік орнап, ынтымақтастықтың жандануы осы қастерлі аманатқа жаңа мазмұн дарытып, оның аймақтан тыс жерлерде де өзекті екенін көрсетті. Халықаралық қатынастардағы пәрменді құрал ретінде дипломатияға сенімді күшейте түсті», – деді Мемлекет басшысы.

Миллиондарға үміт сыйлаған шешім

Қазақстан Президентінің пайымдауынша, Әзербайжан мен Армения басшыларының бейбітшілікке деген берік ұстанымы тек екі ел үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды сигнал болды. Бұл қадам миллиондаған адамға үміт сыйлап, тату көршілік пен тұрақтылықтың жаһандық күн тәртібіндегі басты басымдықтардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығы 2019 жылы тағайындалған. Ол бейбітшілікке, өзара түсіністікке, халықтар мен мәдениеттер арасындағы ынтымаққа елеулі үлес қосқан тұлғаларды марапаттауға арналған. Әр жылдары бұл сыйлық Рим Папасы Францискке, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке, Иордания Королі II Абдаллаға, Патшайым Ранияға және басқа да беделді қайраткерлерге табысталған.

Бүгін бұл тізімге Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбітшілікке бастар жол да қосылып отыр. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абу-Дабиден жолдаған үндеуі әлемге бір маңызды ойды тағы бір еске салды: шынайы диалог пен саяси ерік болса, ең күрделі қақтығыстардың өзі тарихта қалуы мүмкін.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -