Қазақстан мен Пәкістан арасындағы шахмат саласындағы ынтымақтастық жаңа кезеңге қадам басты. Қазақстан Президентінің Пәкістанға ресми сапары аясында Исламабадта өткен іс-шаралар екі елді тек саясат пен экономика ғана емес, спорт, білім және зият арқылы да біріктіріп жатқанын айқын көрсетті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Шахмат – ортақ тіл
Осы күндері Қазақстан шахмат федерациясы пәкістандық әріптестерімен тәжірибе алмасуды күшейтті. Қазақстандық мамандар жергілікті жастармен және Пәкістанның ұлттық құрамасымен жұмыс істеп, жаттығулар мен турнирлер ұйымдастырды. Бұл бастамалар екі елдің де интеллектіні, инновацияны және жас буынды дамытуға деген ортақ көзқарасын көрсетеді.
Бизнес пен зияттың түйіскен тұсы
Сапар аясында өткен «Қазақстан – Пәкістан» бизнес-форумы да осы идеяны тереңдете түсті. Форумға екі елдің бизнес өкілдері мен мемлекеттік құрылым басшылары қатысты. Спикерлердің бірі – Freedom Holding Corp. CEO әрі Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов – шахматтың сенім қалыптастырудағы ерекше рөлін атап өтті.
«Пәкістанмен бірге шахматты бірнеше жылдан бері дамытып келеміз. Қазақстандық мамандар жергілікті жастармен, соның ішінде ұлттық құрама ойыншыларымен жұмыс жасап жатыр. Осы күндері Исламабадта біздің федерация дайындап, жабдықтаған заманауи шахмат сыныптары ашылуда. Бұл – достығымыздың айқын көрінісі және Қазақстан мен Пәкістанның адами капитал мен болашақ ұрпақты дамытуға зор мән беретінінің белгісі. Сол күні өткен іскерлік форумда зият пен инновацияға деген сұранысты бизнес қоғамдастығы да толық қолдайтыны анық болды. Біздің елдерді жастар, «цифрға» деген сүйіспеншілік және көшбасшылыққа дайындық біріктіреді. Біз бір-бірімізді күшейте аламыз және мұны мемлекет басшыларының саяси еркі мен өзара сенімнің жоғары деңгейіне сүйене отырып жүзеге асырамыз», – деді Тимур Турлов.
Исламабадтағы жаңа шахмат академиясы
Сапардың ең жарқын сәттерінің бірі – Исламабадтағы «Dostyq» спорт орталығында шахмат академиясының ашылуы болды. Іс-шараға Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов қатысты. Федерация академия орналасқан ғимаратты жөндеп, шахматпен жүйелі түрде айналысуға қажетті заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етті.
Ашылу рәсімінде бір жылға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Құжатта:
- жаттықтырушыларға арналған тренингтер
- жас шахматшыларға арналған шеберлік сабақтары
- бірлескен турнирлер қарастырылған.
Сол күні Дәрмен Сәдуақасов Пәкістанның жастар құрамасымен бір мезгілде ойнау сеансын өткізді. Мұндай кездесулер жас ойыншыларға ерекше мотивация беріп, шеберлікті тікелей тәжірибе арқылы көруге мүмкіндік жасайды.

«Біз Пәкістан Шахмат федерациясымен олардың балалары Қазақстандағы жарыстарға келетін болып келістік. Өз тарапымыздан қазақстандық жаттықтырушыларды пәкістандық балалармен жұмыс істеуге жібереміз. Біздің балалар-жасөспірімдер құрамасы әлемдегі ең мықтылардың бірі саналады және біз тәжірибе бөлісуге дайынбыз. Мұнда зор әлеует бар: қазірдің өзінде жеті миллион бала шахматпен айналысады. Заманауи технологиялар мен іріктеу әдістемелерін енгізу қажет. Қазір бұл бастапқы деңгейде тұр», – деді Дәрмен Сәдуақасов.
Білім мен технология экспорты
Бүгінде Қазақстаннан Пәкістанға білім мен технология экспорты қарқын алып келеді. Қазақстандық жаттықтырушылар Исламабадқа барып, чемпиондар дайындау әдістемелерімен бөлісуде. Пәкістандық балалар Қазақстандағы турнирлерге қатысып, жаңа тактикалар мен заманауи дайындық жүйелерін меңгеруде.
Сонымен қатар онлайн жаттығулар мен таланттарды іріктеуге арналған цифрлық платформалар енгізілуде. Бұл – шахматты кеңінен дамытуға және жастарға тең мүмкіндік беруге бағытталған маңызды қадам.

Болашаққа салынған инвестиция
Қазақстан мен Пәкістан арасындағы шахмат ынтымақтастығы – жай ғана спорттық жоба емес. Бұл – болашаққа салынған инвестиция, адами капиталды дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді серіктестік.
Нәтижесінде екі елдің жастары зиятқа, стратегиялық ойлауға және шығармашылыққа басымдық беріп өсуде. Ал дәл осы қасиеттер ертеңгі көшбасшыларды қалыптастырады.

