Алматы мен Чжанцзяцзе арасында: білім, туризм және мәдениетке басымдық

671
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: ҚазҰУ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық әріптестікті нақты іспен нығайтып келеді. Университетке ресми сапармен Қытайдағы Чжанцзяцзе колледжінің делегациясы келіп, тараптар академиялық алмасу, білім беру, туризм және мәдениетаралық диалогты дамыту мәселелерін талқылады. Бұл кездесу екі ел арасындағы білім саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңге шыққанын көрсетті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қонақтарды ҚазҰУ Басқарма мүшесі - академиялық мәселелер жөніндегі проректор Алина Галеева қабылдады. Кездесу барысында университеттің Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен жүйелі түрде серіктестік орнатып отырғаны атап өтілді.

Серіктестік географиясы кеңейіп келеді

Проректордың айтуынша, ҚазҰУ үшін Қытай бағыты стратегиялық маңызға ие. Университет тек келісімдерге қол қойып қана қоймай, оларды нақты білім беру және ғылыми жобалар арқылы жүзеге асыруға басымдық беріп отыр.

«Бүгінде университетіміз серіктестік географиясын белсенді түрде кеңейтуде. Қытайлық әріптестермен ынтымақтастық озық тәжірибе алмасуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бірлескен білім беру және ғылыми жобалар қазірдің өзінде нәтижесін беріп отыр. Біз білім беру саласындағы серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделіміз және келешегі зор бастамаларға ашықпыз», - деді Алина Күлбайқызы.

Бұл ұстаным ҚазҰУ-дың аймақтық емес, халықаралық деңгейдегі білім ордасы ретіндегі рөлін айқындай түседі.

Чжанцзяцзе колледжі: жас, бірақ әлеуеті зор

Делегация жетекшісі, Чжанцзяцзе колледжінің ректоры Цзян Дэбин оқу орны туралы бейнеролик ұсынып, оның негізгі жетістіктеріне тоқталды. Салыстырмалы түрде жас білім беру мекемесі бүгінде 9 факультетте 52 мамандық бойынша 23 мың студентті оқытып отыр.

Ең сұранысқа ие бағыттар қатарында медицина, ақпараттық технологиялар және туризм бар. Бұл салалар ҚазҰУ-дың да ғылыми және академиялық басымдықтарымен үндеседі. Колледждің ерекше мақтанышы - филармония. Мұнда Ресей, Өзбекстан, Украина және Қазақстаннан келген 35 шетелдік музыкант еңбек етеді, бұл оқу орнын мәдениетаралық ықпалдастықтың ерекше алаңына айналдырып отыр.

ҚазҰУ-ға жоғары баға

Сөз соңында Цзян Дэбин ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты дамытуға ерекше қызығушылық білдіріп, университеттің Қытайдағы беделіне тоқталды.

«Қазақстанның жетекші университетімен әріптестік орнату біз үшін зор мәртебе. Туризм және мәдениетаралық өзара іс-қимыл саласындағы бірлескен жұмыс магистранттар мен докторанттарды даярлауда берік негіз болады деп сенемін», - деді мәртебелі қонақ.

Бұл пікір ҚазҰУ-дың халықаралық академиялық кеңістіктегі ықпалының артып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдейді.

Нақты жобаларға жол ашқан кездесу

Кездесу соңында тараптар академиялық алмасу, бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады. Қонақтар үшін университет кампусына, география және табиғатты пайдалану факультетіне, сондай-ақ заманауи ғылыми зертханаларға экскурсия ұйымдастырылды.

Мұндай кездесулер ҚазҰУ үшін тек халықаралық байланыстарды нығайту ғана емес, сонымен қатар студенттер мен жас ғалымдарға жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды қадам. Білім, ғылым және мәдениет тоғысқан бұл диалог алдағы уақытта нақты жобалармен жалғасуы әбден мүмкін.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -