Жазғы демалысты жоспарлап жүрген қазақстандықтар үшін жақсы жаңалық. Қазақстандық лоукостер FlyArystan Түркияның оңтүстігіндегі Газипаша (Аланья) бағыты бойынша тікелей рейстерді қайта іске қосып, сонымен қатар бұл бағытты алғаш рет Алматыдан ашады. Бұл - жағажайға жақын, тыныш курорттарға тез жетуді қалайтын жолаушылар үшін ыңғайлы шешім, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ұшу кестесі қандай болады
Астана - Газипаша (Аланья) бағыты бойынша рейстер 2026 жылғы 11 мамырдан 22 қазанға дейін аптасына екі рет - дүйсенбі және бейсенбі күндері орындалады.
Алматыдан Газипашаға (Аланья) тікелей рейстер 2026 жылғы 13 мамыр мен 24 қазан аралығында сәрсенбі және сенбі күндері жүзеге асырылады.
Осылайша, FlyArystan Түркияға сапарлаудың ең белсенді маусымын толық қамтып отыр - көктемнің соңы мен күздің ортасына дейін.
Неліктен Газипаша таңдалды
Газипаша (Аланья) - Анталья провинциясындағы курорттық қала. Бұл бағыт соңғы жылдары жайлы әрі асықпай демалуды қалайтын туристер арасында танымал бола бастады. Мұнда Антальядағыдай қарбалас аз, ал теңіз, жағажай мен қонақүйлер дәл сол деңгейде.
Газипаша (Аланья) әуежайы Аланья, Махмутлар, Кестель, Оба, Авсаллар және Конаклы курорттарына тез жетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Сиде мен Белекке баратын жолаушылар үшін де логистика ыңғайлы. Трансфер уақытының қысқаруы - демалыстың алғашқы күнін жолға емес, теңізге арнауға жол ашады.
Әуежайдың тағы бір артықшылығы - инфрақұрылымының ықшамдылығы мен жүктемесінің төмендігі. Бұл жолаушыларға тіркеу мен бақылау рәсімдерінен жылдам өтуге және жалпы жол уақытын азайтуға көмектеседі. Сондықтан Газипаша шығыс жағалауға бет алғандар үшін Анталья әуежайына тиімді балама саналады.
Сұраныс тұрақты болғандықтан шешім қабылданды
Авиакомпания бұл бағытты кеңейту кездейсоқ емес екенін атап өтеді.
«Біз FlyArystan халықаралық маршруттық желісін жолаушылар сұранысы мен қажеттіліктеріне сай жүйелі түрде кеңейтіп келеміз. Астанадан Газипашаға (Аланья) маусымдық чартерлік рейс алғаш рет өткен жылдың мамыр айында іске қосылған болатын. Қазақстан мен Түркия арасындағы тұрақты жолаушылар ағыны және бұл бағытқа деген сұраныстың сақталуы Астанадан рейстерді қайта жандандыруға әрі осы бағытты Алматыдан ашуға негіз болды», - деді «FlyArystan» АҚ Президенті Ричард Леджер.
Билеттерді қалай сатып алуға болады
Аталған бағыттар бойынша әуебилеттерін сату туристік оператормен серіктестік аясында, сондай-ақ әуекомпанияның өз арналары арқылы жүзеге асырылады - FlyArystan мобильді қосымшасында және ресми сайтында.
Тікелей рейстердің қайта қосылуы Түркиядағы жазғы демалысты қазақстандықтар үшін бұрынғыдан да қолжетімді етеді. Аз уақыт жолда, көп уақыт жағажайда - Газипаша бағытының басты артықшылығы да осында.