Қазақстан мен CNPC миллиардтық әлеуеті бар жобаларды іске қосуды бастады

1133
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: KMG

Қазақстанның мұнай-газ саласындағы стратегиялық серіктестігі жаңа серпін алды. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Қытайдың CNPC Central Asia және CNPC Kazakhstan компанияларының жаңадан тағайындалған бас директоры Ли Шуфэнмен кездесіп, ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын жан-жақты талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Кездесу мазмұнына қарағанда, тараптар формалды пікір алмасумен шектелмей, алдағы жылдары саланың дамуын айқындайтын нақты жобалар мен басымдықтарға тоқталған.

Геологиялық барлау - болашаққа салынған инвестиция

Келіссөздердің өзегіне геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесі айналды. Сөз жаңа аумақтарды зерттеу, ресурстық базаны толықтыру және инновациялық технологияларды енгізу туралы болды. Әсіресе, мұнай өндіру көлемі жыл өткен сайын азайып келе жатқан Қызылорда облысына ерекше назар аударылды. Бұл өңірде ескі кен орындарындағы қордың сарқылуы салдарынан жаңа шешімдер қажет екені жасырын емес.

ҚазМұнайГаз бұл бағытты стратегиялық маңызды деп санайды. Ұлттық компания 2025 жылы Қызылорда облысындағы Торғай Палеозой учаскесінде 5 500 метр тереңдікте ұңғыма бұрғылап, тәуекелі жоғары, бірақ болашағы зор қадамға барды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде геологиялық барлауды одан әрі жалғастыруға мүмкіндік беретін ғылыми әрі өндірістік перспективалар расталды.

Бірлескен барлау - ортақ мүдде

Жалпы алғанда, ҚМГ мен CNPC геологиялық барлау бағытындағы серіктестікті жандандыруға ниетті. Бұл мақсатта бірлескен жұмыс тобы құрылып, ҚазМұнайГаздың перспективті жобалары бойынша деректер алмасуға арналған бірнеше техникалық сессия өткізілді. Қазіргі уақытта қытай тарапы ұсынылған материалдарды жан-жақты зерттеп жатыр.

Мұндай форматтағы жұмыс екі тарапқа да тиімді: бір жағынан, Қазақстан жаңа технологиялар мен халықаралық тәжірибеге қол жеткізсе, екінші жағынан, CNPC үшін жаңа ресурстық мүмкіндіктер ашылады.

«Өріктау» жобасы - мерзім басты назарда

Кездесуде бірлескен стратегиялық бастамалардың жүзеге асу барысы да талқыланды. Соның ішінде «Өріктау» жобасы ерекше аталды. Бұл жоба аясында кен орнынан Ақтөбе облысындағы Жаңажол газ өңдеу зауытына көгілдір отын жеткізу көзделген.

ҚазМұнайГаз басшысы жобаны іске асыруда бұрын белгіленген мерзімдердің сақталуы аса маңызды екенін атап өтті. Бұл мәселе өңірдің газ балансын қамтамасыз ету мен өндірістік тұрақтылық үшін шешуші мәнге ие.

«Маңғыстаумұнайгаз»: тұрақтылық пен тиімділік

Сонымен қатар «Маңғыстаумұнайгаз» бірлескен кәсіпорнының қызметі қаралды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша компания 6,1 млн тонна мұнай өндірді. Биыл кәсіпорын операциялық тиімділікті арттыруға бағытталған шаралар кешенін жалғастыруды жоспарлап отыр.

Бұл – жетілген кен орындары жағдайында өндірісті тұрақты деңгейде ұстап тұруға бағытталған жүйелі жұмыс.

Шымкент МӨЗ - ішкі нарықтың тірегі

Кездесудің тағы бір маңызды тақырыбы – Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын кеңейту жобасы. Қазіргі 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бұл бастама ішкі нарықтағы мұнай өнімдеріне деген өсіп келе жатқан сұранысты өтеу тұрғысынан стратегиялық маңызға ие.

Қазір тараптар жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу үстінде. Дәл осы құжат алдағы шешімдердің қарқыны мен ауқымын айқындайды.

Ұзақ мерзімге бағытталған әріптестік

Бұл кездесу ҚМГ мен CNPC арасындағы серіктестіктің жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетті. Геологиялық барлау, газ жобалары, мұнай өндіру мен өңдеу – бәрі бір тізбекте қарастырылып, ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталған.

Қазақстан үшін бұл тек инвестиция мен технология ғана емес, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға жасалған маңызды қадам.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -