Астанада Орталық Азиядағы ең ірі техфестиваль басталды

891
Фотосурет: ALEM TECH FEST 2026

Бүгін Қазақстанның астанасы жас таланттар мен инновациялық идеялардың орталығына айналды. EXPO халықаралық көрме орталығында робототехника және STEM бағытындағы Орталық Азиядағы ең ауқымды іс-шара - ALEM TECH FEST 2026 салтанатты түрде ашылды. Фестивальге әлемнің 7 елінен 5 000-нан астам оқушы қатысуда. Іс-шараның бас серіктесі - "Самұрық-Қазына" АҚ, деп хабарлайды DKNews.kz.

15 000 шаршы метр аумақты қамтыған ауқымды технофорум 11-13 ақпан аралығында өтеді. Оның басты мақсаты - инновациялық ойлау мәдениетін қалыптастыру және технологиялық көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеу.

Осы күндері Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Эстония, Вьетнам және Гонконгтан келген қатысушылар жасанды интеллект, дрондар мен робототехника саласындағы өз жобаларын ұсынады.

Іс-шараны USTEM Foundation қоғамдық қоры және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі ("Дарын" РҒПО) ұйымдастырды. Жоба Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің (Smart Sarbaz жобасы аясында), сондай-ақ Astana Hub инновациялық кластерінің стратегиялық қолдауымен жүзеге асырылуда.

Инновация - өндірістің болашағы

Фестивальдің ашылуында "Самұрық-Қазына" АҚ басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов сөз сөйледі:

"Самұрық-Қазына" қоры компаниялар тобында 250 мың адам еңбек етеді. Бұл - ұлттық экономиканың тірегі саналатын ірі өндірістер мен компаниялар. Осындай ауқымды жүйенің тиімді дамуы үшін өндірісте жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану - болашақтың басты талабы. Alem Tech Fest-ке қатысып отырғандар - тек дарынды жаңашылдар мен өнертапқыштар ғана емес, ертең өндірісті жаңғыртып, ел дамуына нақты үлес қосатын мамандар. Бүгінгі идеяларыңыз ертең зауыттарда, энергетикада, көлік пен логистика саласында, цифрлық жүйелерде жүзеге асуы әбден мүмкін. Мұндай жобалар - ел болашағына салынған инвестиция. Сондықтан "Самұрық-Қазына" қоры жастарды қолдауды және адами капиталды дамытуды өз жұмысының маңызды бағыты деп санайды әрі осы іс-шараның бас серіктесі ретінде қатысуда".

Цифрлық экожүйені қалыптастыру алаңы

Сөз кезегін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхамедқалиев жалғастырды. Ол фестивальдің елдің цифрлық экожүйесін қалыптастырудағы маңызын атап өтті:

"Alem Tech Fest - бұл, ең алдымен, инженерлік ойлау мен командалық жұмыстың бірегей экожүйесі. Мұнда біздің балалар мен жастар болашақ инженерлер және жасанды интеллект саласының мамандары ретінде қалыптасады. Фестивальге халықаралық қатысушылар көптеп жиналған, түрлі бағыттар ұсынылған. Өскелең ұрпақтың шын мәнінде талантты екенін және цифрландыру мен робототехникаға деген жоғары қызығушылығын көріп отырмыз. Бұл бастамаларды әрі қарай жүйелі түрде дамыту өте маңызды. Бүгін барлық қатысушыларға шабыт, батыл идеялар және үлкен жетістіктер тілеймін".

Инженерлік кадрлар - қауіпсіздіктің кепілі

Қатысушыларға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев те үн қатты. Ол инженерлік кадрлардың мемлекет қауіпсіздігіндегі рөліне тоқталды:

"Біздің министрлік үшін де, тұтас ел үшін де бұл - жоғары деңгейдегі іс-шара. Бүгінде тек қару-жарақ қана емес, инженерлік құзыреттер де аса маңызды. Сондықтан біз жас инженерлерді маңызды кадрлық резерв ретінде қарастырамыз. Қатысушыларға алдағы күндері нәтижелі жұмыс пен құнды тәжірибе тілеймін. Фестиваль кәсіби өзара іс-қимыл мен пайдалы байланыстар орнатуға жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенемін".

Халықаралық мойындау

Іс-шараның халықаралық мәртебесін АҚШ-тан арнайы келген құрметті қонақ - REV Robotics компаниясының бас директоры Грег Нидел растады. Ол қазақстандық командалардың дайындық деңгейін жоғары бағалады:

"Мен инженерия мен инновацияға қызығушылық танытатын студенттермен кездесу үшін көптеген елдерде болдым, және Қазақстан әлемдік деңгейде ерекшеленіп келеді. Соңғы төрт жыл бойы ұлттық команда FIRST Global жарысында ең жоғары деңгейде жеңіске жетіп келеді. Мұндай тұрақты табыс - мықты көшбасшылықтың, жанашыр тәлімгерлердің және табанды, батыл ойлайтын студенттердің нәтижесі. Жыл сайын осы жетістіктерді көріп, Қазақстанға жеке келіп, бұл қауымдастықтың осындай шеберлікті қалай қалыптастырып жатқанын өз көзіммен көргім келді. Осы аптада жарыстарды тамашалап қана қоймай, сіздермен танысып, роботтарыңызды көріп, идеяларыңызды тыңдап, өзім де үйренуге қуаныштымын".

Алда - тартысты жарыстар

Салтанатты ашылу рәсімінің шарықтау шегі жеті елдің командаларының шеруімен аяқталды. Көрермендердің қошеметімен жас инженерлер үздіктер атағы үшін күресті ресми түрде бастады.

Қатысушыларды Central Asia FIRST Championship турниріндегі тартысты матчтар, Alem Drone League дрон жарыстары, RoboCup Soccer гуманоид роботтар турнирі және Battle of Bots секциясындағы роботтар шайқасы күтуде.

Фестиваль 13 ақпанға дейін жалғасады. Ұлттық кезең жеңімпаздары АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін FIRST Championship әлемдік финалында Қазақстан намысын қорғау құқығына ие болады. Бұл финалға әлемнің түкпір-түкпірінен 50 000-нан астам қатысушы жиналады.

Alem Tech Fest 2026 фестиваліне ақпараттық қолдауды жетекші медиаресурстар - "DKNews.kz" халықаралық ақпарат агенттігі, бизнес пен инновацияға арналған "MyBusiness.kz" онлайн журналы және QalamBalam білім беру порталы қамтамасыз етуде.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -