Ғашықтар күні - тек романтика мен сезімнің мерекесі ғана емес, АҚШ-тағы ең коммерцияланған күндердің бірі. Ұлттық бөлшек сауда федерациясының дерегіне сәйкес, 2026 жылы 14 ақпандағы жиынтық шығыс шамамен 29 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін. Орташа есеппен әр адам 200 долларға жуық қаржы жұмсайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бірақ бұл күнге тек тұтынушы емес, инвестор көзімен қарасақ ше?
Freedom Finance Global талдаушысы Турал Алиевтің пікірінше, Валентин күні өздігінен инвестициялық мүмкіндік туғызбайды. Алайда ол бизнес-модельдердің беріктігін тексеретін ерекше индикатор.
«Мереке инвестициялық құндылықты өздігінен жасамайды, бірақ қай бизнес үлгілерінің сұраныс өскен кезеңде табыс үлесін және орташа төлем көлемін күшейте алатынын, сондай-ақ қайсысы сатылымның ауытқуына осал болып қалатынын тексеруге мүмкіндік береді», - дейді Турал Алиев.
Зергерлік бұйым - немесе акция?
Ғашықтар күні шығысының ең ірі бөлігі зергерлік бұйымдарға тиесілі - шамамен 7 млрд доллар.
Осы сегменттегі ірі ойыншылардың бірі - Signet Jewelers Limited. Kay, Zales, Jared брендтерін біріктіретін компания жаппай нарыққа бағытталған. Яғни, нақты күндер мен оқиғаларға байланысты сатып алуларға сүйенеді.
Signet Jewelers Limited акцияларының динамикасы. Дереккөз: gurufocus.com
Соңғы есепте Signet түсім мен салыстырмалы сатылым өсімін көрсетті. Ең маңызды көрсеткіштердің бірі - сатылған бұйымның орташа бағасы жылдық мәнде 7 пайызға артқан. Бұл компания үшін өте маңызды сигнал.
«Мерекелік кезеңдерде зергерлік компаниялардағы өсім сатылған бұйым саны есебінен емес, қымбаттау сатып алулар есебінен қалыптасады», - деп атап өтеді Алиев.
Егер тұтынушы жоғары баға төлеуге дайын болса, компания сатылым көлемі айтарлықтай өспесе де табыстылығын сақтай алады. Әрине, тәуекел бар - бұл сегмент тұтынушылық кредитке тәуелді әрі циклдік сипатта. Бірақ қазіргі динамика әлсіз кезеңнен кейінгі тұрақтануды көрсетеді.
Мерекелік сұраныс бұл жерде жалғыз драйвер емес, бұрыннан бар оң трендті күшейтетін фактор.
Мейрамхана кешінің орнына дивиденд?
14 ақпандағы шығыстың екінші ірі санаты - мейрамханалар. Америкалықтар бұл күні шамамен 6,3 млрд долларды кешкі ас пен кездесуге жұмсайды.
Бұл сегменттегі ірі ойыншылардың бірі - Darden Restaurants. Olive Garden, LongHorn Steakhouse және Capital Grille желілерін басқаратын компания 2026 қаржы жылында түсім мен салыстырмалы сатылым өсімін күтуде.
Darden Restaurants, Inc. акцияларының динамикасы. Дереккөз: gurufocus.com
Бұл дегеніміз - мерекелік сұраныс қысқа мерзімді серпін берсе де, компанияның жалпы динамикасы онсыз да оң.
Зергерлік нарықпен салыстырғанда, мейрамхана бизнесі орташа чектің өсуіне азырақ тәуелді. Бірақ шығындарға - азық-түлік бағасы, жалақы - әлдеқайда сезімтал.
Сондықтан Darden-нің инвестициялық тартымдылығы маусымдық эффектте емес, брендтердің танымалдығы мен бизнестің ауқымында жатыр.
Бұл жерде мереке - қосымша импульс қана.
Шоколад қорабы ма, әлде ұзақ мерзімді өсім бе?
Тәттілер - сатып алушылар саны бойынша 14 ақпандағы ең танымал сыйлық. Жалпы шығыс көлемі зергерлік бұйымдардан төмен болғанымен, аудиториясы әлдеқайда кең.
Бұл сегменттің көшбасшыларының бірі - The Hershey Company.
The Hershey Company акцияларының динамикасы. Дереккөз: gurufocus.com
2026 жылға арналған болжам бойынша, компания нақты сатылым көлемі төмендесе де, бағаны көтеру есебінен түсім өсімін күтеді. Бұл қазіргі тұтыну моделін көрсетеді: адамдар аз сатып алады, бірақ қымбатырақ таңдайды.
«Баға икемділігі мен кіріс көздері әртараптандырылған бизнес үлгілері ең орнықты болып көрінеді», - дейді Турал Алиев.
Какао бағасы өсіп жатқан жағдайда шығынды тұтынушыға аудара алу қабілеті - тұрақтылықтың басты факторы. The Hershey Company бірнеше маусымдық кезеңге сүйенетіндіктен, бір мерекеге тәуелді емес.
Мерекелік сұраныс түсімді арттырады, бірақ бизнес соған ғана тірелмейді.
Эмоция мен инвестицияның түйіскен жері
Валентин күні инвестициялық мүмкіндік тудырмайды. Бірақ ол компаниялардың беріктігін, баға саясатын және маржаны сақтау қабілетін айқын көрсетеді.
Турал Алиевтің айтуынша, ең тұрақты модельдер - баға икемділігі жоғары әрі табыс көздері әртараптандырылған компаниялар.
Мереке тұтынушылық сектор үшін стресс-тест іспетті. Қазірдің өзінде тұрақтылық танытқан компаниялар қосымша серпін алады. Ал маусымдық сатылымға тәуелді бизнес ұзақ мерзімді инвестор үшін тәуекелі жоғары болып қала береді.
Мүмкін, 2026 жылы ең ерекше сыйлық гүл емес, шоколад емес, мейрамханадағы кеш те емес шығар.
Мүмкін, ол - акция болар.