Қазақстан мен Қытай мегаполистері серіктестікті күшейтеді

1133
Ринат Сафин Редактор
Фотосурет: Gov

Қазақстанның Шанхай қаласындағы Бас консулдығында Шанхай қаласы Халық үкіметінің Сыртқы істер канцеляриясы өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу барысында тараптар Шанхай мен Алматы бауырлас қалалары арасындағы практикалық өзара іс-қимыл мәселелерін, сондай-ақ Астана қаласымен ынтымақтастық перспективаларын талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жол картасын әзірлеу басты тақырып болды

Кездесудің негізгі тақырыбы 2026–2028 жылдарға арналған Алматы қаласы әкімдігі мен Шанхай мэриясы арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Практикалық іс-қимыл жоспарын пысықтау болды.

Тараптар бұл құжат екі мегаполис арасындағы байланыстарды тереңдетудің және ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын жүйелі дамытуға негіз болатынын атап өтті.

Шанхай мэрінің сапары жоспарлануда

Қазақстанның Шанхайдағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров екіжақты қатынастарды іске асыруды оңтайландырудың маңыздылығына тоқталды. Ол Алматы әкімдігі мен Шанхай мэриясы арасындағы Жол картасын қабылдаудың, сондай-ақ биыл Шанхай мэрі Гун Чжэннің Алматыға сапарын ұйымдастырудың өзектілігін атап өтті.

Шанхай Сыртқы істер канцеляриясы басшысының орынбасары Фан Сяо өз кезегінде негізгі қалалар арасындағы практикалық өзара іс-қимылды күшейту қажеттігін айтты. Қытай тарапы ағымдағы жылдың бірінші жартысында Шанхай мэрінің Алматы мен Астанаға сапарын ұйымдастыруды ұсынды.

Инвестициялық ынтымақтастыққа ерекше назар

Фан Сяо 2026 жылғы 26–28 наурыз аралығында «Шанхай шығыс торабы» халықаралық коммерциялық ынтымақтастық аймағында Шет ел инвестициялары конференциясының бірінші жиыны өтетінін хабарлады.

Қытай тарапы бұл іс-шараны жыл сайын өткізіп тұруды жоспарлап отырғанын және оған қазақ тарапын шақырды. Бас консул инвестициялық ынтымақтастықты нығайту мақсатында конференцияға қатысуға дайын екенін білдірді.

Әуе қатынасы мен мәдени байланыстарды кеңейту ұсынылды

Кездесу барысында Алматы мен Шанхай арасындағы әуе рейстері санын арттырудың маңыздылығы атап өтілді. Бұл қадам туризмнің, іскерлік сапарлардың және сауда-экономикалық байланыстардың дамуына серпін беретіні айтылды.

Сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың өзара мәдениет жылы аясында екі қала арасында бірлескен мәдени іс-шаралар өткізудің өзектілігіне назар аударылды.

Референдум туралы ақпарат берілді

Нұрлан Аққошқаров кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар туралы да айтты.

Дипломат жаңа Конституция жобасын қабылдау үшін 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өтетінін, оның ел дамуы үшін маңызды кезең болатынын атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -