АҚШ-тың Вашингтон қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің инаугурациялық отырысына қатысып, саммит мінберінде сөз сөйледі. Іс-шара Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Президент жиын қатысушыларына ілтипат білдіріп, тарихи бастаманы ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президентіне алғыс айтты.

Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында өтіп жатқан кездесуіміз батыл әрі прагматикалық әрекеттер шешуші рөл атқаратын кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – түпкі мәні игі тілекке ғана негізделген қарар қабылдайтын конференция емес, керісінше, нақты әрі мақсатты шаралар арқылы бейбіт әлем құруға үлес қосатын жиын. Президент мырза, Сіздің жаһандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілетуді көздейтін айқын мұратыңыз бен көреген қадамдарыңыз еліміздің Бейбітшілік кеңесіне қосылуына түрткі болды, – деді Президент.
Бейбітшілік кеңесінің миссиясы
Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңесті қазіргі заман талабына сай, көпжақты күш-жігерді біріктіретін жаңа ұйым ретінде бағалады.

Әлемде мұндай бастама көтерілген жоқ. Расында, бұл бұрын-соңды болмаған бетбұрыс. Өйткені бірге күш-жігер жұмылдырудың арқасында «Жасампаздық арқылы бейбітшілік» атты жаңашыл тұжырымдаманы немесе жобаны іске асыруға барлық мүмкіндік бар. Сондықтан, Президент мырза, Сіздің нақты іс-әрекет қана бейбітшілікке берік негіз қалайды деген ұстанымыңызды толық құптаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстанның Газадағы бастамалары
Президент Қазақстанның Газа секторындағы ахуалды тұрақтандыру және қалпына келтіру жұмыстарына қатысуға дайын екенін жеткізді.

Қазақстан іскерлік және кәсіби беделі жоғары деңгейдегі халықаралық компанияларды тарта отырып, аймақты қайта қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына қатысуға ниетті. Бұл бағдарлама бойынша инфрақұрылым жасақтауға, үйлер мен тұрғын үй кешендерін, мектептер, ауруханалар және басқа да маңызды әлеуметтік нысандарды салуға болады. Әлемдегі ең ірі бидай өндірушілердің бірі саналатын еліміз Газа мен одан тысқары жерлердегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін гуманитарлық көмек көрсетуге дайын. Қазақстан палестиналық студенттердің университеттерімізде білім алуы үшін бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлуді жоспарлап отыр. Біз халықаралық деңгейде мойындалған электрондық үкімет саласындағы тәжірибемізбен және басқа да цифрлық шешімдермен бөлісе аламыз. Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір. Яғни далалық госпиталь құру үшін бір топ медицина маманын, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге даяр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Аймақтық тұрақтылық және жаңа қадамдар
Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін жаңа тәсілдер қажет екенін атап өтті.

Аталған ұстанымға арқа сүйей отырып, Қазақстан Ибраһим келісімдеріне қосылу жөнінде шешім қабылдады. Осылайша, біз аймақта және одан тысқары жерлерде прагматикалық экономикалық әрі гуманитарлық ынтымақтастыққа үлес қосамыз. Бұл Бейбітшілік кеңесінің ізгі мұратына толық сай келеді, – деді Президент.
Қазақстанның ұсыныстары
Президент Бейбітшілік кеңесінің бастамаларын қолдау мақсатында Қазақстан түрлі деңгейдегі кездесулер өткізуге дайын екенін растады.

Сонымен қатар Бейбітшілік кеңесі аясында Президент Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынамын. Бұл – оның бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі ғаламат жетістіктеріне көрсеткен құрметіміз болмақ. Сіздің тегеурінді әрі көреген басшылығыңызбен Кеңес өзінің тарихи ізгі миссиясын абыроймен атқаратынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Саммитке әлем көшбасшылары қатысты
Жоғары деңгейдегі жиында көптеген мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйым өкілдері сөз сөйледі.
Олардың қатарында:
- АҚШ Вице-президенті Джей Вэнс
- Мемлекеттік хатшы Марко Рубио
- Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа
- Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни
- Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев
- Индонезия Президенті Прабово Субианто
Жиында Газа секторын қалпына келтірудің инфрақұрылымдық, қауіпсіздік және қаржылық жоспары таныстырылды.
Трамптың бағасы

Дональд Трамп өз сөзінде Газадағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және қалпына келтіруге атсалысқаны үшін қатысушыларға ризашылығын білдірді. АҚШ Президенті Кеңеске қатысушы елдердің басшыларын жаһандық көшбасшылар деп атап, Қазақстанды керемет әрі бай ел ретінде сипаттады.
