Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы «С5+1» форматы шеңберінде мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері бойынша Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізд, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кеңес жұмысына дипломатиялық корпустың өкілдері, оның ішінде АҚШ-тың Қазақстандағы жаңадан тағайындалған елшісі Джули М. Стаффт, халықаралық компаниялар, іскер қоғамдастық және мемлекеттік органдардың басшылығы қатысты.
Конституциялық реформалар мен инвестициялық саясат
Отырысқа қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Премьер-министр елдегі саяси реформалардың маңыздылығына тоқталды.

«Қазақстан маңызды саяси кезеңнен өтуде. 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумда азаматтар жаңа Конституцияның жобасы бойынша дауыс береді. Жаңа Конституция Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Әділетті әрі Қуатты Қазақстан құруға бағытталған ауқымды саяси реформаларын айқын көрсетеді. Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздің орнықты экономикалық өсуін қамтамасыз ету арқылы азаматтардың табысын арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту. Осы мақсатқа жету үшін жаңа инвестициялық циклді толыққанды іске қосуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда», — деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар ол Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысына назар аударды.
«Кеше Мемлекет басшысы Бейбітшілік кеңесінің бірінші отырысына қатысып, АҚШ Президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бастамасына қолдау білдірді. Қазақстан Газаны қалпына келтіру үдерістеріне қатысуға мүдделі. Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынастардың орнықты дамуы Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді», — деді Премьер-министр.
Қазақстан–АҚШ экономикалық байланыстары
АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули М. Стаффт екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонда жаһандық аренада сөйлеген сөзі әсерлі болды. Біз бүгінгі таңда жоғары деңгейде орныққан екіжақты қарым-қатынастарымыздың одан әрі кеңеюін күтеміз. Коммерциялық ынтымақтастығымыз 2025 жылы рекордтық көрсеткішке жетті. Тек 2025 жылдың 4-тоқсанының өзінде қазақстандық және америкалық компаниялар арасындағы мәмілелер көлемі $17 млрд-қа жетті. Бұл нәтижелер біздің көзқарасымыздың бір екенін және екі елдің экономикалық өсімін көрсетеді», — деді елші.
Инвесторлар көтерген негізгі мәселелер
Кеңесте инвесторлар бизнес үшін ашық әрі болжамды орта қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Талқылауда негізгі назар мына бағыттарға аударылды:
- ұзақмерзімді капитал тарту
- технологиялар мен халықаралық тәжірибелерді енгізу
- инфрақұрылымды дамыту
- цифрландыру және өндірісті локализациялау
- тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету
Ірі жобалар мен бастамалар
Отырыста бірқатар нақты жобалар мен инвестициялық жоспарлар таныстырылды.

«Ситибанк Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы Сәуле Жақаева теміржол, авиациялық және аэронавигациялық инфрақұрылымды жаңғырту үшін US EXIM кепілдігімен қаржыландыру тартылғанын айтты.

Eurasia Group Kazakhstan өкілі Сергей Глокке Қазақстанда John Deere техникасын өндіруді локализациялау және агроөнеркәсіптік кооперацияны кеңейту жоспарларын таныстырды.

Wabtec Corporation вице-президенті Ғайни Дүйсенова компания Қазақстанда локомотив өндірісін ұлғайту және цифрлық технологияларды енгізу арқылы өндірісті кеңейтуді жоспарлап отырғанын хабарлады.

Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов OpenAI және NVIDIA-мен келісімдер Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Deloitte Kazakhstan өкілі Елдос Сыздықов салық реформасының бизнес ортаның ашықтығын арттыруға бағытталғанын жеткізді.

Үкіметтің басым міндеттері
Көтерілген мәселелер бойынша Қаржы және Сыртқы істер министрліктерінің басшылары пікір білдірді.
Жиынды қорытындылай келе, Олжас Бектенов Қазақстан халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтіп, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға бейілді екенін айтты.
Үкімет жаһандық технологиялық тізбектерге қосылу үшін халықаралық компанияларды тартуға және цифрлық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударатыны атап өтілді.
Жауапты мемлекеттік органдарға Америкалық сауда палатасымен бірлесіп инвесторлар ұсыныстарын ескере отырып, нақты жұмыс жүргізу тапсырылды.