Әлемдік экономика жаңа кезеңге аяқ басты. Бұрын өсімнің негізгі қарқынын дамыған мемлекеттер айқындаса, қазір жаһандық экономикалық динамиканы Азия мен дамушы нарықтар қалыптастырып отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2026 жылы әлемдік экономика 3,1%-ға өседі. Алайда басты сұрақ - осы өсімді кім қамтамасыз етеді? Сарапшылардың бағалауынша, жаңа экономикалық картада негізгі рөлді Қытай мен Үндістан атқарады.
Азия - әлемдік өсімнің басты қозғаушы күші
Қытай жаһандық экономиканың жетекші драйвері болып қала береді. 2026 жылы ел әлемдік нақты ЖІӨ өсімінің 26,6%-ын қамтамасыз етеді деп күтілуде. Экономиканың өсу қарқыны 4,2% деңгейінде болғанымен, Қытай экономикасының көлемі оның жаһандық ықпалын сақтап отыр.
Екінші орында Үндістан тұр. 6,2% өсім көрсететін ел әлемдік экономикалық өсімнің 17%-ын береді.
Осылайша, Қытай мен Үндістан бірігіп, 2026 жылғы жаһандық өсімнің 43%-дан астамын қалыптастырады. Бұл әлемдік экономикалық орталықтың Азияға қарай жылжып жатқанын айқын көрсетеді.
АҚШ пен Еуропа: тұрақтылық бар, бірақ қарқын баяу
Дамыған экономикалар арасында ең үлкен үлес АҚШ-қа тиесілі. 2026 жылы Америка экономикасы 2,1%-ға өсіп, жаһандық өсімнің 9,9%-ын қамтамасыз етеді.
Еуропаның жиынтық үлесі шамамен 9,5% деңгейінде. Германия, Франция, Италия және Испания секілді елдер маңызды рөл атқарғанымен, халық санының қартаюы, қаржыландырудың қымбаттауы және қатаң фискалдық саясат аймақтың экономикалық белсенділігін тежеп отыр.
Нәтижесінде дәстүрлі экономикалық орталықтар өсім қарқыны жоғары дамушы елдерге біртіндеп орын беруде.

Дамушы нарықтар жаңа экономикалық күшке айналуда
Соңғы жылдары дамушы нарықтар жаһандық өсімнің негізгі көздерінің біріне айналды. Алғашқы ондыққа Индонезия, Түркия, Сауд Арабиясы, Мысыр, Вьетнам, Бразилия және Нигерия кірді.
Бұл елдердегі болжамды өсім 3,7%-дан 5,6%-ға дейінгі аралықта. Мұндай динамика ішкі сұраныстың артуы, урбанизация, инвестициялар және индустриялық дамумен байланысты.
Сарапшылар мұны жаһандық өндіріс пен сауда құрылымының өзгеріп, жаңа экономикалық орталықтардың қалыптасуымен байланыстырады.
Қазақстанның позициясы
Жаһандық өзгерістер аясында Қазақстан да тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2026 жылы ел экономикасы 4,8%-ға өседі деген болжам бар. Қазақстанның әлемдік нақты ЖІӨ өсіміндегі үлесі 0,7% деңгейінде.
Бұл көрсеткіш ірі экономикалармен салыстырғанда шағын көрінгенімен, аймақтық тұрғыда маңызды динамиканы білдіреді. Қазақстан жаһандық өсімге үлес қосатын елдердің алғашқы 25-тігіне еніп, өсіп келе жатқан өңірлік экономика мәртебесін растады.
2026 жылғы жаһандық нақты ЖІӨ өсіміне үлес қосатын 30 ел
-
Қытай - 26,6%
-
Үндістан - 17,0%
-
АҚШ - 9,9%
-
Индонезия - 3,8%
-
Түркия - 2,2%
-
Сауд Арабиясы - 1,7%
-
Мысыр - 1,7%
-
Вьетнам - 1,6%
-
Бразилия - 1,5%
-
Нигерия - 1,5%
-
Бангладеш - 1,3%
-
Филиппин - 1,3%
-
Ресей - 1,1%
-
Польша - 1,0%
-
Германия - 0,9%
-
Ұлыбритания - 0,9%
-
Пәкістан - 0,9%
-
Малайзия - 0,9%
-
Аргентина - 0,9%
-
Испания - 0,9%
-
Оңтүстік Корея - 0,9%
-
Мексика - 0,8%
-
Қазақстан - 0,7%
-
БАӘ - 0,7%
-
Жапония - 0,6%
-
Франция - 0,6%
-
Канада - 0,6%
-
Тайвань - 0,6%
-
Австралия - 0,6%
-
Италия - 0,5%
Жаңа экономикалық шындық
Бұл рейтинг әлемдік экономиканың құрылымдық өзгерісін айқын көрсетеді. Азия, Таяу Шығыс және дамушы нарықтар жаһандық өсімнің негізгі драйверлеріне айналып отыр.
Қазақстан үшін топ-25-ке ену - экономиканың тұрақтылығы мен әлеуетінің белгісі. Елдің өсімі ішкі сұраныстың кеңеюі, инфрақұрылымдық жобалар, транзиттік мүмкіндіктер және энергетика саласындағы инвестициялармен байланысты.
Ұзақмерзімді перспективада Қазақстан Еуразиядағы транзиттік және инвестициялық хаб ретінде позициясын күшейтіп, жаһандық экономикалық өсімнің маңызды қатысушыларының бірі бола алады.