Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Женевада өткен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 61-сессиясында және Қарусыздану конференциясының жоғары деңгейлі сегментінде сөз сөйледі, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жиындарға 100-ден астам мемлекет пен халықаралық ұйымдардың жоғары өкілдері қатысты. Олардың қатарында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссар Фолькер Тюрк болды.

Адам құқықтары — реформалардың өзегі
Сөз барысында Қазақстанның адам құқықтарын қорғау мен ілгерілетуге берік ұстанымы атап өтілді.

Ержан Ашықбаев еліміздегі жүйелі реформалардың нәтижесін таныстырды.
«Қазақстан адам құқықтарын қорғауды бостандықтың, әділеттіліктің және орнықты бейбітшіліктің іргелі негізі ретінде қарастырады», — деді ол.
Сондай-ақ «Әділетті Қазақстан» бағыты аясында ұлттық құқық қорғау архитектурасын нығайту шаралары таныстырылды.
Конституциялық реформаға ерекше назар аударылды
Қазақстан өкілі жаңа Конституция жобасының басты мақсаты адамға бағдарланған мемлекет моделін қалыптастыру екенін айтты.
Жоба:
- құқықтар мен бостандық кепілдіктерін кеңейтуді
- цифрлық кеңістіктегі құқықтарды қорғауды
- «Заң және Тәртіп» қағидатын нығайтуды
көздейді.

Халықаралық бастамалар ұсынылды
Қазақстан көпжақты жүйені қолдайтынын тағы растады.
БҰҰ алаңында еліміздің бірқатар бастамалары ұсынылды:
- халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси адалдықты нығайту
- Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін дамыту
- Алматыда БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары орталығын іске қосу
- өңірлік экологиялық саммит өткізу
- БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру
Ядролық қарусыздану — басты басымдықтардың бірі
Қарусыздану конференциясында Қазақстан көпжақты келіссөздердің маңызын атап өтті.
Сондай-ақ 2026 жылғы маңызды мерейтойлық даталарға назар аударылды:
- Семей ядролық полигоны жабылғанына — 35 жыл
- Ядролық сынақтарға тыйым салу шартына — 30 жыл
- Орталық Азия ядролық қарудан азат аймақ шартына — 20 жыл
Қазақстан алдағы халықаралық шолу конференциялары қарсаңында жаһандық диалогқа жәрдемдесуге дайын екенін мәлімдеді.

Стратегиялық диалогты жандандыру ұсынылды
Сөз барысында ядролық державалар арасындағы диалогты күшейту қажеттігі айтылды.
Қазақстан биологиялық қаруға тыйым салу конвенциясын нығайту және халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру бастамасын да көтерді.
Қорытындысында қазақстандық тарап мемлекеттерді халықаралық қауіпсіздікті нығайту үшін келіссөздерді жандандыруға шақырды.