Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, Әмірліктер басшылығы мен халқына қолдау сөзін жеткізді.
Қақтығыс салдарына алаңдаушылық
Президент қарулы қақтығыс барысында БАӘ-нің азаматтық инфрақұрылымына зақым келгеніне қынжылыс білдірді.
«Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерін достас әрі бауырлас ел ретінде қарастырады, қажет жағдайда қал-қадерінше көмектесуге дайын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы азаматтық нысандарға және Шығанақтағы өзге елдерге жасалған шабуылдар қатаң айыпталуы тиіс екенін атап өтті.
Өзара қолдау және серіктестік
Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Қазақстанның қолдауын жоғары бағалап, халықаралық дағдарыс жағдайында көмек көрсетуге дайын екені үшін ризашылығын білдірді.
Әңгімелесу барысында тараптар:
- екі ел арасындағы достық қатынастарды нығайтуға
- стратегиялық серіктестікті дамытуға
- өзара саяси диалогты жалғастыруға
бейілді екенін растады.
Рамазан айына ізгі тілектер
Сөйлесу соңында екі ел көшбасшылары қасиетті Рамазан айына орай Қазақстан мен БАӘ халқына бейбітшілік, амандық және бақ-береке тіледі.