Қазақстан мен Қытай жаңа инвестициялық кезеңді бастады

1067
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: UKIMET
Қазақстан қалдықтарды энергия көзіне айналдыруға бет бұрды. Үкімет екі апта ішінде үш ірі қалада Waste-to-Energy зауыттарын салу жөніндегі инвестициялық келісімді аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды DKNews.kz.
 
 
Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу және олардан электр энергиясын өндіру бағытындағы ең ірі жобалардың бірі жаңа кезеңге өтті. Премьер-министр Олжас Бектенов China Tianying Inc. компаниясының президенті әрі партия комитетінің хатшысы Дэбяо Цаомен кездесіп, өңірлерде заманауи қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату зауыттарын салу мәселесін талқылады.

Кездесудің басты нәтижесі – Үкіметтің инвестициялық келісімді жедел аяқтауға нақты тапсырма беруі болды.

«Экология министрлігі өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, компаниямен келіссөздердің соңғы кезеңін жеделдетілген тәртіппен жүргізуі және екі апта ішінде Қазақстанның кемінде үш ірі қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату зауыттарын салуды көздейтін Инвестициялар туралы келісімді бекітуге ұсынуы тиіс», — деп тапсырды Олжас Бектенов.

Қазақстан мен Қытай әріптестігі жаңа қарқын алды

Премьер-министрдің айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыс мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің сенімге негізделген диалогының арқасында жаңа деңгейге көтерілген.

«Екі ел көшбасшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин арасындағы сенімге негізделген сындарлы диалогтің арқасында екіжақты ынтымақтастық экономиканың барлық саласында қарқынды дамып, жаңа деңгейге көтерілуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы $48 млрд-қа жетті. Үкімет екі мемлекет басшылары айқындаған өзара сауда көлемін екі есеге арттыру жөніндегі міндеттерді орындау үшін бар күш-жігерін жұмылдырып жатыр», — деді Олжас Бектенов.

Бүгінде екі елдің қатысуымен жалпы құны 13,3 миллиард долларды құрайтын 77 бірлескен жоба іске асырылып, 21,6 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Сонымен бірге, болашақта жүзеге асырылатын 269 жоба инвестициялық портфельге енгізілген.

Қоқыс енді электр энергиясына айналады

Waste-to-Energy технологиясы әлемнің көптеген елінде қалдықтарды азайтып қана қоймай, қосымша электр энергиясын өндірудің тиімді тәсілі ретінде кеңінен қолданылады.

Қазақстанда дәл осындай кәсіпорындар қазірдің өзінде Астана, Алматы және Шымкентте салынып жатыр. Алдағы уақытта мұндай жобаларды басқа өңірлерде де жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Кездесу барысында әсіресе тәулігіне 250-500 тоннаға дейін қалдық өңдейтін шағын зауыттар салу мәселесіне ерекше назар аударылды. Мұндай кәсіпорындар халқы аз өңірлер үшін анағұрлым тиімді шешім ретінде қарастырылуда.

China Tianying қандай компания?

China Tianying Inc. қалдықтарды қайта өңдеу және энергетикалық кәдеге жарату саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар халықаралық компания саналады.

Компания бүгінде әлемнің 30-дан астам елінде, соның ішінде Сингапур, Франция және Мальдив аралдарында жұмыс істейді.

Компания президенті Дэбяо Цао өндірістік технологиялардың халықаралық экологиялық талаптарға толық сәйкес келетінін айтты.

«Біз екі негізгі бағытта жұмыс істейміз: қоршаған ортаны қорғау жобаларын жүзеге асыру және жаңа энергетика саласындағы технологияларды дамыту. Қазіргі уақытта компания зауыттарының қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу қуаты тәулігіне 4 мың тоннаны құрайды. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш тәулігіне 7 мың тоннаға дейін артатын болады. Компания техникалық шешімдерді әзірлеу, жабдықтарды өндіруден бастап, құрылыс жұмыстарын жүргізу, нысандарды пайдалануға беру және оларды кейінгі сервистік қызметпен қамтамасыз етуге дейінгі толық өндірістік циклді жүзеге асырады», — деді ол.

Қазақстанда қандай зауыттар салынып жатыр?

Қазіргі уақытта үш ірі қалада қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобалары іске асырылуда.

  • Алматыда Junxin Environmental Protection компаниясы тәулігіне 2 мың тонна коммуналдық қалдықты өңдеп, 60 МВт электр энергиясын өндіретін зауыт салуда. Жобаға 145,5 млрд теңге инвестиция тартылған.
  • Астанада EAST HOPE компаниясы тәулігіне 1500 тонна қалдықты өңдеп, 50 МВт электр энергиясын өндіретін кешен тұрғызуда. Инвестиция көлемі – 94,4 млрд теңге.
  • Шымкентте Shaanxi Construction Engineering Kazakhstan Co., Ltd тәулігіне 1000 тонна қалдықты өңдеп, 24 МВт электр энергиясын өндіретін зауыттың құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл жобаға шамамен 54 млрд теңге инвестиция салынған.

Жалпы алғанда, үш кәсіпорынның құрылысына 293,3 млрд теңге инвестиция бағытталған. Олар тәулігіне 4,5 мың тонна қалдықты өңдеп, 134 МВт электр энергиясын өндіреді және 300-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашады.

Жаңа жобалар қай қалаларда іске асуы мүмкін?

Үкіметтің мәліметінше, осыған ұқсас Waste-to-Energy жобаларын Ақтөбе, Атырау, Қарағанды және еліміздің басқа да қалаларында жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Қалдықтарды өңдеу жобалары Инвестициялар туралы келісімдер тетігі арқылы іске асырылады. Ал өндірілетін электр энергиясына мемлекет 1 кВт/сағат үшін 55 теңгеге дейінгі тариф бекіткен.

Егер жоспарланған келісімдер белгіленген мерзімде рәсімделсе, Қазақстанда қалдықтарды өңдеу инфрақұрылымы едәуір кеңейіп, экологиялық жүктемені азайтумен қатар жаңа энергия көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -