Тоқаев Қытайдың IT алпауыттарын Қазақстанның цифрлық болашағын бірге құруға шақырды

1716
Мәдина Есенова Редактор
Фотосурет: Ақорда

Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық әріптестік жаңа кезеңге өтті.

Шанхайда өткен кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жетекші компанияларының басшыларын Қазақстандағы ірі жобаларға белсенді қатысуға шақырып, жасанды интеллектен бастап цифрлық логистикаға дейінгі жаңа бағыттарды таныстырды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Шанхайдағы Қытай бизнесінің жетекші өкілдерімен өткен «дөңгелек үстелде» Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгенін айтты. Президенттің сөзінше, бүгінде екі ел тек сауда-саттықты арттырумен шектелмей, болашақтың экономикасын бірге қалыптастыруға бет бұрған.

«Екіжақты байланыстарымыз бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Біз Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа "алтын отыз жылдығына" бірге қадам бастық. Елдеріміздің ықпалдастығы мүлде жаңа сапалық деңгейге шықты деп айтуға болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Рекордтық сауда және миллиардтаған инвестиция

Президент келтірген мәліметтерге сәйкес, өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 49 миллиард долларға жетіп, тарихи рекорд орнатты. Ал Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестиция көлемі 30 миллиард доллардан асты.

Қазір елімізде қытай капиталы қатысатын 8500-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында CNPC, CITIC және Huawei секілді ірі халықаралық компаниялар бар.

Сонымен бірге Қазақстанда бірқатар жаңа өндірістер іске қосылып жатыр. Sinopec газ-химия кешенін салуға қатысса, Fufeng Group жүгеріні терең өңдеу жобасын жүзеге асыруда. Ал Lihua Group мақта-тоқыма кластерін дамытып жатыр. Бұдан бөлек, HOWO, Yutong, JAC, Changan, Great Wall Motor және Chery брендтерінің өндірісі Қазақстанда жолға қойылған.

Жасанды интеллект пен дата-орталықтар: жаңа ставка

Кездесудің басты тақырыптарының бірі – цифрлық экономика болды.

Президент Қазақстан жасанды интеллектіні елдің болашақтағы экономикалық өсімінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастыратынын айтты.

Осы ретте ол Екібастұзда салынатын Data Center Valley жобасына ерекше тоқталды. Президенттің айтуынша, бұл жоба Қазақстанды ғана емес, бүкіл Орталық Азияны қамтитын цифрлық инфрақұрылымның негізгі тірегіне айналуы тиіс.

«Басты мақсат – деректерді өңдеу орталықтарын, бұлтты сервистерді және жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға арналған халықаралық деңгейдегі платформа қалыптастыру», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, жоба тек дата-орталықтармен шектелмейді. Оның айналасында суперкомпьютерлер, AI-зертханалар, ғылыми орталықтар, стартаптар мен экспортқа бағытталған цифрлық қызметтерді біріктіретін толыққанды инновациялық экожүйе қалыптасады.

Қазақстан Еуразияның цифрлық логистика орталығына айналмақ

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Қытайды Орталық Азия, Кавказ, Таяу Шығыс және Еуропамен байланыстыратын негізгі көлік-логистика хабы болу екенін мәлімдеді.

Бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол жүктерінің шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді.

Президент халықаралық тасымалдың болашағы тек теміржол немесе автомобиль жолдарымен емес, цифрлық технологиялармен анықталатынын айтты. Осы мақсатта Қазақстан Smart Cargo бірыңғай цифрлық платформасын дамытып жатыр.

«Деректер цифрлық желі арқылы қалай тез жіберілсе, тауарлар да шекарадан дәл сондай жылдам әрі тиімді өтетін кеңістік құруымыз керек», – деді Президент.

AgriTech: Қазақстан ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығармақ

Президент ауыл шаруашылығы саласында да цифрлық технологиялардың маңызы артып келе жатқанын айтты.

Оның сөзінше, Қазақстан қатарынан екі жыл 27 миллион тонна астық жинап, рекордтық нәтижеге қол жеткізді. Қазір елімізде 200-ден астам "ақылды ферма" жұмыс істейді, ал тағы жүздеген шаруашылық цифрлық шешімдерді енгізіп жатыр.

Дрондар, спутниктік мониторинг, дәлме-дәл егіншілік және жасанды интеллект агроөнеркәсіптің негізгі құралдарының біріне айналуда.

«Бұл мақсатқа жетудің төте жолы – жасанды интеллект, роботтандыру және Industry 4.0 технологиясын енгізу», – деді Мемлекет басшысы.

Алатау – болашақтың цифрлық қаласы

Президент сөзінде Алатау қаласының құрылысына да ерекше назар аударды.

Оның айтуынша, жаңа қала Digital by Default қағидаты бойынша дамиды. Мұнда Smart City технологиялары, интеллектуалды көлік жүйесі, цифрлық төлемдер, блокчейн, токендеу және криптоиндустрияны дамытуға арналған құқықтық орта қалыптастырылады.

Сонымен қатар жоба қатысушылары Астана халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалана алады.

«Алатау қаласы алдағы уақытта Еуразиядағы таланттардың, технологиялар мен инвестициялардың жаңа орталығы болады деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Қытай инвесторларына не ұсынады?

Президент сөзінің соңында Қазақстанның басты мақсаты тек инвестиция тарту емес екенін айтты.

Ел жаңа технологияларды бірге әзірлеуге, ғылыми зерттеу орталықтарын ашуға, жоғары қосылған құнды өндірістерді дамытуға және білім экономикасын қалыптастыруға басымдық береді.

«Қазақстан қытайлық инвесторлар үшін әрдайым қолайлы бизнес орта жасауға дайын. Біз инвестицияларды қорғауға заң жүзінде кепілдік береміз. Заманауи инфрақұрылым мен білікті кадрлар ұсынып, жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетеміз. Мақсатымыз – тек капитал тарту емес», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пікірінше, дәл қазір Қазақстан мен Қытайдың технологиялық серіктестігі Еуразиядағы жаңа экономикалық кезеңнің негізін қалыптастыра алады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -