Орталық Азияның қаржы нарығы жаңа технологиялық кезеңге аяқ басып келеді. 11 қыркүйекте Алматыда банк басшылары, финтех-компаниялар, мемлекеттік сектор өкілдері мен жетекші сарапшылар Central Asia Fintech Summit 2026 алаңында бас қосады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Саммит «Целинный» заманауи мәдениет орталығында өтеді. CAFS 2026-ның басты тақырыбы — «Сенім дәуірі: алдағы онжылдықтағы қаржы нарығы қандай болмақ».
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Ұлттық төлем корпорациясы және Kazakhstan Fintech Network ұйымдастырады.

Қаржы нарығының архитектурасы өзгереді
CAFS 2026 бағдарламасының өзегінде жекелеген финтех-өнімдер емес, алдағы жылдары бүкіл қаржы нарығының құрылымын өзгертуі мүмкін үрдістер тұр.
Ірі қаржы институттары мен финтех-компаниялардың басшылары жаңа буын төлем жүйелерінің болашағын, цифрлық қаржыны дамыту бағыттарын және трансшекаралық мүмкіндіктерді талқылайды.
Орталық Азия үшін бұл мәселе барған сайын практикалық сипат алып келеді. Банктер, төлем компаниялары мен мемлекет енді тек жекелеген цифрлық сервистерді емес, түрлі платформалар мен нарықтарды байланыстыратын ортақ инфрақұрылымды дамытуға бет бұрып отыр.
Саммитте цифрлық қаржы активтері үшін жаһандық бәсекелестік мәселесі де жеке қаралады.
Жасанды интеллект эксперименттен нақты экономикаға көшеді
CAFS 2026-ның негізгі тақырыптарының бірі — жасанды интеллект.
Сарапшылар технологияның өзін ғана емес, оны нақты экономикада тәжірибелік тұрғыдан қолдану жолдарын талқылайды. Әңгіме қаржы сервистерінен бастап деректерді өңдеу мен автоматтандырылған шешімдерге дейінгі кең ауқымды қамтиды.
Қаржы нарығы цифрланған сайын қадағалау жүйелеріне қойылатын талап та күшейеді.
Төлемдер бірнеше секундта жүретін ортада тәуекелдерді анықтау мен оларға жауап беру де жылдам болуы тиіс. Сондықтан саммит бағдарламасында қадағалау технологияларының эволюциясына ерекше назар аударылған.

Алаяқтық бір банктің ғана мәселесі емес
Қаржылық алаяқтыққа қарсы күрес те саммиттің басты бағыттарының біріне айналады.
Цифрлық төлемдер көбейген сайын қауіпсіздік жеке банктің немесе финтех-компанияның ішкі мәселесі болудан қалып келеді. Нарыққа алаяқтықтан қорғаудың ұжымдық жүйесі қажет.
Мұндай модель банктер, технологиялық компаниялар, төлем инфрақұрылымы мен мемлекеттік органдар арасында тәуекел туралы ақпаратты жедел алмасуды көздейді.
Яғни қаржы ұйымдары клиент үшін бәсекені жалғастырғанымен, қауіпсіздік мәселесінде бірлесіп әрекет етуге мәжбүр болады.
Бұл жаңа цифрлық экономикадағы сенімнің негізгі шарттарының біріне айналуы мүмкін.
«Бірыңғай QR»-дан «Цифрлық теңгеге» дейін
Қазақстандағы жаңа қаржы инфрақұрылымының маңызды бөлігі Ұлттық төлем корпорациясының жобалары арқылы қалыптасып келеді.
ҰТК ұлттық төлем жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді және банкаралық жүйенің техникалық операторы қызметін атқарады.
Корпорация дамытып жатқан негізгі жобалардың қатарында «Бірыңғай QR», Open Banking және «Цифрлық теңге» бар.
Бұл жобалар финтехтің енді тек мобильді банкингпен шектелмейтінін көрсетеді.
Әңгіме ондаған банктік және банктік емес сервистер жұмыс істей алатын жаңа цифрлық инфрақұрылым туралы болып отыр.

Қазақстан өңірлік финтех-хаб рөлін күшейте ала ма
CAFS 2026 алаңында Орталық Азиядағы финтех-экожүйені кеңейтуге бағытталған жаңа стратегиялық бастамалар да таныстырылады.
Саммитте цифрлық экономиканы қорғау, технологиялық қоғамдастықтарды дамыту және қаржы сервистерінің қолжетімділігін кеңейту мәселелері қаралады.
Халықаралық бағыттағы негізгі ойыншылардың бірі — Kazakhstan Fintech Network.
Бұл — Қазақстанның финтех-экожүйесін дамыту үшін мемлекетті, қаржы нарығын, технологиялық компанияларды, стартаптарды және халықаралық серіктестерді біріктіретін бейтарап салалық платформа.
Kazakhstan Fintech Network Global Financial Technology Network желісінің Қазақстандағы эксклюзивті серіктесі саналады.
Мұндай әріптестік қазақстандық финтех-компанияларға халықаралық тәжірибе мен технологияларға жақындауға, ал жергілікті жобаларға жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігін кеңейтуге жол аша алады.

CAFS 2026 қашан және қайда өтеді
Central Asia Fintech Summit 2026 11 қыркүйекте Алматыда өтеді.
Іс-шара өтетін орын — Масанчи көшесі, 59 мекенжайындағы «Целинный» заманауи мәдениет орталығы.
Бір алаңда қаржы секторының топ-менеджерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, технологиялық компаниялар мен сала сарапшылары жиналады.

Саммиттің негізгі сұрағы технологиядан да ауқымды: алдағы онжылдықтың цифрлық экономикасында клиент кімге сенеді және сол сенімнің инфрақұрылымын кім қалыптастырады?