Корей капиталы жаңа нарық іздеп жатыр. Саудиялық Acwa мен оңтүстіккореялық KOWEPO алғашқы қадамды Өзбекстаннан бастайды, алайда тараптардың жоспары жаңартылатын энергия, энергия жинақтау жүйелері және тұтас Орталық Азиядағы жаңа жобаларды қамтуы мүмкін, деп хабарлайды DKNews.kz.
Меморандумға 2026 жылғы 25 тамызда Ташкентте қол қойылды. Acwa-ның ресми хабарламасында тараптар ЖЭК жобаларын, энергия жинақтау жүйелерін және оларға қатысты инфрақұрылымды бірлесіп қарастыратыны айтылған. Бұған қоса, кореялық қаржы институттарын тарту мүмкіндігі де зерттелмек.

Acwa мен KOWEPO алдымен Өзбекстанды бағалайды
Қол қойылған құжат әзірге нақты электр станциясының құрылысы басталды дегенді білдірмейді. Әрбір ықтимал жоба бөлек бағаланып, компаниялардың ішкі келісімінен өтіп, содан кейін ғана түпкілікті келісім жасалуы тиіс.
Өзбекстан осындай бағалау жүргізілетін алғашқы ел болады. Бұдан кейін KOWEPO Орталық Азияның өзге елдеріндегі «жасыл» энергетика жобаларын да қарастыруды көздеп отыр.
Бұл жерде нарық үшін тағы бір маңызды жайт бар. Әңгіме тек күн немесе жел электр станциялары туралы емес. Серіктестер энергия жинақтау жүйелеріне де назар аудармақ.
Мұндай инфрақұрылым күн мен жел генерациясының үлесі көбейген сайын ерекше мәнге ие болады: өндіріс көлемі ауа райына тәуелді болғандықтан, артық электр қуатын сақтау және оны қажет кезде желіге қайтару мәселесі алдыңғы қатарға шығады.
Құжатқа Acwa компаниясының Орталық Азия бойынша президенті Абид Малик пен KOWEPO бас директоры Ли Джун Бок қол қойды.
«Бұл ынтымақтастық ЖЭК және сонымен байланысты инфрақұрылым саласындағы мүмкіндіктерді зерттеу үшін платформа құрайды. Біз сондай-ақ Кореяның қаржы институттарын тарту және Өзбекстандағы энергетикалық көшуді қолдау үшін бірлесіп жұмыс істеуді асыға күтеміз», — деді Acwa компаниясының Орталық Азия бойынша президенті Абид Малик.
Кореяның қаржы институттары туралы бөлік бұл келісімді технологиялық әріптестіктен әлдеқайда ауқымды етеді.
Егер тараптар нақты жобаларға көшсе, жаңа энергетикалық нысандарды қаржыландыруға Оңтүстік Кореяның қаржы ұйымдары қатысуы ықтимал.
Алайда әзірге қаржыландыру көлемі де, банктер тізімі де, ықтимал жобалардың құны да жарияланған жоқ.
KOWEPO-ның Таяу Шығыста 3,5 ГВт ЖЭК қуаты бар
KOWEPO — Корея Республикасының мемлекеттік энергетикалық компаниясы. Ол электр энергиясын өндірумен, энергетикалық инфрақұрылыммен және халықаралық жобалармен айналысады.
Компанияның негізгі бағыттарына күн және жел энергетикасы, сутегі технологиялары мен отын элементтері кіреді.
KOWEPO Таяу Шығыста төрт энергетикалық жобаны жүзеге асырып жатыр. Олардың аясында компания 3,5 ГВт жаңартылатын энергия қуатын және 877 МВт бу-газ қондырғыларын салып, пайдаланады.
Acwa-мен әріптестік кореялық компанияға Орталық Азия нарығына жалғыз емес, өңірде тәжірибесі қалыптасқан серіктеспен бірге кіруге мүмкіндік береді.
«Acwa компаниясымен жасалған меморандум — ЖЭК нарығындағы мүмкіндіктерді зерттеудегі маңызды қадам. Біз осы ынтымақтастықтың болашағын бағалауды, мықты жақтарымыз бен тәжірибемізді пайдалануды көздеп отырмыз. Таяу Шығыстағы бизнес тәжірибемізге және әлемге әйгілі компаниялармен серіктестігімізге сүйене отырып, жаңа өсу мүмкіндіктерін іздеуді үздіксіз жалғастыра береміз», — деді KOWEPO бас директоры Ли Джун Бок.
Acwa қоржынындағы ЖЭК қуаты 52,3 ГВт-қа жетті
Екінші тараптың ауқымы әлдеқайда үлкен.
Acwa-ның 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы нәтижелеріне сәйкес, компанияның қоржынында пайдалану, құрылыс немесе белсенді әзірлеу кезеңіндегі 111 актив бар.
Олардың жалпы электр өндіру қуаты 98,2 ГВт. Соның 52,3 ГВт-ы жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі.
Компания тәулігіне 9,7 млн текше метр су тұщыландыру қуатын басқарады. Басқаруындағы активтер көлемі шамамен 126–127 млрд доллар деңгейінде.
2026 жылдың қаңтарынан бастап компания бұрынғы ACWA Power атауының орнына қысқартылған Acwa брендін қолдана бастады. Компания брендті жаңарту кезінде мұны бизнестің дәстүрлі электр генерациясынан энергетикалық және су инфрақұрылымының кең ауқымына шығуымен байланыстырған.

Қазақстан Acwa-мен жаңа жобаларды бір апта бұрын талқылаған
Ташкентте жасалған келісім Қазақстан үшін сырттағы бір өңірлік жаңалық қана емес.
KOWEPO-мен меморандумға қол қойылардан небәрі бір апта бұрын, 2026 жылғы 18 тамызда, Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшісі Мадияр Менілбеков Acwa компаниясы төрағасының орынбасары әрі басқарушы директоры Раад Әл-Саадимен кездесті.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес, тараптар жаңартылатын энергетика саласындағы перспективалық ынтымақтастық бағыттарын талқылаған.
Қазақстан Acwa-ның халықаралық тәжірибесін жаңа энергетикалық жобаларға тартуға қызығушылық білдірді. Компания өкілдері де ел аумағындағы перспективалық бастамаларға қатысу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін жеткізген.
Бірақ нақты станциялар, қуат көлемі, инвестиция сомасы мен іске асыру мерзімі жарияланған жоқ.
Сондықтан қазіргі Acwa мен KOWEPO келісімін кореялық қаржы Қазақстанға келе бастады деп түсіндіруге болмайды.
Меморандумдағы алғашқы нарық — Өзбекстан. Ал келісімнің Қазақстанға немесе Орталық Азияның басқа елдеріне кеңеюі тараптардың қандай жобаларды экономикалық және техникалық тұрғыдан тартымды деп бағалайтынына байланысты болады.
Acwa-ның Қазақстанда 1 ГВт жел электр станциясы жобасы бар
Компанияның Қазақстан нарығымен байланысы жаңа емес.
2023 жылы Acwa Қазақстанның Энергетика министрлігі және «Самұрық-Қазынамен» 1 ГВт жел электр станциясын және энергия сақтау жүйесін салуға қатысты келісімдерге қол қойған.
Компания сол кезде жобаның бастапқы инвестициясын 1,5 млрд долларға бағалаған.
Кейін Қазақстан мен Сауд Арабиясы бұл бағыттағы ынтымақтастықты қосымша уағдаластықтармен бекітті.
Сондықтан Acwa-ның KOWEPO-мен жаңа серіктестігі Қазақстан үшін де назар аударуға тұрарлық. Саудиялық компания Орталық Азиядағы жобаларда өзінің тәжірибесін үшінші елдердің технологиялық және қаржылық мүмкіндіктерімен біріктіруге дайын екенін көрсетіп отыр.
Дегенмен меморандум мен салынып біткен электр станциясының арасы алшақ.
Acwa-ның ресми хабарламасында әрбір ықтимал жоба жеке бағалаудан, ішкі келісімдерден өтіп, соңғы келісімдер жасалғаннан кейін ғана іске асырылатыны көрсетілген.
Ендігі нақты жобалар саудиялық-кореялық серіктестіктің Өзбекстанмен шектелетінін немесе Орталық Азияның басқа нарықтарына да шығатынын көрсетеді.
Бұған дейін біз Acwa-ның Қазақстандағы жаңа энергетикалық жобаларға қызығушылығы артқанын жазған едік. Ол кезде де нақты нысандар аталмаған, тараптар перспективалық бағыттарды одан әрі пысықтауға келіскен болатын.