Серіктестік жаңа кезеңге өтті.
Қазақстан мен Қытай сауда мен энергетикадан бөлек, жасанды интеллект, цифрландыру және Еуразия транзитіне басымдық беріп отыр.
Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Синьхуа агенттігіне берген жазбаша сұхбатында айтты. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілгенін мәлімдеді.
Қытай Қазақстанның басты сауда серіктесіне айналды
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік қазір экономиканың негізгі секторларын түгелге жуық қамтиды.
«Стратегиялық серіктестігіміздің шын мәнінде жан-жақты сипат алғанын ерекше атап өткім келеді. Ол сауда, инвестиция, энергетика мен көліктен бастап, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі барлық негізгі саланы қамтып отыр», – деді Президент.
Екіжақты сауда жаңа рекордтық деңгейге жетті. Қытай қазір Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орында тұр.
Бірақ Астана үшін экономикалық байланыстың ендігі негізгі мәселелерінің бірі тек тауар айналымының көлемі емес. Қазақстан өзінің Қытай мен Еуропа арасындағы географиялық орнын нақты транзиттік артықшылыққа айналдыруға ұмтылып отыр.
Орта дәліз үшін «ақылды кеден» іске қосылмақ
Қазақстан мен Қытай көлік және логистика саласындағы жобаларды стратегиялық бағыт ретінде қарастырады. Олардың қатарында «Бір белдеу, бір жол» бастамасы, Транскаспий халықаралық көлік бағыты, жаңа теміржол желілері, құрғақ порттар, терминалдар және шекара инфрақұрылымы бар.
Тоқаев Орта дәліздің Қытай мен Еуропа арасындағы маңызды көлік буынына айналып келе жатқанын атап өтті.
«Ортақ міндетіміз – осы бағыттың бәсекеге қабілеттілігін барынша арттыру. Сондықтан «ақылды кеден» жүйесін енгізуге, құжат айналымын цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді өзара үйлестіру мен шекаралық рәсімдерді автоматтандыруға айрықша мән береміз», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан үшін мұның практикалық маңызы тікелей: шекарадан өту мен құжат рәсімдеу жылдамдаса, ел арқылы өтетін транзиттің тартымдылығы да артады. Ал Орта дәліз Қытайдан Еуропаға жүк жеткізетін балама бағыттардың біріне айналып келеді.
Жасанды интеллект екіжақты байланыстың жаңа бағытына айналды
Қазақстан–Қытай қатынасындағы елеулі өзгерістің бірі технология саласында байқалады. Тоқаевтың сөзінше, ынтымақтастық енді дәстүрлі өндіріс пен саудадан цифрлық экономикаға дейін кеңейді.
2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды.
Президент Шанхайға Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияға барған кезінде Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшыларымен кездескенін айтты.
Тараптар цифрлық экономика, зияткерлік өндіріс, электрондық коммерция, ғылыми зерттеулер және маман даярлау бағыттарында бірлескен жобаларға қызығушылық танытып отыр.
«Дәл осы технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңіндегі маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін», – деді Тоқаев.
Қазақстан шілде айында Шанхайда Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WAICO) негізін қалаған 29 мемлекеттің қатарына қосылды.
Президенттің пікірінше, жасанды интеллект технологияларына, білімге және есептеу ресурстарына мемлекеттердің әділ қол жеткізуі қажет.
Қазақстан «Біртұтас Қытай» саясатын қолдайды
Экономикалық және технологиялық байланыспен қатар, Астана мен Бейжің халықаралық ұйымдардағы үйлестіруді де жалғастырмақ.
Тоқаев Қазақстанның «Біртұтас Қытай» саясатын берік ұстанатынын және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатының бұзылуына қарсы екенін мәлімдеді.
Қазақстан БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және АӨСШК аясында Қытаймен жұмысты жалғастырып, «Орталық Азия – Қытай» форматын қолдайды.
2026 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толды. Тоқаев ұйымның өзара сенім, тең құқық, диалог және бірлескен даму қағидаттарына негізделген «Шанхай рухын» сақтап қалғанын айтты.
Қытайдан Қазақстанға туристер саны 47 пайызға өсті
Саяси және іскерлік қатынастар азаматтар арасындағы байланысқа да әсер етіп отыр.
Келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастар орнағанына 35 жыл толады. Ал 2026 жылы екі елдің «Мәдениет жылы» өтіп жатыр.
Қытайда ондаған мың қазақстандық студент білім алады. Қазақстанда Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары мен «Лу Бань шеберханалары» жұмыс істейді, жоғары оқу орындары арасындағы академиялық бағдарламалар кеңейіп келеді.
Визасыз режим туристік ағымды да күшейтті. Тоқаев келтірген дерек бойынша, 2025 жылы Қазақстанға 962 мың қытайлық турист келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 47 пайызға көп.
«Қытайлық достарымызға Қазақстанда етене танысатын дүние жеткілікті. Заманауи елордамыз бен көне Түркістанды, Алматының асқарлары мен Маңғыстаудың бірегей бедерін, Ұлы дала мен Ұлы Жібек жолының мұрасын, музыкамызды, ұлттық дәм мен аспаптарымызды, қонақжай қалпымызды көрсеткіміз келеді», – деді Президент.
Қазақстан мен Қытай байланысының келесі кезеңінде сауда көлемінен бөлек, Орта дәліздің жылдамдығы, шекара рәсімдерінің цифрлануы және жасанды интеллект саласындағы нақты жобалар негізгі өлшемдердің біріне айналмақ.
