Қазақстан қытайлық және халықаралық компанияларға геологиялық барлау, минералдық шикізатты өндіру және терең өңдеу салаларында бірлескен жобаларды іске асыруды ұсынды. Заманауи технологияларды тарту мен өндірістерді ел аумағында орналастыруға басымдық берілетіні туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап, DKNews.kz хабарлайды.
Бұл ұсынысты Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен China Mining 2026 XXVIII халықаралық конференциясы мен көрмесінің ашылуында айтты. Қазақстан осы көрмеде алғаш рет салалық компаниялар мен инвестициялық жобаларды біріктірген бірыңғай ұлттық стендін таныстырды.

Жаңа өндірістерді бірлесіп құру ұсынылды
Ерсайын Нағаспаев Қазақстанның кен орындарын іздеуден бастап, өндірілген шикізатты терең өңдеуге дейінгі өндірістік тізбекті дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Министр өндірістерді локализациялауға, яғни оларды Қазақстан аумағында орналастыруға ерекше назар аударды.

«Қазақстан қосылған құнның жаңа тізбектерін және заманауи өндірістерді бірлесіп құру мүмкіндігін ұсынады. Біз қытайлық және халықаралық компанияларды геологиялық барлау, минералдық шикізатты өндіру және терең өңдеу салары бойынша ынтымақтастыққа шақырамыз. Заманауи технологияларды тартуға және өндірістерді локализациялауға ерекше мән береміз. Өнеркәсіптік ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару және елдеріміздің ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келетін жобаларды іске асыру маңызды», — деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Министр Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы тығыз достық байланыстармен және өзара түсіністікпен байланыстырды. Оның бағалауынша, соңғы жылдары іскерлік және инвестициялық байланыстар тұрақты өсіп, өнеркәсіптік ынтымақтастық тереңдей түскен.
Қазақстанда Қытай серіктестерінің қатысуымен 11 мыңдай кәсіпорын бар
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда қытайлық серіктестердің қатысуымен шамамен 11 мың кәсіпорын жұмыс істейді.

Ірі серіктестер қатарында CNPC, Sinopec, CITIC Group, Zijin Mining, East Hope Group, Huawei, PowerChina, SANY, Fufeng және Lihua Group аталды. Бұл компаниялар мұнай-газ, тау-кен, энергетика, инфрақұрылым, жоғары технологиялар және басқа да салаларда жобалар іске асырып жатыр.
Өнеркәсіптік ынтымақтастықтың келешегін Ерсайын Нағаспаев ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хэ Лифэнмен екіжақты келіссөзде талқылады. Конференцияда сөз сөйлеген Қытай вице-премьерімен кездесу жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелеріне арналды.
Ұлттық стенд компаниялар мен инвестициялық жобаларды біріктірді
Ерсайын Нағаспаев Тяньцзиньге ҚХР Табиғи ресурстар министрінің шақыруымен барды. China Mining 2026 конференциясы мен көрмесінен бөлек, ол Тау-кен өнеркәсібі саласындағы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі министрлер форумына қатысты.
China Mining — геология, минералдық ресурстар және тау-кен өнеркәсібі салаларындағы ірі халықаралық алаңдардың бірі. Іс-шараға 65 елдің өкілдері, соның ішінде 35 министр, ірі өнеркәсіптік корпорациялар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері жиналды. Негізгі тақырып «Өзара тиімді ынтымақтастық, «жасыл» және интеллектуалды даму» болды.
Қазақстанның China Mining көрмесіндегі алғашқы бірыңғай ұлттық стенді тау-кен өндіру және геологиялық барлау компанияларын, салалық ұйымдар мен перспективалы инвестициялық жобаларды қамтыды. Оны Ерсайын Нағаспаев пен ҚХР Табиғи ресурстар министрі Лю Гохун бірлесіп ашты.

Қытай капиталын тарту үшін қаржыландыру тетіктері де пысықталып жатыр. Нысаналы көлемі 200 млн долларға дейінгі Қазақстан–Қытай бірлескен инвестициялар қорын құрудың негізгі шарттары туралы «Бәйтерек» холдингінің қытайлық серіктестермен келіссөздеріне арналған материалымызда жазған едік.