Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Делидегі БРИКС саммитіне қатысуы Қазақстан мен Үндістан арасындағы қарым-қатынастың маңызды оқиғасына айналды. Қазақстан бірлестікке мүше емес, оның жұмысына серіктес мемлекет ретінде қатысады. Саммитте сөз сөйлеген Мемлекет басшысы БРИКС-ті БҰҰ-ның орталық рөліне негізделген көпжақты жүйені толықтыратын, нақты ынтымақтастыққа арналған ашық алаң ретінде сипаттады.
Президент жетекші державалар арасындағы сенімді қалпына келтіру, жаһандық қауіпсіздікті нығайту, халықаралық институттарды реформалау және орта державалардың рөлін арттыру мәселелеріне тоқталды. Экономикалық байланыстарға да ерекше мән берілді. Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның БРИКС мүшелерімен және серіктес елдерімен тауар айналымы 2025 жылы шамамен 72 млрд долларға жеткен. Мемлекет басшысы энергетика, аса маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы, терең өңдеу, инфрақұрылым және көлік салаларындағы ынтымақтастықтың әлеуетін атап өтті.

Саммит аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модимен кездесті. Тараптар энергетика, цифрландыру, білім, туризм және жоғары технологиялар салаларын, Astana Hub пен Хайдарабадтағы Cyberabad технологиялық ортасының ықпалдасу мүмкіндігін талқылады. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ пен Үндістан арасында еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөздер сөз болды. Кездесу қорытындысында Қазақстан Президенті Нарендра Модиді елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Қазақстанның БРИКС-тегі орны, Тоқаевтың көпвекторлы дипломатиясы және Астана мен Нью-Дели байланысының келешегі туралы Үндістанның Қазақстандағы бұрынғы елшісі, Жаһандық зерттеулер институтының бас директоры Ашок Саджанхармен сұхбаттастық.
— Саджанхар мырза, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Делидегі БРИКС саммитіне қатысуын қалай бағалайсыз? Қазақстанның бұл бірлестікте мүше емес, серіктес мемлекет ретінде болуының маңызы қандай?
Меніңше, Президент Тоқаевтың Нью-Делидегі БРИКС саммитіне қатысуы ірі дипломатиялық табыс болды. Бұл — оның Үндістанға алғашқы сапары. Нақтырақ айтсам, Қазақстан Президентінің Үндістанға 2009 жылдан бергі, яғни 17 жылдан кейінгі алғашқы сапары. Көптен күткен кездесу еді. Оның келгеніне өте қуаныштымын, сапар сәтті өтті деп санаймын.
Қазақстан саммитке БРИКС-тің ресми серіктес мемлекеті әрі Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етуші ел ретінде қатысып, халықаралық беделін нығайтты. Сонымен бірге Орталық Азияның көлік байланыстары, өңірлік тұрақтылық және энергия ресурстарын жеткізу тізбектері талқыланатын кез келген диалогта Қазақстанның да, тұтас өңірдің де орны айрықша екенін көрсетті.
Мұндай мәртебе Астанаға әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан экономикалармен тығыз институционалдық байланыс орнатуға әрі сыртқы саясаттағы икемділігін сақтауға мүмкіндік береді.
Басты нәтиже — саммитті қабылдаған Үндістан мен өзге де жаһандық ойыншылар тарапынан осы рөлдің мойындалуы. Олар БРИКС-ті геосаяси күш ретінде көрсетуден гөрі, Батыспен ынтымақтасудың және Жаһандық Оңтүстік мүддесін ілгерілетудің құралы ретінде қарастырады.
БРИКС-ке мүше мемлекеттер қабылдаған 140 тармақтан тұратын Нью-Дели декларациясында да осы ұстаным көрініс тапқан. Құжат БРИКС-ті Батысқа қарсы күш ретінде сипаттамайды. Әңгіме барлық тараппен, соның ішінде Батыспен және әлемдегі басқа да негізгі ойыншылармен ынтымақтастық орнату туралы болып отыр.
— Президент Тоқаев БРИКС-ті БҰҰ-ның орталық рөліне негізделген көпжақты жүйені толықтыратын ашық алаң деп атады. Бұл ұстаным Қазақстанның қазіргі сыртқы саясатымен қаншалықты үндеседі? Ол елдің бір ғана геосаяси блокқа байланбай, түрлі күш орталықтарымен жұмыс істеуіне қалай көмектеседі?
БРИКС-ті БҰҰ қызметін толықтыратын ашық алаң ретінде сипаттау Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын дәл көрсетеді.
Астана БРИКС секілді бірлестіктерді Батысқа қарсы құрылым деп қарастырмайды. БРИКС-тің өзі де ондай сипатта қабылданғанын қаламайды. Өйткені оның көптеген мүшесі, әсіресе саммитті қабылдаған Үндістан, Батыс мемлекеттерінің басым бөлігімен өте жақсы қарым-қатынаста.
Біз АҚШ-пен жан-жақты жаһандық стратегиялық серіктестік орнатқанбыз. Еуропалық одақпен, Жапониямен, Ұлыбританиямен және Аустралиямен де берік әрі қарқынды дамып келе жатқан байланысымыз бар.
Сондықтан БРИКС-ті Батысқа қарсы блок деп қабылдауға болмайды. Ол — сауда мен дамуға ықпал ететін, көпполярлы әлем мен көпжақты халықаралық жүйені ілгерілететін практикалық құрал. Бірлестік БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде, Халықаралық валюта қорында және Дүниежүзілік банкте Жаһандық Оңтүстіктің рөлін күшейтуді, сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымын реформалауды көздейді.
Президент Тоқаев БҰҰ Жарғысының үстемдігін басшылыққа ала отырып, белгілі бір геосаяси лагерьге қосылудан бойын аулақ ұстайды. Осы стратегиялық ұстаным Қазақстанға Мәскеумен, Нью-Делимен, Бейжіңмен, Вашингтонмен, Брюссельмен және Жаһандық Оңтүстіктің басқа да өкілдерімен еркін байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
— Тоқаев жетекші державалар арасындағы сенімді қалпына келтіруге, БҰҰ-ны нығайтуға және жаһандық шешімдер қабылдауда Азия, Африка, Латын Америкасы мен дамушы орта державалардың өкілдігін кеңейтуге шақырды. Қазіргі жағдайда бұл ұстаным қаншалықты өзекті? Қазақстан геосаяси қайшылықтарды еңсеруге қандай үлес қоса алады?
Бүгінгі халықаралық қатынастардағы терең алауыздықты ескерсек, Президент Тоқаевтың сенімді қалпына келтіру және дамушы орта державалардың өкілдігін кеңейту туралы үндеуі дер кезінде айтылды.
Бұл Үндістанның ұстанымымен де үндеседі. Премьер-министр Моди қазіргі ең құнды әрі ең тапшы ресурс аса маңызды минералдар да, энергия да, көлік байланысы да емес, сенім екенін атап өтті. Бізге ең алдымен сол сенімді нығайту қажет. Үндістан мен Қазақстан арасындағы өзара сенімнің өте жоғары деңгейде екенін қуана айта аламын.
Әлемдегі жікке бөліну дәстүрлі дипломатиялық құрылымдарға қысымды күшейткен сайын, сенімге ие орта державалардың бітімгерлік рөлі арта түседі.
Қазақстан ядролық саладағы тарихи бастамалары мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Шанхай ынтымақтастық ұйымы секілді алаңдардағы көшбасшылығы арқылы ерекше бедел жинады.
Ел Сириядағы және басқа да қақтығыстарда қарсы тараптарға келіссөз алаңын ұсынып, дауларды диалог пен дипломатия арқылы реттеуге ұмтылды.
Осының бәрі Қазақстанның халықаралық басқару жүйесінде тараптарды жақындастырып, ортақ мәмілеге келуіне ықпал ете алатынын көрсетеді.

— Тоқаев пен Моди энергетика, цифрландыру, білім, туризм және жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Үндістан Премьер-министрі Astana Hub пен Cyberabad байланысына да тоқталды. Осы бағыттардың қайсысы екіжақты қатынасқа тың серпін бере алады?
Энергетика мен минералдық ресурстар негізгі салалар болып қала береді. Сонымен қатар цифрлық экожүйе екіжақты қатынастың жаңа қозғаушы күшіне айналып келеді.
Премьер-министр Модидің Astana Hub пен Хайдарабадтағы Cyberabad технологиялық ортасын байланыстыруға мән беруі білімге негізделген серіктестікке бетбұрысты аңғартады.
Үндістан қомақты қаржы салып отырған жасанды интеллект, сондай-ақ қаржы технологиялары, бұлтты есептеулер мен стартаптарды дамыту салаларындағы бірлескен жобалар екіжақты байланысты дәстүрлі сауда аясынан әлдеқайда кеңейте алады.
Үндістан қаржы технологиялары бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі саналады. Цифрлық қоғамдық инфрақұрылымымыз өте табысты жұмыс істеп келеді. Біз бұл технологияны Жаһандық Оңтүстіктегі көптеген дос мемлекетпен бөлістік.
Әлемдегі қолма-қол ақшасыз транзакциялар санының жартысынан астамы Үндістанның UPI бірыңғай төлем интерфейсі арқылы өтеді. Үндістан әзірлеген осы жүйені пайдалану жөнінде 11 ел келісімге қол қойды.
Ұлттық валюталармен есеп айырысу мен төлем жүйелерін дамыту да екіжақты экономикалық ынтымақтастыққа елеулі серпін бере алады. Қазір Үндістанның 22 елмен осындай уағдаластығы бар.
Туризмнің де әлеуеті зор. Ол үшін визалық рәсімдерді жеңілдету қажет. Білім саласында да мүмкіндік көп. Үндістан университеттері Орталық Азияның кейбір елдерінде филиалдарын ашып үлгерді. Осындай филиалдарды Қазақстанда ашу да өте пайдалы болар еді деп ойлаймын.
Екі ел ғарыш саласында, жерсеріктерді пайдалану, фармацевтика және телемедицина бағыттарында да бірлесіп жұмыс істей алады.
— Қазақстан ЕАЭО-ға төрағалық етуші ел ретінде одақ пен Үндістан арасындағы еркін сауда аймағы жөніндегі келіссөздерді ілгерілетуге дайын екенін мәлімдеді. Мұндай келісім Үндістан үшін қаншалықты маңызды және Қазақстанмен байланысқа қандай нақты пайда әкеледі?
Үндістан бұл мәселемен біраз уақыттан бері айналысып келеді. Менің білуімше, келісімге қол қоюға дайындықта елеулі ілгерілеу бар. Жүргізілген зерттеулер Үндістан мен ЕАЭО арасындағы еркін сауда туралы келісімнің екі тарапқа да зор пайда әкелетінін көрсетті.
Еуразиялық экономикалық одақтың қазіргі төрағасы ретінде Қазақстан келіссөздерді белсенді қолдап, стратегиялық тұрғыдан өте маңызды рөл атқара алады.
Үндістан үшін бұл келісім 180 миллионнан астам тұтынушысы бар үлкен нарыққа жол ашады. Қазақстан үшін тарифтік емес кедергілер мен сауда операцияларына жұмсалатын шығындарды едәуір азайтады. Оның пайдасын өңдеу өнеркәсібі, фармацевтика және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар тікелей сезінеді.
Қазір Үндістан әлемдегі ең жылдам өсіп келе жатқан ірі экономика екенін ескерген жөн. Соңғы тоқсанда өсім шамамен 7,8% болды.
2020 жылы басталған COVID-19 пандемиясы, 2022 жылғы Ресей–Украина қақтығысы және 2026 жылғы ақпандағы Иран мен АҚШ арасындағы қақтығыс секілді күйзелістерге қарамастан, Үндістан экономикасы соңғы бір жылда тұрақты түрде 7%-дан жоғары өсім көрсетті. Соңғы жарияланған деректер де соны растайды.
2028 жылға қарай экономика көлемі 5 триллион долларға, ал 2035 жылға қарай шамамен 10 триллион долларға жетеді деген болжам бар.
Сондықтан еркін сауда туралы келісімді мүмкіндігінше тезірек жасасу Қазақстанға да, ЕАЭО-ның басқа мүшелеріне де тиімді болар еді.
Қазақстан — Орталық Азиядағы ең ірі экономика. Алайда екі ел арасындағы сауда көлемі небәрі 2,5 млрд доллар шамасында. Бұл қолда бар әлеуеттен әлдеқайда төмен.
Үндістан мен ЕАЭО арасындағы еркін сауда туралы келісімге қол қою және оны іс жүзінде жүзеге асыру екіжақты сауданы, іскерлік және инвестициялық байланыстарды едәуір жандандырады деп санаймын.
— Президент Тоқаев көлік байланыстарына, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен «Солтүстік–Оңтүстік» дәлізіне ерекше назар аударды. Қазақстан Үндістанның көлік стратегиясында және оның Орталық Азиямен, Еуропамен байланысын нығайтуда қандай рөл атқара алады?
Бұл өте маңызды мәселе. Тікелей көлік қатынасының және ортақ құрлық шекарасының болмауы Үндістанның өңірдегі әлеуетін толық іске асыруына кедергі келтіріп отыр.
Біз «Солтүстік–Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі мен Чабахар арқылы Орталық Азияға, Ауғанстанға, одан әрі Ресей мен Еуропаға шығуға талпындық. Алайда Иранға жиырма жылдан астам уақыт бойы салынған санкциялар айтарлықтай нәтижеге жетуге мүмкіндік бермеді.
Сондықтан Қазақстанды Үндістанның Еуразия кеңістігіндегі көлік стратегиясының негізгі буыны деп санаймын.
«Солтүстік–Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі бастамасы 1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында пайда болған кезде оған Үндістан, Иран, Әзербайжан және Ресей қатысты. Қазір бағыт Орталық Азия арқылы да өтеді. Қазақстан осы дәліздің белсенді әрі елеулі қатысушысына айналды.
«Солтүстік–Оңтүстік» дәлізін Транскаспий бағытымен ұштастыру арқылы Қазақстан Үндістанға бұрыннан келе жатқан географиялық кедергілерді айналып өтуге мүмкіндік береді.
Мұның Қазақстанға да пайдасы зор. Әуе көлігімен тасымалдауға келмейтін тауарларды Үндістаннан Қазақстанға, Қазақстаннан Үндістанға жеткізу әлдеқайда жеңілдер еді.
Бұл Үндістанның жеткізу тізбектерін нығайтып, Орталық Азия мен Еуропа нарықтарына шығуын жақсартады. Екі тарап та ұтады.
— Қазақстанның БРИКС мүшелерімен және серіктестерімен тауар айналымы 2025 жылы шамамен 72 млрд долларға жетті. Президент энергетика, аса маңызды минералдар, ауыл шаруашылығы және терең өңдеу салаларын перспективалы бағыттар ретінде атады. Үндістанды олардың қайсысы көбірек қызықтырады?
Қазақстанның БРИКС аясындағы, яғни 11 мүше мемлекетпен және 10 серіктес елмен жалпы тауар айналымы 2025 жылы 72 млрд долларға жетті. Үндістан Қазақстанмен байланыста ең алдымен елдің айқын артықшылығы бар екі бағытқа назар аударады.
Біріншісі — энергетика мен аса маңызды минералдар.
Үндістан Қазақстанға тұрақты уран жеткізуші ретінде үлкен сенім артады. 2008 жылы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік пен Ядролық жеткізушілер тобы ядролық тауарлар, материалдар және технологиялар бойынша коммерциялық операцияларға арнайы ерекшелік мақұлдағаннан кейін, біз уран импорттай бастаған алғашқы ел Қазақстан болды.
Ол кезде мен Қазақстанда елші едім. Біз Үндістанға 5 мың тонна уран экспорттау туралы келісімге қол қойдық. Бұл ынтымақтастық жалғасып келеді және одан әрі жалғасуы керек. Қазақстан біз үшін аса маңызды жеткізуші болып қала береді.
Шикі мұнай жеткізілімі мүмкін болған деңгейге жеткен жоқ. Мұның себебі де көлік байланысының жеткіліксіздігімен байланысты. Дегенмен кейінгі уақытта біз Қазақстан мұнайын халықаралық нарықтан сатып алу мүмкіндігіне де ие болдық.
Уран мен шикі мұнай жеткізілімі Үндістанның энергетикалық сұранысын өтеуде өте маңызды рөл атқарады.
Литий мен кобальт секілді минералдарды бірлесіп өңдейтін кәсіпорындар құруға да нақты мүмкіндік бар. Қазақстанда осы аса маңызды минералдардың елеулі ресурстары мен қоры бар, ал Үндістан оларға мұқтаж.
Екінші бағыт — ауыл шаруашылығы мен терең өңдеу. Өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы өндірісі мен азық-түлік өңдейтін кәсіпорындар Үндістан инвестициясы үшін нақты әрі тартымды бағыт бола алады.
Үндістан экономикасында ауыл шаруашылығының үлесі жоғары. Халқымыздың шамамен 50–60%-ы осы салада еңбек етеді. Сондықтан бұл бағытта да бірлесіп жұмыс істеуге негіз бар.
— Тоқаев Нарендра Модиді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Нью-Делидегі кездесулер екіжақты қарым-қатынасқа жаңа саяси серпін берді деуге бола ма? Келесі жоғары деңгейдегі келіссөздерден қандай нәтиже күтуге болады?
Мемлекеттік сапардың жоспарланып отырғанына ерекше қуаныштымын. Қазақстан Президентінің Үндістанға соңғы сапары 2009 жылы болған еді. Нью-Дели саммиті аясындағы екіжақты кездесулер елдеріміздің стратегиялық серіктестігіне жаңа саяси серпін берді.
Үндістан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік 2009 жылы орнады. Кейін, 2011 жылы, біз Өзбекстанмен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойдық. Одан соң Үндістан мен Өзбекстанның қарым-қатынасы жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.
Меніңше, Үндістан мен Қазақстан байланысына да қосымша күш-жігер жұмсап, тың серпін беру қажет. Сонда қарым-қатынас жоғары деңгейге көтеріліп, ынтымақтастық аясы кеңейіп, мазмұны тереңдей түседі.
Бұл кездесу келесі ірі дипломатиялық қадамға негіз қалады. Екі ел басшыларының алдағы кездесулерінде ЕАЭО мен Үндістан арасындағы тарифтерді төмендетудің ресми жол картасы, IT-хабтар арасында технология алмасу жөніндегі нақты келісімдер және көлік дәліздеріне жаңа инвестициялар туралы уағдаластықтар жасалады деп күтуге болады.