Астанаға сегіз мыңнан астам AI-фильм жолданды. Astana AI Film Festival байқауына түскен туындылардың үздіктері үлкен экранға шығады, ал іріктелген командаларға жобаларын Қазақстанда жалғастыру үшін инвестициялық қолдау қарастырылған, деп хабарлайды DKNews.kz.
Өтінім қабылдау қорытындысын Астанадағы брифингте фестивальдің тең құрылтайшылары — AAIFF кеңесінің төрағасы Алмаз Жали мен креативті директор Айзат Кусаинов таныстырды. Фестивальдің ресми сайтында 125 ел мен өңірден 8 067 фильм қабылданғаны көрсетілген. AAIFF 2026 Астанада 1–3 қазан аралығында өтеді.
Қазақстан өтінім саны бойынша екінші орында
Қазақстандық авторлар байқауға 829 жұмыс ұсынған. Өтінім саны жөнінен Қазақстан АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шықты.
Ең белсенді он елдің қатарына Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Индонезия, Жапония, Бразилия және Франция да енді. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, байқауға барлығы 4 756 автор қатысқан, олардың бірқатары бірнеше фильмнен жолдаған.
Негізгі тақырып — The Future Worth Living In («Өмір сүруге тұрарлық болашақ») аясында 3 138 туынды әзірленген. Бұл барлық өтінімнің шамамен 40%-ына тең. Қалған 4 929 жұмыс тақырыптық шектеуі жоқ ашық бағдарламаға ұсынылған.
«Осыдан бірнеше ай бұрын ғана халықаралық байқауды іске қосқан едік, ал бүгінде 125 елден 8 мыңнан астам жұмыс қабылдап отырмыз. Бұл жекелеген AI-эксперименттер емес, күрделі оқиғалары, кейіпкерлері мен тұтас кинематографиялық әлемдері бар толыққанды фильмдер. Мұндай ауқым AI-киноның қаншалықты жылдам дамып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінде дәл Астанада осы жаңа бағыт авторларының әлемдегі ең ірі халықаралық қауымдастықтарының бірін қалыптастырып отырмыз», — деді Алмаз Жали.
Жүлдеге $1 млн, командаларды дамытуға тағы $1 млн бөлінген
Фестивальдің жалпы қоры $2 млн болғанымен, оның екі бөлігінің мақсаты бөлек.
Жүлде қоры — $1 млн. Оның $750 мыңы негізгі тақырыптық бағдарламаға қарастырылған. Ашық бағдарламадағы бес номинацияға тағы $250 мың бөлінеді: «Үздік кейіпкер», «Үздік режиссура», «Үздік визуалды тіл», «Үздік оқиға» және «Үздік концепция».
Қалған $1 млн перспективалы AI-командаларға инвестиция ретінде қарастырылған. Бұл қаржыны кәсіпкер әрі инвестор, Coinbase компаниясының бұрынғы техникалық директоры, Andreessen Horowitz венчурлік қорының бұрынғы бас серіктесі және The Network School негізін қалаушы Баладжи Сринивасан ұсынған.
Ұйымдастырушылар іріктелген командалардың фестивальден кейін де жұмысын жалғастырғанын көздейді. Олар Astana Hub қатысушысы атанып, жобаларын Қазақстанда дамыта алады.
«Біз мықты жобалардың фестиваль аяқталғаннан кейін де жалғасын тапқанын қалаймыз. Сондықтан жүлде қорынан бөлек, жеке инвестициялық капитал қарастырылды. Бұл авторларға өндірісті жалғастыруға, жобаларының ауқымын кеңейтуге және оларды Қазақстанда жүзеге асыра отырып, одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Осы мақсатта іріктелген командалар Astana Hub қатысушысы атана алады», — деді Айзат Кусаинов.
Ең ұзақ фильм төрт сағаттан асады
Байқауға түскен фильмдердің жалпы ұзақтығы 100 мың минуттан асқан. Ең ұзақ туынды 4 сағат 3 минутқа созылады.
Бағдарлама 19 жанрды қамтиды. Қатысушылар жасанды интеллект құралдарын қолданып қана қоймай, оқиға құрудың, кейіпкер сомдаудың және көркем әлем жасаудың түрлі тәсілін сынаған. Ұйымдастырушылар келтірген мысалдардың бірінде автор бір фильмнің ішінде бес дербес әлемді тоғыстырған.
Байқауға жас режиссерлер мен тәуелсіз командалармен қатар, AI-контент саласында танылған авторлар да қатысып отыр. Олардың арасында The DOR Brothers продакшны, режиссер Zack London-ның Gossip Goblin жобасы және Robert Gaudette бар.
Қабылданған барлық фильм міндетті түрде плагиатқа тексеріледі.
Авторлардың генеративті құралдарға жұмсаған шығыны бағаланды
Ұйымдастырушылардың алдын ала есебінше, қатысушылар 80-нен астам генеративті модельді пайдалануға жалпы $4 млн-нан аса қаржы жұмсаған.
Бұл сома фильмдердің толық өндірістік бюджетін білдірмейді: есеп генеративті құралдарға кеткен шығынға қатысты жасалған.
Финалға өткен 25 қатысушыға қосымша технологиялық қолдау беріледі. Олар контент генерациялауға арналған DRAMAGIC платформасына бір жылдық қолжетімділік пен 60 мың кредиттен тұратын пакетке ие болады.
Фестивальдің бас серіктесі — Freedom Holding Corp. Технологиялық серіктесі — ByteDance корпорациясының BytePlus платформасы.
Финалистердің туындылары Chaplin экрандарына шығады
Фильмдерді кино, жасанды интеллект, технология және инвестиция салаларының өкілдері бағалайды. Ұйымдастырушылар жариялаған қазылар алқасының құрамында ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры әрі Францияның бұрынғы мәдениет министрі Одри Азуле, China Film Group жанындағы Жасанды интеллект зерттеу институтының деканы Ма Пин, Бейжің киноакадемиясының Анимация факультеті деканының орынбасары Ван Хао, Баладжи Сринивасан және BytePlus өкілі бар.
AAIFF 2026 жасанды интеллектке арналған іс-шараларды біріктіретін AI Month аясында өтеді. Финалистердің фильмдері Chaplin кинотеатрларының үлкен экрандарында көрсетіледі.
Бағдарламаға авторлар мен индустрия өкілдеріне арналған іскерлік сессиялар, пікірталастар және шеберлік сабақтары да енгізілген. Жеңімпаздар 3 қазанда жарияланады.
Бұған дейін Қазақстан мен Қытайдың AI-кино мен телевидениені дамыту жөніндегі ынтымақтастығы, соның ішінде Astana AI Film Festival аясындағы серіктестігі туралы жазған едік.

