FlyArystan әуе компаниясы IOSA пайдалану қауіпсіздігі жөніндегі алғашқы аудиттен өтіп, бағдарламаның халықаралық операторлар тізіліміне енді. Тексеру ұшуды ұйымдастырудан бастап ұшақтарға техникалық қызмет көрсетуге, жерүсті жұмыстары мен авиациялық қауіпсіздікке дейінгі негізгі бағыттарды қамтыды. Бұл туралы әуе компаниясы мәлімдеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Аудиторлар нені тексерді?
IOSA — Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) бағдарламасы. Ол әуе компанияларының күнделікті қызметін басқару және бақылау жүйелерін халықаралық стандарттар бойынша бағалайды.
FlyArystan-дағы аудит сегіз бағытты қамтыды:
- ұйымдық құрылым мен басқару жүйелері;
- ұшуды орындау;
- ұшуды басқару және диспетчерлік қамтамасыз ету;
- әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету;
- борттағы қызмет көрсету;
- әуе кемелеріне жерүсті қызметін көрсету;
- жүк тасымалы;
- авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Аудиторлар тасымалдаушының рейстерге қалай дайындалатынын, ұшуды қалай орындайтынын, ұшақтарға қалай қызмет көрсететінін және осы жұмыстарды қалай бақылайтынын бағалады.
Әуе паркі ұлғайған кезде қауіпсіздік талаптары да сақталуы тиіс
«FlyArystan» АҚ президенті әрі бас атқарушы директоры Йохан Эйдхаген аудиттен өтуді қауіпсіздік пен әуе компаниясының күнделікті қызметіне жауапты мамандардың бірлескен жұмысының нәтижесі деп атады.
«IOSA-ның алғашқы аудитінен сәтті өтіп, FlyArystan-ның халықаралық IOSA операторлар тізіліміне енуі ауқымды дайындықтың және әуе компаниясының қауіпсіздігі мен операциялық қызметіне жауапты командалардың бірлескен жұмысының нәтижесі болды. Қауіпсіздік — жұмысымыздың негізгі қағидаты. Ал IOSA стандарттарына сәйкестік FlyArystan-ның қауіпсіздікті басқару мен операциялық қызметке жүйелі түрде қарайтынын растайды. Бүгінде FlyArystan әуе паркінде Airbus A320 тобына жататын 28 ұшақ бар және олардың саны артып келеді. Әуе паркі ұлғайып, бағыттар желісі кеңейген сайын біз үшін жұмыс тиімділігін жоғары деңгейде ұстап, үдерістеріміздің халықаралық талаптарға сай болуын қамтамасыз ету аса маңызды», — деді Йохан Эйдхаген.
Әуе компаниясының бағалауынша, тізілімге ену оның басқару жүйелері мен жұмыс үдерістерінің IOSA стандарттарына сәйкестігін растайды. Тасымалдаушы ұшақтар саны артып, бағыттар желісі кеңейген сайын қауіпсіздікті басқару жүйесін жетілдіруді жалғастырмақ.
Халықаралық қауіпсіздік тексерулері жаңа әуе бағыттарын ашуға дайындық кезінде де жүргізіледі. Бұған дейін Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстер ашу үшін қандай рәсімдерден өту қажет екенін жазған едік. Ол материалда бөлек бағдарлама — FAA IASA аясындағы бағалау туралы айтылады.