Сауданы екі есе арттыру көзделіп отыр.
Қазақстан Корея Республикасымен 2027–2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасын әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев 15 қыркүйекте Сеулде Корея Республикасының Премьер-министрі Хан Сон Сукпен кездесуінде көтерді. Президенттің айтуынша, ендігі міндет тауар айналымының көлемін ғана ұлғайту емес, оның құрылымын өзгертіп, қосылған құны жоғары өнімдердің үлесін арттыру.
Қазақстан мен Корея сауданы екі есе арттырмақ
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-корей экономикалық байланыстарының жаңа кезеңіне қатысты нақты міндет қойды.

«Күн тәртібінде екіжақты тауар айналымын екі есе арттыру міндеті тұр. Ол үшін көлемді ұлғайтып қана қоймай, сауданың құрылымын өзгертіп, қосылған құны жоғары тауарлар номенклатурасын кеңейте түсу қажет. Сондықтан Қазақстан мен Кореяның сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының 2027-2030 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын әзірлеу өте өзекті деп білемін. Сонымен қатар локализациялау және өнімді үшінші нарыққа шығару бойынша перспективті жобаларды қамти отырып, өндірістік кооперацияның жеке жол картасын дайындау маңызды деп санаймын», – деді Президент.
Ұсыныстың негізгі ерекшелігі де осында: екі ел арасындағы экономикалық байланыс сауда көлемімен шектелмей, Қазақстанда өндіріс ашу, локализацияны тереңдету және бірлескен өнімді үшінші елдердің нарығына шығару бағытына ауыспақ.
Қазақстанда корей капиталы бар мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді
Президент Корея Қазақстанның он ірі сауда және инвестициялық серіктесінің қатарына кіретінін айтты.
«Бүгінде қазақ-корей қарым-қатынастары тұрақты түрде жақсы дамып келе жатыр. Стратегиялық әріптестігіміздің аясында қос тарап үшін де пайдалы болатын көптеген маңызды бастамалар жүзеге асырылуда. Сіздің еліңіз Қазақстанның он ірі сауда және инвестициялық серіктесінің қатарына кіреді. Қазақстанда корей капиталы бар 1 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бірақ алдымызда тұрған жауапты міндет өте көп. Сіздермен бірге жоспарларымызды ойдағыдай іске асырамыз деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанда Кореяның ірі корпорацияларымен қатар шағын және орта бизнес өкілдерінің жұмыс істеуіне де жағдай жасалғанын атап өтті.
«Елімізде Кореяның ірі корпорацияларымен қатар, шағын және орта бизнес өкілдерінің кәсіппен айналысуына қолайлы жағдай жасалған. Осы бағытта қазақ-корей үкіметтері қажетті шараларды атқарып жатыр. Атап айтқанда, Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, сондай-ақ Іскерлік кеңес тиімді жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар қажетті құқықтық негіз қалыптасқан», – деді Президент.
Алатау қаласы ынтымақтастықтың жаңа бағытына айналады
Хан Сон Сук Қазақстанды Корея Республикасының Орталық Азиядағы ірі сауда және инвестициялық серіктесі деп атады.

Корея Үкіметінің басшысы экономикалық ынтымақтастықпен қатар энергетикалық тасымал тізбегін дамытуға және Алатау қаласына қатысуға қызығушылық білдірді.
«Президент мырза, Сізбен жүздесу – мен үшін зор мәртебе. Өзіңіз атап өткендей, Қазақстан Корея Республикасының Орталық Азиядағы ірі сауда және инвестициялық серіктесі саналады. Осы саммит аясында екі ел арасындағы ынтымақтастық, әсіресе, экономика, энергетикалық тасымал тізбегі бағыттарында жандана түседі деп үміттенемін. Сондай-ақ Корея Алатау қаласын дамытуда Қазақстанның әлеуетті серіктестерінің бірі болады деп ойлаймын», – деді Хан Сон Сук.
Алатау бағыты Сеулдегі келіссөздерде бұған дейін де көтерілді. 14 қыркүйекте өткен «Орталық Азия – Корея Республикасы» өнеркәсіп министрлерінің алғашқы кездесуінде Қазақстан кореялық компанияларды Alatau City жобаларына қатысуға шақырған болатын.

Машина жасаудан жасанды интеллектке дейін
Үкімет басшылары деңгейіндегі ықпалдастықтың басым бағыттары да белгіленді.
Кездесуде:
- көлік және логистика;
- аса маңызды материалдар;
- машина жасау;
- цифрландыру;
- жасанды интеллект;
- медицина салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспары талқыланды.
Бұл бағыттар Қазақстанның Кореямен экономикалық ынтымақтастықты өндіріс пен технологияға қарай кеңейту жоспарына сәйкес келеді.
Президент Ли Чжэ Мёңмен өтетін келіссөздерге де ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кездесу екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы жаңа кезеңге жол ашатынын айтты.
Сеулдегі келіссөздер қарсаңында екі ел арасындағы экономикалық байланыс та кеңейіп келеді. 2025 жылдың қорытындысында Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы 3,2 млрд доллар болған.
Бұған дейін біз Қазақстан мен Кореяның жаңа өнеркәсіптік C5+1 форматын іске қосқаны туралы жазған едік. Сол кездесуде де Alatau City, өндірістік кооперация және кореялық технологияларды Қазақстанға тарту негізгі бағыттардың бірі ретінде белгіленген.