Келісімдер көлемі 19 миллиард долларға жетті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң Сеулдегі шағын құрамдағы келіссөзде инвестиция, Alatau City, мұнай өңдеу, қонақ үй бизнесі және қала құрылысы бағытындағы жаңа жобаларды талқылады, деп хабарлайды DKNews.kz.
15 қыркүйекте Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барған Қазақстан Президентін Сеулдегі президент резиденциясында салтанатты түрде қарсы алды. Ресми рәсімнен кейін екі мемлекеттің басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Сапар аясындағы келісімдер $19 млрд-қа жетті
Келіссөздегі ең ірі көрсеткішті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялады. Мемлекет басшысының айтуынша, сапар барысында жалпы сомасы 19 миллиард доллар болатын коммерциялық келісімдерге қол қойылған.
«Екіжақты қарым-қатынасқа тоқталсақ, сапар барысында 19 миллиард долларды құрайтын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Корей инвесторларының жұмысына көңіліміз толады, алдағы уақытта да осы бағыттағы байланыстарды жалғастырамыз. Қонақ үй, мұнай өңдеу зауытын салу және қала құрылысы бойынша жақсы жоспарларымыз бар. Әсіресе, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ден қоямыз», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл көрсеткіш Сеулдегі келіссөздердің тек саяси диалогпен шектелмегенін көрсетеді. Қазақстан кореялық капитал мен технологияны өндіріс, энергетика, инфрақұрылым және жаңа қалаларды дамыту жобаларына тартуды көздеп отыр.

Alatau City келіссөздің негізгі тақырыбына айналды
Президенттер Alatau City жобасына ерекше назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның бұл жобаға үлкен мән беретінін және кореялық компаниялардың қатысуына құқықтық кепілдіктер қарастырылғанын айтты.
«Корея Республикасы Қазақстанның стратегиялық серіктесі саналады. Халықтарымызды ертеден берік достық пен өзара түсіністік, тығыз мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас байланыстырады. Елдеріміздің арасында тек достық орнаған, ешқандай дау жоқ. Алдымыздағы мақсат – екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту. Бүгін таңертең жақсы бизнес-форум өтті. Менімен бірге Кореяға үлкен бизнес делегация келді. Әртүрлі салада өте тартымды жобалар жүзеге асырылуда. Жоспарымыз да өте мықты. Оның ішінде Alatau City жобасын одан әрі дамыту мәселесін жіті талқыладық. Бұл – шын мәнінде өте қажетті және маңызды жоба. Біз оған үлкен мән береміз. Қала мәртебесіне қатысты ережелерді Конституциямызға енгіздік. Заң тұрғысынан корейлік компанияларға барлық кепілдік беріледі. Қазақстанда корей ұлтының 120 мыңнан астам өкілі тұрады. Оларға барлық жағдай жасалған, корей диаспорасы – қоғамымыздың белсенді мүшелері», – деді Президент.
Сеулдегі сапар барысында Alatau City бойынша бірнеше бағыт қатар қозғалды. KIND корпорациясымен жаңа қаланың бас жоспарын әзірлеу туралы келісім жасалып, кореялық компанияларды инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға тарту мәселесі көтерілді.
Қазақстан Корея капиталына жаңа салаларды ұсынады
19 миллиард долларлық келісімдермен қатар, екі елдің алдағы инвестициялық күн тәртібі де айқындалды.
Тоқаев қонақ үй бизнесі, мұнай өңдеу зауыты және қала құрылысы бойынша жоспарлар бар екенін айтты.
Бұл бағыттар Сеулдегі басқа кездесулерде көтерілген бастамалармен сабақтасып отыр. Қазақстан кореялық компанияларға автомобиль өндірісін терең локализациялау, энергетика, көлік-логистика, медицина, дрон өндірісі, жасанды интеллект және деректер өңдеу инфрақұрылымы бағыттарында да жобалар ұсынды.
Осылайша, стратегиялық серіктестіктің келесі кезеңінде басты мәселе инвестиция көлемімен қатар, Қазақстанның өзінде өндіріс пен технологиялық тізбектерді қалыптастыру болмақ.

Хон Бом До тарихы екі елді байланыстыратын символға айналды
Келіссөзде экономикалық жобалармен қатар тарихи және гуманитарлық байланыстарға да назар аударылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев корей генералы Хон Бом Доның тарихи тұлғасына арнайы тоқталды.
«Хон Бом Доның тарихымен жақсы таныспын. Ол – нағыз қаһарман, отансүйгіш тұлға. Оны жадымызда сақтау үшін өзара парасатты іс атқардық деп айтуға негіз бар. Бұл оқиғаға жүз жылдан аса уақыт өтіп кетсе де, корей халқы өз генералын ұмытпағаны таңғаларлық жайт. Батырды есте қалдыру үшін оның сүйегін отанына қайтарып, азаматтық парызымызды орындадық», – деді Қазақстан Президенті.
Ли Чжэ Мёң Қазақстанға осы тарихи шешім үшін алғыс білдірді.
«Корея тарихында айрықша орны бар және қиын-қыстау кезеңде халқына қорған болған генерал Хон Бом Доның сүйегін қайтару жөнінде шешім қабылдағаныңызға алғыс айтамын. Қазақ халқы кезінде жер аударылған корейлерге пана болды. Осы орайда Сізге және қазақ халқына ризашылығымызды білдіреміз», – деді Корея Республикасының Президенті.
Стратегиялық серіктестікке «нақты мазмұн» қосылмақ
Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Корея жүйелі байланысты жалғастырып, бір-біріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.
Екі Президент стратегиялық серіктестікті нығайтып, оны жаңа әрі нақты мазмұнмен толықтыруға ниетті екенін білдірді.

Бұған дейін Қазақстан Оңтүстік Кореяға Alatau City жобасын іске асырудағы негізгі стратегиялық серіктестердің бірі болуды ұсынған еді. Сеулдегі президенттер келіссөзінде Alatau City қайтадан екіжақты экономикалық күн тәртібінің негізгі бағыттарының бірі ретінде аталды.
