Киноға кіру жеңілдеді.
Жасанды интеллект шағын шығармашылық ұжымдарға ірі студиялармен бәсекелесуге мүмкіндік беріп отыр, алайда технологияның бақылаусыз қолданылуы ортақ қауіпсіздік ережелерін қажет етеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қазанда Astana AI Film Festival халықаралық кинофестивалінің ашылу салтанатында айтты. Мемлекет басшысы жасанды интеллект шығармашылық индустрияға түбегейлі өзгеріс әкеліп жатқанын және бұл үдерісті тоқтату мүмкін емес екенін мәлімдеді.

Тоқаев фестивальді «ұшқыр ой мен тың бастамалардың бәсекесі» деп атады
Президент Astana AI Film Festival жобасының ерекшелігіне тоқталып, оны технология мен шығармашылық тоғысқан жаңа халықаралық алаң ретінде сипаттады.
«Astana AI Film Festival» – ізденімпаз, білімпаз, жаңашыл, жасампаз азаматтар сынға түсетін, бұрын-соңды болмаған бірегей жоба. Бұл – ұшқыр ой мен тың бастамалардың бәсекесі. Қазіргі заман – білім мен ғылымның және озық инновацияның дәуірі. Жасанды интеллект әлем экономикасының барлық саласына түбегейлі өзгерістер әкелуде. Бір сөзбен, технологиялық ілгерілеу, яғни прогресс жаппай жаһандық сипатқа ие болды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, фестиваль Қазақстандағы креативті индустрияның қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Елде осы бағытта біртұтас экожүйе қалыптастыру шаралары қабылданып, талантты азаматтарға қолдау көрсетіліп жатыр.

ЖИ дамуын тоқтату мүмкін емес, бірақ ортақ ереже қажет
Технология шығармашылық мүмкіндіктерді кеңейткен сайын оның қауіпсіздігіне қатысты мәселе де өткірлене түседі.
Тоқаев саясаткерлер, ғалымдар мен технология саласының көшбасшылары жасанды интеллектінің мүмкіндіктері мен оны бақылаусыз пайдаланудың қатеріне алаңдап отырғанын айтты. Президент бұл үдерісті Прометей алауы және ядролық энергетикамен салыстырды.
«Технология бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып жатқан тұста саясаткерлер, ғалымдар мен сала көшбасшылары жасанды интеллект мүмкіндіктерінің және оны бақылаусыз қолданудың қатері арта түскеніне алаңдаулы. Бір анығы, бұл үдерісті тоқтату мүмкін емес. Менің ойымша, оған ешкімнің таласы жоқ. Адамзат тарихында Прометей алауы өркендеудің нышаны болумен қатар дүлей күш ретінде де қарастырылды. Ядролық энергетикаға қатысты да осы мысалды келтіруге болады. Сондықтан ең әуелі қауіпсіздікке баса назар аударып, жасанды интеллектіні дамыту мен жауапкершілікпен қолдану ережесін әзірлегеніміз жөн. Бұл өскелең ұрпақтың алаңсыз келешегі үшін қажет. Болашақ технологиясының зор шығармашылық әлеуетін игілікке жарату үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Бүгінгі фестивальдің басты идеясы да осы», – деді ол.
Бұл жерде екі бағыт қатар көрінеді: жасанды интеллектіні шығармашылық құрал ретінде кеңінен пайдалану және технологияны жауапкершілікпен қолданудың ортақ қағидаларын қалыптастыру.

Шағын командалар енді үлкен студиялармен бәсекелесе алады
Президент кино индустриясындағы ең елеулі өзгерістердің бірін нарыққа кіру мүмкіндігінің жеңілдеуімен байланыстырды.
Жасанды интеллект құралдары шағын шығармашылық топтарға бұрын ірі студиялардың өндірістік мүмкіндіктерін қажет еткен міндеттерді орындауға жол ашып отыр. Тоқаевтың айтуынша, авторлар үшін продюсер немесе демеуші табу қажеттілігі де бұрынғыдай шешуші кедергі емес.
«Қазіргі таңда шағын шығармашылық ұжымдар үлкен студиялармен бәсекелесе алады. Шығармашылық адамдары мен түсірілім топтары үшін фильм түсіруде продюсерлік компаниялардың табалдырығын тоздырып, демеуші іздеудің қажеті жоқ. Нарыққа шығудың жолы әлдеқайда жеңілдеді. Бұл бір жағынан бәсекелестікті арттырып, екінші жағынан талантты адамдардың өзін танытуына мүмкіндік береді. Осы оң өзгерістерді креативті қауымдастықты біріктіру жолында тиімді пайдалануымыз керек. Әрине, жасанды интеллект асқан дарын иесімен шендесе алмайды, дегенмен ғұмырын шығармашылыққа арнаған адамдар үшін таптырмайтын көмекші», – деді Президент.
Бұл өзгерістің ауқымы фестивальге түскен жұмыстардан да байқалады. Astana AI Film Festival байқауына 125 ел мен өңірден 8 067 фильм жолданған. Қазақстандық авторлар 829 жұмыс ұсынып, өтінім саны бойынша АҚШ-тан кейін екінші орынға шықты.
Байқауға жалпы 4 756 автор қатысқан. Негізгі The Future Worth Living In тақырыбы бойынша 3 138 фильм түсірілсе, тағы 4 929 туынды тақырыптық шектеуі жоқ ашық бағдарламаға ұсынылған.

Фестивальдің жалпы қоры $2 млн-ға жетті
Astana AI Film Festival технологиялық эксперимент шеңберінен шығып, авторларды қаржылай қолдайтын алаңға да айналып отыр.
Фестивальдің жалпы қоры $2 млн. Оның $1 миллионы жүлделерге бөлінген, тағы $1 млн перспективалы командаларды инвестициялық қолдауға арналған. Іріктелген жобаларға фестиваль аяқталғаннан кейін де өндірісті жалғастыру және жобаларын Қазақстанда дамыту мүмкіндігі беріледі.
Бұл көрсеткіштер жасанды интеллект көмегімен жасалатын киноның жеке шығармашылық бағыт ретінде қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Байқауға түскен фильмдердің жалпы ұзақтығы 100 мың минуттан асқан, ал ең ұзақ жұмыс 4 сағат 3 минутқа созылады.

125 елден 8 мыңнан астам өтінім Астанаға келді
Тоқаев фестивальдің дәл Астанада өткізілуін Қазақстанның демографиялық ерекшелігімен де байланыстырды. Президенттің айтуынша, ел халқының орташа жасы – 33 жас.
Фестивальдің географиясы да кең: жұмыстар АҚШ, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Индонезия, Жапония, Бразилия, Франция және басқа мемлекеттерден келген.
«Астана төрінде осындай жаһандық ауқымдағы іс-шараның өтуі кездейсоқ емес. Қазақстан – жастардың елі, халқымыздың орташа жасы – 33 жас. Мен Қазақстан жастарын білімге ұмтылатын, жаңалыққа құштар, озық ойлы азаматтар деп санаймын. Жақынға да, алысқа да мейіріммен қарау, ешкімді бөліп-жармау – халқымыздың бойында бар асыл қасиет. Мұны әлем жұртшылығы да жақсы біледі және мойындайды деп ойлаймын. Мәселен, бүгінгі фестивальге әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам өтінім келіп түсті. АҚШ, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Индонезия, Жапония, Бразилия, Франция және өзге де ел азаматтары өз жұмысын жолдады. Осы тұста қазылар алқасының құрамында әлемге әйгілі өнер және технология саласының мамандары бар екенін айрықша атап өткім келеді. Мен бүгін баршаңызға ерекше алғыс айтамын. Осы байқаудың арқасында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асырады деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ашылу салтанатында Astana AI Film Festival халықаралық фестивалінің негізін қалаушы Алмас Жали, Freedom Holding Corp бас директоры Тимур Турлов, Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан, фестиваль қатысушысы Джамин Таскер және қазылар алқасының төрағасы Одри Азуле де сөз сөйледі.

Astana AI Film Festival 1–3 қазан аралығында өтеді. Жеңімпаздар 3 қазанда жарияланады, ал финалистердің жұмыстары Chaplin кинотеатрларының үлкен экрандарында көрсетіледі
Фестивальдің халықаралық байланыстары бұған дейін де қалыптаса бастаған. Жазда біз Қазақстан мен Қытайдың AI-кино, AIGC технологиялары, бірлескен өндіріс және халықаралық дистрибуция бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға келіскені туралы жазған едік.