Криптонарықтың қаншалықты қажет екенін тексерудің бір қолайсыз тәсілі бар: биткоин бағасы енді өспейді деп елестетіп көрейік. Сонда пайдаланушының қолында әмиянындағы активтен басқа не қалады? Бұл сұрақтың жауабы қандай индустрия қалыптастырып жатқанымызды аңғартады. Баға құбылысынан табыс табу үшін ыңғайлы төлем жүйесі, түсінікті комиссия мен жедел қолдау қызметі аса қажет болмауы мүмкін. Ал криптовалютаны күнделікті пайдалану үшін мұның бәрі керек.
Қазақстанда бұл әңгіменің нақты практикалық мәні пайда бола бастады. Криптоплатформалар банк жүйесімен бірігіп, цифрлық активтермен QR арқылы төлем жасау мүмкіндігі ашылып жатыр. Ал өңірлік есеп айырысу хабын құру жоспары елдің халықаралық қаржы ағындарындағы орнын қайта қарауға мүмкіндік береді. Дегенмен әр жаңа сервистің артында қарапайым сұрақтар тұр: операция қанша тұрады, аударым кідірсе кім жауап береді және лицензия пайдаланушыны нақты неден қорғайды?
DKNews.kz осы мәселелерді Binance Kazakhstan басшысы Нұрхат Көшімовпен талқылады. Сонымен бірге ақшаны жасанды интеллектіге сеніп тапсыруға бола ма, теңгемен төлеу онсыз да ыңғайлы кезде криптовалюта не үшін қажет және бүгінгі уәделердің орындалғанын бір жылдан кейін қалай бағалаймыз деген сауалдарға жауап іздеді.
Нұрхат, биткоин бағасы бір жыл бойы өспейді деп елестетейік. Ондай жағдайда қарапайым қазақстандыққа Binance не үшін керек?
Шын мәнінде, бұл — біздің индустрия үшін ең қызықты сұрақтардың бірі. Өйткені криптонарық дамуының келесі кезеңі цифрлық активтердің құндылығын биткоиннің бүгін өскенімен не өспегенімен ғана өлшеуді тоқтатқан кезде басталады.
Қазақстанда мұның алғашқы нәтижесін көріп отырмыз. Пайдаланушы банк инфрақұрылымы арқылы шотын теңгемен және доллармен толықтыра алады, цифрлық активтерді реттелетін ортада сатып алып, сата алады. Енді күнделікті сатып алуларына үйреншікті QR арқылы криптовалютамен төлеу мүмкіндігі де бар. Binance Pay Қазақстан бойынша 5 мыңнан астам сауда нүктесінде қолжетімді.
Шетелдік тапсырыс берушілермен жұмыс істейтін, саяхаттайтын немесе жинағының бір бөлігін цифрлық активтерде сақтайтын адамды елестетіңіз. Бұрын ол осы қаражатын пайдалану үшін активін сатып, айырбастап, ақшаны банк шотына аударуы керек еді. Біз осындай артық қадамдарды біртіндеп азайтып келеміз.
Сондықтан Binance банк қосымшасының орнын басуы керек деп ойламаймын. Болашақ осы екі жүйенің өзара байланысында жатыр. Банк адамға таныс қаржы инфрақұрылымын ұсынады, блокчейн активтер мен есеп айырысудың жаңа түрлеріне жол ашады. Ал пайдаланушының мүмкіндігі көбейіп, өзіне ыңғайлысын таңдайды.
Өз ақшаңызды басқаруды жасанды интеллектіге сеніп тапсырар ма едіңіз?
Бірнеше жылдан кейін бұл сұрақ бүгінгі «Банк қосымшасына шоттарыңызды автоматты түрде төлеуді сеніп тапсырасыз ба?» деген сұрақ сияқты қабылданатын шығар деп ойлаймын.
Әрине, бұл ертең бар ақшамды ЖИ-ге беріп, «қалағаныңды істей бер» деймін деген сөз емес. Бірақ даму бағыты айқын: жасанды интеллект біртіндеп адамның қаржылық көмекшісіне айналып келеді.
Әуелі ол ақпаратты талдайды. Одан кейін түрлі нұсқаны салыстыруға көмектеседі. Келесі қадам — пайдаланушы белгілеген ережелер шегінде белгілі бір әрекеттерді орындау.
Бұл тұрғыда блокчейннің мүмкіндігі ерекше қызықты. Дәстүрлі қаржы жүйесінде ЖИ-агентке көптеген жабық жүйемен жұмыс істеуге тура келеді. Ал блокчейнде бірқатар әрекетті смарт-келісімшарттар арқылы бағдарламалауға болады.
Сондықтан адамның ЖИ-агентіне: «Жазылым ақыларын төле, отбасыма осынша қаражат аудар, ал бос қаражатты мен белгілеген ережелерге сай орналастыр» дейтін болашағын әбден елестете аламын. Осы операциялардың едәуір бөлігі автоматты түрде орындалады.
Бірақ бақылау адамның өзінде қалады: лимиттерді, қолдануға болатын құралдарды және тәуекел деңгейін өзі белгілейді.
Миллиондаған адам ЖИ-ден қай монетаны сатып алған дұрыс екенін сұрай бастаса, инвестициялық шешімдері жақсара ма, әлде бәрі бір мезетте бірдей қателесе ме?
ЖИ әр адамды кәсіби инвесторға айналдырып жібермейді. Бірақ сапалы қаржылық талдауды әлдеқайда қолжетімді ете алады.
Қазір нарықтың кәсіби қатысушысы орасан көп ақпаратпен жұмыс істейді: жаңалықтар, макроэкономика, блокчейндегі операциялар туралы деректер, өтімділік динамикасы, өткен кезеңдердің көрсеткіштері. Қарапайым адамға осының бәрін өңдеп шығу қиын.
Ал ЖИ бірнеше секунд ішінде осынша ақпаратты жүйелеп, түсінікті тілмен жеткізе алады.
Меніңше, мұнда маңызды өзгеріс болып жатыр: бұрын негізінен кәсіби мамандар пайдаланған талдау құралдары енді қарапайым пайдаланушыға да қолжетімді бола бастады.
Бірақ жақсы ЖИ-көмекші «мына монета міндетті түрде өседі» демеуі керек. Ол «міне, деректер, мынадай сценарийлер болуы мүмкін, ал тәуекелдері осындай» деп түсіндіруі қажет.
ЖИ адамның көбірек ақпарат алуына көмектеседі. Ал шешімді бұрынғыдай адамның өзі қабылдайды.
AI & Digital Bridge алаңында технологиялардың мүмкіндігін көрсетіп жатыр. Ал қазір алаяқтарға ең көп көмектесіп отырған қандай технология?
Бір қызығы, алаяқтарға жаңа құрал берген технология бізге де қорғаныстың әлдеқайда қуатты тәсілдерін ұсынып отыр.
Иә, генеративті ЖИ өте сенімді хабарламалар жазуға, құжаттарды, суреттерді немесе дауысты қолдан жасауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге ол қаржы платформаларының алаяқтықты анықтау мүмкіндігін түбегейлі өзгертіп жатыр.
Қазір Binance жүйесінде ықтимал алаяқтық пен өзге де тәуекелдерді нақты уақыт режимінде талдайтын жүзден астам ЖИ-модель жұмыс істейді. 2026 жылдың бірінші жартысында бұл жүйелер 8 миллионнан астам пайдаланушыны қорғауға және шамамен 4,6 миллиард доллар көлеміндегі ықтимал шығынның алдын алуға көмектесті.
Сондықтан ЖИ-ді тек жаңа қатер ретінде қарастырмас едім. Қаржы индустриясы үшін ол, ең алдымен, алаяқтық болғаннан кейін әрекет етуден оның алдын алуға көшу мүмкіндігін береді.
Алаяқтар технологияны жетілдіріп жатыр, бірақ қорғаныс жүйелері де ақылды бола түсуде.
Сіздер лицензиясы бар серіктестер арқылы P2P қызметін іске қостыңыздар. Мысалы, мен 300 мың теңге аудардым, бірақ криптовалюта түспеді. Менің мәселемді кім шешеді?
Қазақстанға реттелетін криптонарық үлгісінің не үшін қажет екені дәл осындай жағдайда анық көрінеді.
Binance Kazakhstan платформасындағы P2P пайдаланушы бейтаныс адаммен мәміле жасайтын классикалық үлгіден өзгеше құрылған. Хабарландыруларды ұлттық реттеушілердің немесе AFSA-ның лицензиясы бар қаржы ұйымдары орналастырады. Ал пайдаланушылар міндетті түрде жеке басын сәйкестендіру рәсімінен өтеді.
Яғни біз әр тараптың мәртебесі айқын, операция реттелетін инфрақұрылым аясында өтетін және дау туындаған жағдайда оны қарау тәртібі бар жүйе құрып жатырмыз.
Пайдаланушы үшін мұның айырмасы үлкен. Ол кіммен операция жасап отырғанын және мәселе туындаса қайда жүгіну керегін біледі.
Сондықтан жергілікті реттелетін инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән береміз. Пайдаланушы ашық әрі реттелетін жүйе ішінде неғұрлым көп операция жасай алса, жалпы нарыққа деген сенім де соғұрлым артады.
Адам «лицензия» деген сөзді көргенде «ақшам қорғалған» деп ойлайды. Оның қай тұсы дұрыс, ал қай тұсы қауіпті жаңсақ түсінік болуы мүмкін?
Негізгі ойы дұрыс: лицензиясы бар платформаны таңдаған пайдаланушы құқықтық және институционалдық қорғаныстың басқа деңгейіне қол жеткізеді.
Лицензияланған компания белгіленген ережелермен жұмыс істейді, реттеушінің талаптарын орындайды және оның қадағалауында болады. Пайдаланушыға түсінікті рәсімдер бар, ол компанияға жүгіне алады. Қажет болса, реттелетін жүйеде көзделген құқықтарын қорғау тетіктерін пайдаланады.
Яғни адам интернеттің бір түкпіріндегі белгісіз платформамен бетпе-бет қалмайды. Компания бар, реттеуші бар, заңнама бар. Осы жүйенің бәрі пайдаланушының мүддесін де қорғауға тиіс.
Сондықтан біздің негізгі кеңестеріміздің бірі қарапайым: цифрлық активтермен жұмыс істеуді шешсеңіз, лицензиясы бар, реттелетін платформаларды таңдаңыз.
Сонымен бірге лицензия инвестицияның табиғатын өзгертпейді. Активтің нарықтық бағасы төмендесе, бұл — инвестициялық тәуекел, пайдаланушы құқығының бұзылуы емес.
Лицензия ойын ережелерін және пайдаланушыны қорғау тетіктерін береді.
Қызмет құнын нақты сомамен тексеріп көрейік: мен 100 мың теңге салып, криптовалюта сатып аламын да, бірден сатып, ақшаны кері шығарамын. Қолымда қанша қалады?
Мен әңгімені қанша қалатынынан бастамас едім. Егер биткоинді бір минуттан кейін қайта сату үшін сатып алсаңыз, бәлкім, оны сатып алудың өзі қажет емес шығар.
Цифрлық активтерді пайдаланудың мәні теңгені биткоинге, одан қайта теңгеге барынша аз шығынмен айналдыруда емес. Нақты мақсат болғанда құндылық пайда болады: инвестиция салу, актив сақтау, қаражат аудару немесе төлем жасау.
Бірақ сіздің тәжірибеңіз басқа жағынан пайдалы: ол платформаның қаншалықты ашық екенін көрсетеді. Пайдаланушы операция жасамай тұрып бағамды, комиссияны және қорытынды соманы көруі керек. Растау түймесін басқанға дейін шешімінің қаншаға түсетінін түсінуге тиіс.
Сондықтан 100 мың теңгеңізден 99 900 немесе 99 500 теңге қалады деп уәде бергім келмейді. Сатып алуға дейін операцияның нақты құнын біліп, оның өзіңізге қажет-қажет еместігін шеше алғаныңызды қалаймын.
Меніңше, қаржы сервисі үшін әдемі саннан гөрі қызмет құнының ашық болғаны маңызды.

Қазақстан мен Binance өңірлік есеп айырысу хабын дамытуға келісті. Кезекті халықаралық жобаның таныстырылымынан бөлек, ел нақты не ұтады?
Мен үшін ең маңыздысы — әңгіме Binance-тің Қазақстан нарығына қол жеткізуі туралы ғана болып отырған жоқ. Binance-тің өңірлік қаржы инфрақұрылымының бір бөлігін Қазақстанға орналастыру көзделіп отыр.
Ұлттық банкпен жасалған меморандум елде халықаралық төлемдер мен аударымдарға арналған өңірлік есеп айырысу хабын дамытуды қарастырады. Оған Binance-тің Орталық Азия, ТМД және Шығыс Еуропадағы клиенттерінің цифрлық активтермен операциялары да кіреді. Сондай-ақ Қазақстанда топтың тиісті ұйымын және инфрақұрылымын құрып, Ұлттық банктен қажетті лицензия алу жоспарланған.
Бұл — ауқымы мүлде бөлек мақсат.
Бұрын Қазақстан жаһандық криптоиндустрияның бір нарығы болса, енді сол индустрияның бір бөлігі тұтас өңірге қызмет көрсететін орталыққа айналу мүмкіндігі туып отыр.
Ел үшін бұл — кәсіби құзырет, технология, қаржы инфрақұрылымы және цифрлық қаржы қызметтерінің экспорты.
Сондықтан бұл жобаны стратегиялық маңызы бар бастама деп санаймын.
Хаб жобасы бойынша не істелді, ал не әзірге ниет деңгейінде қалып отыр?
Алғашқы маңызды шешім қабылданды: Ұлттық банк пен Binance ынтымақтастықтың үлгісі мен бағытын айқындап, оны меморандумда бекітті.
Енді ең қызықты кезең — тұжырымдаманы нақты инфрақұрылымға айналдыру басталады.
Тиісті ұйымды құру, лицензиялау рәсімінен өту, технологиялық және операциялық жүйені қалыптастыру, қажетті жүйелерді өзара біріктіру керек.
Бұл — ауқымды жұмыс. Бірақ Қазақстан бәрін нөлден бастағалы отырған жоқ. Мұнда реттелетін цифрлық активтер нарығы, банк инфрақұрылымы, реттеушілік құмсалғыш және дәстүрлі қаржы мен криптоиндустрия тоғысындағы нақты жобалар бар.
Сондықтан келесі міндетіміз — келісімнен жұмыс істейтін үлгіге көшу.
Қазақстандық кәсіпкерге шетелдік жеткізушіге төлем жасау керек делік. Болашақ хаб оған қалай көмектесе алады?
Бұл — заманауи төлем инфрақұрылымының қай бағытта дами алатынын көрсететін жақсы мысал.
Қазір халықаралық төлем бірнеше банк пен делдал арқылы өтуі мүмкін. Бұл жылдамдыққа, құнға және операцияның ашықтығына әсер етеді.
Цифрлық активтер мен блокчейн осы тізбектің жекелеген бөліктерін басқаша ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Соның арқасында операциялар жылдамырақ әрі технологиялық тұрғыдан тиімдірек болуы ықтимал.
Өңірлік хаб осындай үлгілерді реттелетін ортада зерттеп, іске асыруға мүмкіндік беретін инфрақұрылымдық негізге айналуға тиіс.
Бұл жерде Қазақстан технологияны пайдаланушы ғана емес, өңірдің өзге нарықтарына қаржы инфрақұрылымын ұсынатын ел де бола алады. Жобаның ең қызықты тұсы — осы.
Ал нақты төлем бағыттары, тарифтер мен мерзімдер операциялық үлгі қалыптасқан сайын белгілі болады.
Бұл жоба үшін неге Қазақстан таңдалды?
Өйткені соңғы бірнеше жылда Қазақстан маңызды қадам жасады: «Бізге цифрлық активтер қажет пе?» деген сұрақтан «Оларды қаржы жүйесіне қалай дұрыс енгіземіз?» деген сұраққа көшті.
Қазір бірнеше бағыт қатар дамып келеді: реттелетін криптоплатформалар, криптовалюта мен дәстүрлі ақшаны байланыстыратын инфрақұрылым, криптотөлемдер, стейблкоиндер, токенизация және трансшекаралық есеп айырысу.
Президенттің цифрлық активтер индустриясын дамыту туралы жарлығында трансшекаралық төлемдерге арналған стейблкоиндерді, токенизацияланған құралдарды және Alatau City цифрлық инфрақұрылымын одан әрі дамыту тікелей көзделген. Ең бастысы — нақты өнімдер пайда болып жатыр.
Біз Binance Kazakhstan платформасын банк инфрақұрылымымен байланыстырдық, реттелетін P2P мен Binance Pay қызметін іске қостық. Ендігі қисынды қадам — қалыптасқан инфрақұрылым мен жинақталған тәжірибені өңірлік деңгейде пайдалану.
Сондықтан Қазақстанның өңірдегі цифрлық қаржының негізгі орталықтарының біріне айналуға нақты мүмкіндігі бар.
Қазақстандықтар Binance-ті негізінен не үшін пайдаланады: сауда жасай ма, қаражат сақтай ма, әлде ақша аудара ма?
Пайдаланушылардың әрекеті әртараптанып келеді. Мен үшін бұл — нарық дамуының ең жағымды белгілерінің бірі.
Қазақстандағы пайдаланушылар арасында жүргізген соңғы сауалнамамызға сәйкес, 60,2 пайызы криптовалютаны инвестиция үшін, 58,5 пайызы қосымша табыс табу үшін, 48,8 пайызы ұзақмерзімді жинақ үшін қарастырады.
Бірақ одан да қызықты дерек бар: 32,8 пайызы қазіргі немесе болашақтағы пайдалану мақсаты ретінде тауарлар мен қызметтерге төлем жасауды, ал 25,1 пайызы халықаралық аударымдарды атаған.
Тағы бір көрсеткіш: 64,6 пайызы алдағы 3–5 жылда ең жылдам өсетін бағыттардың бірі криптотөлемдер болады деп күтеді.
Бұл көзқарастың өзгеріп жатқанын көрсетеді. Адамдар «Бұл актив қанша тұрады?» деген сұрақпен шектелмей, «Оны не үшін пайдалана аламын?» деп сұрай бастады.
Мен үшін нарықтың келесі даму кезеңіне өтуі дегеніміз — осы.
Біз QR арқылы төлеуге әлдеқашан үйрендік. Теңгемен төлем бір секундта өтсе, кофені криптовалютамен сатып алудың не қажеті бар?
Ол үшін теңгеден бас тартудың қажеті жоқ.
Жақсы технологияның мақсаты — адамды әдетін өзгертуге мәжбүрлеу емес. Мақсаты — үйреншікті әрекеттің ішінде тағы бір таңдау ұсыну.
Сондықтан біз қолданыстағы QR-инфрақұрылыммен бірігу жолын таңдадық.
Пайдаланушы Binance Kazakhstan қосымшасын ашады, Alatau City Bank-тің таныс QR-кодын сканерлейді, цифрлық активті таңдап, төлемді растайды. Айырбастау мен жүйелердің өзара әрекеттесуі сияқты күрделі процестердің бәрі пайдаланушыға көрінбей орындалады. Дүкенге теңге түседі. Қазір бұл мүмкіндік Қазақстандағы 5 мыңнан астам сауда нүктесінде қолжетімді.
Қолында цифрлық активі бар адам үшін мұның мәні қарапайым: кофе сатып алу, мейрамханада есеп айырысу немесе күнделікті басқа да төлем жасау үшін криптовалютасын алдын ала банк шотындағы ақшаға айналдыру міндетті емес.
Технология соншалықты қарапайым болып, пайдаланушы оның қалай жұмыс істейтінін ойлаудан қалған кезде жаппай қолданыс басталады.
Бұрын қаржы саласын реттеумен айналыстыңыз, қазір Binance Kazakhstan-ды басқарасыз. Бизнеске келген соң қай мәселеге қатысты пікіріңіз өзгерді?
Бизнес пен мемлекет диалогті ертерек бастаса, реттеу мен инновацияның бір-бірін қаншалықты күшейте алатынын тереңірек түсіндім деп ойлаймын.
Реттеуші ретінде алдымен тәуекелді көруің заңды. Ал бизнес жағынан қарағанда технологияның пайдаланушының нақты мәселесін қаншалықты тез шеше алатынын көресің.
Осы екі көзқарасты тоғыстырғанда үшінші жол ашылады: қауіпсіздік пен инновацияның бірін таңдаудың орнына, екеуі де әуелден ескерілген өнім жасауға болады.
Меніңше, тиімді реттеу осындай болуы керек: ішкі жүйесі күрделі болғанымен, адамға түсінікті әрі қарапайым.
Ал нені міндетті түрде сақтар едім? Жеке басты сәйкестендірудің, қылмыстық кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимылдың және пайдаланушыларды қорғаудың жоғары стандарттарын. Өйткені кез келген қаржы технологиясының кең таралуына негіз болатын нәрсе — сенім.
Өзіңіз «Сізге қазір криптовалюта сатып алмаған дұрыс» дейтін адам бар ма?
Болуы мүмкін. Кез келген инвестициялық құрал сияқты, криптовалюта да адамның әрбір қаржылық жағдайына сай келе бермейді.
Егер адам ертең пәтерақыға, баласының оқуына немесе несиесін өтеуге қажет ақшаны инвестициялағалы отырса, алдымен басымдықтарын қайта қарауды ұсынар едім.
Бірақ мұнда ауқымы кеңірек мәселе бар.
Кемелденген криптонарық дегеніміз — әр адамды криптовалюта сатып алуға көндіруге тырысатын нарық емес. Ол — адамның саналы шешім қабылдауына жеткілікті ақпараты мен құралдары бар нарық.
Сондықтан Binance білім беруге, тәуекелді басқару құралдарына және қауіпсіздікке көп инвестиция салады.
Біздің ұзақмерзімді мақсатымыз — бүгін барынша көп мәміле жасату емес, қандай қызметті пайдаланып отырғанын түсінетін және экожүйеде ұзақ қалатын пайдаланушылар қалыптастыру.
Қазақстандық клиенттердің қандай шағымын есту сізге бәрінен де ауыр тиеді?
«Неге бәрі мұнша күрделі?» деген шағым шығар.
Өйткені технология адамның өмірін жеңілдетуге тиіс.
Біз реттелетін платформа құрып жатырмыз. Сондықтан жеке басты сәйкестендіру, тексерулер және алып тастауға болмайтын талаптар бар. Бірақ біздің міндетіміз — осы күрделі процестердің бәрін жүйенің ішінде қалдыру.
Соңғы уақытта жергілікті инфрақұрылымды едәуір кеңейттік: теңге мен долларды банк арқылы енгізу және шығару мүмкіндігі, реттелетін P2P, Binance Pay пайда болды. Жергілікті өнімдер қатары да ұлғайып келеді.
Келесі кезеңде жаңа функциялар қоса берумен шектелмей, олардың арасында ауысуды барынша жеңілдету керек.
Пайдаланушы операцияның артында қандай күрделі инфрақұрылым тұрғанын ойламауға тиіс. Ол қосымшаны ашып, өз міндетін шеше алса болғаны.
Криптоиндустрияның қай уәдесін асыра айтылған деп санайсыз?
Технология адамның өмірін міндетті түрде өзі анық байқайтын деңгейде өзгертуі керек деген уәдені айтар едім.
Біз блокчейн төлемдерді өзгертеді, токенизация инвестицияны өзгертеді, жасанды интеллект қаржыны басқаруды өзгертеді деп жиі айтамыз. Бірақ меніңше, шынайы жетістікке жеткенде адам технологияны байқамайтын болады.
Телефонмен төлем жасағанда сол сәтте қанша жүйенің өзара байланысып жатқанын ойламайсыз ғой. Сізге төлемнің бірнеше секундта өткені керек. Цифрлық активтермен де солай болады.
Сондықтан бес жылдан кейін әр адам блокчейнді түсінеді немесе криптовалюта ұстайды деп уәде бермес едім. Миллиондаған адам сол технологиялардың негізінде жасалған қызметтерді пайдаланып, оның қалай жұмыс істейтінін ойламайтын болашаққа көбірек сенемін.
Мен үшін индустрия жетістігінің басты белгісі — «крипто» сөзінің барлық жерде айтылуы емес, оны үнемі атап отыру қажеттігінің жоғалуы.
Бір жылдан кейін AI & Digital Bridge алаңында қайта кездессек, Қазақстанға берген уәделеріңіз орындалғанын түсіну үшін қандай нәтижені тексеруім керек?
Мен өте қарапайым көрсеткішке қарар едім: адамдар күнделікті өмірде шын мәнінде пайдаланатын цифрлық қаржы өнімдері көбейді ме?
Таныстырылымның санына да, меморандумның санына да емес, нақты операцияларға қарау керек.
Бір жылдан кейін келесі деңгейге шыққанымызды көрсеткім келеді: пайдаланушылар көбейсе, нақты қолдану мүмкіндіктері артса, Қазақстаннан ішкі нарыққа ғана емес, тұтас өңірге қызмет көрсететін инфрақұрылым одан әрі дамыса деймін.
Мұндағы мақсат түсінікті: бір жылдан кейін Қазақстан туралы цифрлық қаржымен тәжірибе жасап жатқан ел ретінде емес, оны экспорттайтын ел ретінде сөйлессек.
Осы нәтиже үшін жауап беруге дайынмын.
Іс жүзіндегі сынақ
Көшімовтің жауаптарынан қолында цифрлық активі бар, енді оны аударып, айырбастап немесе жұмсағысы келетін пайдаланушыға басымдық беріліп отырғаны байқалады. Мұндай адам үшін биржаның банк шотымен байланысы немесе QR арқылы төлеу мүмкіндігі нақты мәселені шешеді. Бірақ жаңа пайдаланушыны тарту қиынырақ болады. Табысы да, шығыны да теңгемен жүретін адамға криптовалюта арқылы өтетін қосымша жол айқын артықшылық беруі керек. Бір ғана ыңғайлы интерфейс жеткіліксіз.
Бұл әсіресе халықаралық есеп айырысуда анық көрінеді. Токенді жылдам аудару — төлемнің бір бөлігі ғана. Арғы жағында алушы қаражатты өзіне қажет валютада алуға тиіс. Ал бүкіл операция қажетті тексерулерден өтіп, құны қолайлы болып қалуы және қате кетсе оны шешудің жолы болуы керек. Жаңа инфрақұрылымның қаншалықты пайдалы екені дәл осы тұстарда белгілі болады.
Сондықтан Қазақстандағы хабтың келешегі жарияланған уәделерде әзірге нақтыланбаған мәселелерге байланысты: қандай бағыттар қолжетімді болады, тарифтер қандай, ақша қанша уақытта түседі, қатысушылардың жауапкершілігі қалай бөлінеді? Елдің басты мүмкіндігі де осында. Қазақстан арқылы нақты есеп айырысу ыңғайлы әрі тиімді болса, өңірлік орталық құрудың экономикалық мәні пайда болады.
Бір жылдан кейін мұны биткоин бағасын талқыламай-ақ тексеруге болады. Кәсіпкерден жеткізушіге төлем жасау қаншаға түскенін, аударым қанша уақыт алғанын және осы тәсілді тағы қолдана ма деп сұрау жеткілікті. Соңғы сұрақтың жауабы криптонарықтың қаншалықты кемелденгенін бәрінен де жақсы көрсететін шығар.
Binance-тің өңірлік есеп айырысу хабын құру жоспары және оның қандай операцияларға қызмет көрсететіні туралы DKNews.kz материалынан оқыңыз: «Binance өңірлік есеп айырысу хабын Қазақстанда құрмақ».