Астанада дипломаттар шахматтан сынға түсті: миллион кімге бұйырды

378
Анастасия Ким Редактор
Фотосурет: KazChess

Дипломаттар келіссөзді шахмат тақтасына алмастырды. Астанада 14 ел мен 11 халықаралық ұйымның өкілдері бас қосып, жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайтын турнирде бақ сынасты. Бас жүлдені Польша елшілігінің әскери атташесі Славомир Кедзерски жеңіп алды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Diplomatic Chess Cup 2026 халықаралық шахмат турнирі Coventry University Kazakhstan кампусында үшінші рет өтті. Жарысты Қазақстан шахмат федерациясы мен ҚР Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырды. Оған «Астана» дипломатиялық клубы, Freedom компаниялар тобы және Coventry University Kazakhstan қолдау көрсетті.

Польшалық әскери атташе 42 қарсыласынан басым түсті

Турнирге барлығы 43 шахматшы қатысты. Олардың арасында елшіліктер мен консулдықтардың, Еуропалық одақтың, БҰҰ Даму бағдарламасының, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының және БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өкілдері болды.

Сондай-ақ Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) Хатшылығының қызметкерлері де шахмат тақтасында кездесті.

Күнделікті жұмысы халықаралық қатынастармен, дипломатиялық байланыстармен және қауіпсіздік мәселелерімен байланысты мамандар бұл жолы шеберлігін шахмат арқылы сынады.

Бірінші орынды Польша елшілігінің әскери атташесі Славомир Кедзерски иеленді. Бұл оның Қазақстандағы дипломаттар арасындағы шахмат турниріне екінші рет қатысуы.

Польшалық дипломат шахматты жай ермек емес, өміріндегі маңызды қызығушылықтарының бірі деп санайды. Дегенмен Қазақстандағы қарсыластары оған оңайлықпен ұпай бермейді.

«Қазақстанда рейтингтік ұпайларымның біразынан айырылдым. Оларды қарсыластарыма сыйладым десем де болады. Әсіресе мұндағы жастар өте мықты ойнайды. Меніңше, Қазақстанда шахмат қарқынды дамып келеді. Осы ретте қазақстандық шахматшы қыздарды құттықтағым келеді. Олимпиадада қатарынан екі рет күміс медаль жеңіп алу — орасан зор жетістік», — деді Славомир Кедзерски.

Үздік бестікке кімдер кірді?

Турнирде бас жүлде Польша өкіліне бұйырғанымен, қалған жүлделі орындарға әртүрлі дипломатиялық құрылымдардың өкілдері ие болды.

Жарыстың қорытындысы бойынша үздік бестік мынадай:

  1. Славомир Кедзерски — Польша елшілігінің әскери атташесі.
  2. Марат Ибраимов — дипломат.
  3. Жамбыл Жұпархaн — Германияның Алматыдағы консулдығы қызметкерінің жұбайы.
  4. Әлімжан Ахметов — Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) Хатшылығының қызметкері.
  5. Нұрлан Жумекин — АҚШ-тың Астанадағы елшілігінің қызметкері.

Жекелеген санаттар бойынша да үздік қатысушылар анықталды.

Әйелдер арасында ең жоғары нәтиже көрсеткен Лашын Жанарбек болды. Ол Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Отандастар» қорының өкілі.

50 жастан асқан қатысушылар арасында Германияның Алматыдағы Бас консулдығының өкілі Юрген Зайц үздік атанды.

Ал дипломатиялық өкілдіктердің бірінші басшылары арасындағы номинацияда елші, АӨСШК Хатшылығының өкілі Алхиасат Мутаз жеңіске жетті.

Жарыстың толық қорытындысы мен қатысушылардың нәтижелері халықаралық Chess-Results платформасында жарияланған.

Неміс дипломаты 55 жылдан бері шахмат ойнайды

Турнирдің ең тәжірибелі қатысушыларының бірі Юрген Зайц Астанаға Алматыдан арнайы келді. Ол шахмат ойнауды алты жасында бастаған. Содан бері 55 жыл өтіпті.

Зайц Алматыда дипломаттар арасында шахмат жарыстарын өзі де ұйымдастырады. Сондықтан мұндай турнирді өткізу үшін қаншалықты көп дайындық қажет екенін жақсы біледі.

Ал өзінің шахматтағы жетістіктеріне әзілмен қарайды.

«Мен алты жасымнан бері шахмат ойнаймын. Міне, 55 жыл болды. Бірақ әлі күнге дейін жақсырақ ойнап кеткен жоқпын. Дегенмен мен үшін мұндағы ең бастысы — жеңіске жету емес, қызықты адамдармен танысып, жаңа тәжірибе жинау», — деді Юрген Зайц.

Оның айтуынша, жарыстан түсірілген әдемі суреттердің артында ұйымдастырушылардың үлкен еңбегі жатыр. Неміс дипломаты Қазақстан шахмат федерациясына турнирге қайта қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.

Неліктен 14 елшілік Қазақстандағы университетте бас қосты?

Diplomatic Chess Cup биыл үшінші рет ұйымдастырылды. Бастапқы мақсат — дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлеріне ресми кездесулерден тыс ортада танысып, еркін пікір алмасуға мүмкіндік беру.

Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова шетелдік дипломаттардың турнирге қызығушылығы жыл сайын байқалатынын айтты.

«Біз шахматтың түрлі ұлт өкілдерін біріктіретінін көріп отырмыз. Сондықтан турнирде достық пен өзара құрмет атмосферасын қалыптастырғымыз келеді. Жыл сайын әртүрлі елдердің елшіліктері мен консулдықтары тарапынан қызығушылық бар екенін байқаймыз. Олар шахматты жақсы көреді. Тақта басында тек жарысып қана қоймай, ортақ тіл табысады», — деді Гүлмира Дәулетова.

Турнирдің Қазақстан үшін білім беру саласына қатысты да мәні бар.

Coventry University Kazakhstan президенті Мирас Дәуленовтің айтуынша, университет жанында дипломатиялық клуб жұмыс істейді. Оның аясында апта сайын екі-үш елші студенттерге дәріс оқиды.

Шахмат турнирі осы жұмыстың жалғасына айналған. Халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері университетке ресми дәріс өткізу үшін ғана емес, бейресми жағдайда пікір алмасу үшін де келеді.

«Шахмат ойнауға шақыруымызды 14 елшілік қабыл алды. Қатысушылар үшін бұл жеңіске таласып қана қоймай, өзара араласуға, әлемде болып жатқан оқиғаларды талқылауға мүмкіндік береді», — деді Мирас Дәуленов.

Phoenix Chess Cup жеңімпазы университетте оқу грантын алады

Coventry University Kazakhstan дипломаттар арасындағы жарыспен шектелмейді. Оқу орнында Phoenix Chess Cup атты жеке шахмат турнирі де өткізіледі.

Оның жеңімпазына университетте білім алуға грант беріледі.

Бұл студенттер мен болашақ талапкерлер үшін нақты мүмкіндік. Шахмат тақтасындағы жеңіс университетте грант негізінде оқуға жол аша алады.

Мирас Дәуленовтің айтуынша, оқу орны шахматты студенттік өмірдің тұрақты бөлігіне айналдыруды көздейді.

Университет басшысы үнемі шахмат ойнайтын студенттердің шешім қабылдауда өздерін сенімдірек ұстайтынын және стратегиялық ойлауды қажет ететін тапсырмаларды жақсырақ орындайтынын байқағандарын жеткізді.

Осы себепті университет шахматты дамытуға және мұндай турнирлерді тұрақты өткізуге көңіл бөліп отыр.

Freedom Bank шахмат пен дипломатияның ұқсастығын атады

Турнирге Freedom компаниялар тобы қолдау көрсетті.

Freedom Bank-тің Астанадағы басшысы Ардақ Елеусізов шахмат пен дипломатияның ортақ қырларына тоқталды. Оның пікірінше, екі салада да стратегиялық ойлау мен әр шешімнің салдарын алдын ала бағалау маңызды.

«Шахмат пен дипломатия қатар жүреді. Екеуінде де стратегиялық ойлау, түрлі нұсқаларды таразылау және келесі жүрістің қандай нәтижеге әкелетінін түсіну маңызды. Freedom үшін мұндай турнирлерге қолдау көрсету — үлкен мәртебе. Барлық қатысушыға қызықты партиялар мен сәттілік тілеймін!», — деді Ардақ Елеусізов.

Ресми дипломатиялық кездесулермен салыстырғанда шахмат турнирінің ерекшелігі айқын. Мұнда қатысушылардың лауазымы мен дипломатиялық мәртебесі қарсыласынан басым түсуге көмектеспейді.

Жарыс қорытындысы да соны көрсетті. Бірінші орынды Польшаның әскери атташесі иеленсе, екінші орынға дипломат Марат Ибраимов тұрақтады. Үздік бестікке Германия консулдығымен, АӨСШК Хатшылығымен және АҚШ елшілігімен байланысты қатысушылар кірді.

Ұйымдастырушылар үшін турнирдің нәтижесі 1 миллион теңгелік жүлде қорын бөлісумен аяқталмайды. Оның тағы бір мақсаты бар: түрлі елдердің дипломаттарына ресми хаттамасыз, еркін жағдайда қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беру.

Ал 55 жылдан бері шахмат ойнап келе жатқан Юрген Зайцтың сөзі бұл кездесулердің мәнін аша түседі. Тәжірибелі дипломат үшін шахмат тақтасындағы жеңістен гөрі жаңа адамдармен танысып, тәжірибе алмасу маңыздырақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -