Қазақстандық полицейлер халықаралық шахмат турнирінде шетелдік әріптестеріне жол берді. Астанада өткен Arlan Chess Cup 2026 жарысында Әзербайжан құрамасы топ жарды. Грузия екінші орынға жайғасса, қазақстандық команда үздік үштікті түйіндеді, деп хабарлайды DKNews.kz.
17 қарашада Қазақстан астанасында алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылған Ішкі істер министрінің кубогына арналған шахмат турнирі өтті. Жарысты Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан шахмат федерациясы Freedom компаниялар тобының қолдауымен ұйымдастырды.
Әзербайжан құрамасына гроссмейстер жеңіс әкелді
Биылғы турнирде қазақстандық тәртіп сақшылары шетелдік әріптестерімен шахмат тақтасында бақ сынасты. Қатысушылар үшін қарсыластың жүрісін алдын ала болжай білу тек спортта ғана емес, күнделікті қызметте де қажет дағды.
Халықаралық командалық жарыста Әзербайжан құрамасы жеңімпаз атанды. Алтын медальді Хаджиали Ахадзаде, Рауф Мамедов және команда капитаны Заур Маджидов иеленді.
Жеңімпаздар сапында полиция подполковнигі, шахматтан гроссмейстер Рауф Мамедовтың өнер көрсетуі турнирдің басты ерекшеліктерінің бірі болды.
Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова жарыс барысында Әзербайжан құрамасының мықты жасақталғанына назар аударған еді.
«Әзербайжан құрамасында подполковник әрі гроссмейстер Рауф Мамедов ойнайды. Меніңше, мұндай ойыншының болуы командаға басымдық береді», – деді Гүлмира Дәулетова.
Екінші орынды Грузия құрамасы жеңіп алды. Күміс жүлде Торнике Габуния, Зураб Ксоврели және команда капитаны Бесик Какаладзеге бұйырды.
Үшінші орын қазақстандық Arlan-1 командасына тиді. Оның құрамында Арман Әубәкіров, Олжас Түгелбаев және команда капитаны Арман Джалдыгулов өнер көрсетті.
Қазақстандағы шахмат турнирі алғаш рет халықаралық деңгейге шықты
Бұған дейін Arlan Chess Cup тек Қазақстанның құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында өткізіліп келген. Үш жыл бойы жарысқа еліміздің әр өңірінен келген полицейлер қатысқан.
2026 жылы турнирдің ауқымы кеңейді. Астанаға Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан және басқа да мемлекеттердің құқық қорғау органдарының өкілдері келді.
Гүлмира Дәулетованың айтуынша, жарысты халықаралық деңгейге шығару бастамасын Қазақстанның Ішкі істер министрлігі көтерген.
Турнирдің мақсаты спорттық бәсекемен ғана шектелмейді. Мұндай кездесулер түрлі елдердің құқық қорғау органдары арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
ҚР ІІМ Жеке құраммен жұмыс жөніндегі департаментінің бастығы Олжас Мырзабеков шахматтың полиция қызметкерлері үшін маңызына тоқталды.
«Мұндай кездесулердің маңызы спорт шеңберінен әлдеқайда кең. Олар өзара сенім мен кәсіби байланысты нығайтып, елдеріміз арасындағы достықты дамытуға ықпал етеді. Ал бізді біріктіретін ең басты құндылық – заң мен тәртіпке адалдық. Қазақстанға келген шетелдік әріптестерімізге алғыс айтамын», – деді Олжас Мырзабеков.
Оның сөзінше, шахмат ойлау қабілетін, төзімділік пен шеберлікті дамытады. Бұл қасиеттер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін қызметкерлер үшін де қажет.

Қырғызстандық полицей турнирдің үздік ойыншысы атанды
Халықаралық жарыста Әзербайжан құрамасы командалық есепте жеңіске жеткенімен, жеке номинациялардағы марапаттар өзге елдердің өкілдеріне де бұйырды.
Турнирдің үздік ойыншысы атағын Қырғызстан өкілі Алмазбек Абакиров иеленді.
Арнайы номинациялар бойынша жүлделер былай бөлінді:
- Үздік ойыншы – Алмазбек Абакиров, Қырғызстан.
- Жеңіске деген жігері үшін – Ильхом Ганизода, Тәжікстан.
- Үздік партия үшін – Арман Бектас, Қазақстан, Arlan-2 командасы.
Грузиялық полицей Торнике Габуния үшін Астанадағы жарыстың орны бөлек болды. Ол алғаш рет шетелдегі шахмат турниріне қатысты.
Грузия ІІМ Әкімшілік департаментінің қызметкері бірнеше жыл шахмат ойнағаннан кейін ұзақ уақыт үзіліс жасағанын айтты. Екі жыл бұрын полицияда қызмет етіп жүрген кезінде сүйікті ойынына қайта оралған.
«Бұл – менің шетелдегі алғашқы шахмат турнирім. Бұған дейін Грузияда үш-төрт жыл шахмат ойнадым, кейін ұзақ уақыт қол үздім. Шамамен екі жыл бұрын полицияда жұмыс істеп жүрген кезімде қайтадан шахмат ойнай бастадым», – деді Торнике Габуния.
Оның айтуынша, Астанадағы турнир шахматқа деген қызығушылығын одан әрі арттырған.

Қазақстанның 55 полицейі республикалық жарыста бақ сынасты
Халықаралық турнирмен қатар Астанада республикалық шахмат жарысы да ұйымдастырылды. Оған еліміздің ішкі істер органдарынан 55 қызметкер қатысты.
Жеке есепте Ақмола облысы Полиция департаментінің қызметкері Ерлан Тұрымбетов жеңімпаз атанды.
Екінші орынды Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің өкілі Ерғали Сауран иеленді. Үшінші орын Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкері Паша Османовқа бұйырды.
Жарыста ерекше көзге түскен қатысушылардың бірі – Қостанай қаласындағы ІІМ академиясының өкілі Аида Жанатбекқызы.
Ол республикалық турнирге қатысқан жалғыз әйел болды. Ерлермен тең дәрежеде бәсекеге түсіп, жалпы есепте алтыншы орынға тұрақтады және турнирдің үздік ойыншысы атанды.
55 қатысушының арасынан алғашқы алтылыққа енуі оның жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Арнайы жүлделер тағы екі өңірдің полицейлеріне табысталды.
Үздік партия үшін Қарағанды облысы Полиция департаментінің өкілі Саят Сатанов марапатталды. Ал жеңіске деген жігері үшін берілетін сыйлықты Алматы облысы Полиция департаментінің қызметкері Құралбай Әбділбеков алды.

Түркістан облысының полицейлері командалық есепте топ жарды
Республикалық турнирдің командалық жарысында Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері жеңіске жетті.
Алтын медальді Паша Османов, Мәди Ешмұратов және команда капитаны Еркегәлі Қуандық иеленді.
Екінші орын Атырау облысы Полиция департаментінің командасына бұйырды. Оның құрамында Шыңғыс Әбдіров, Сайфолла Санжан және капитан Арман Жанабаев өнер көрсетті.
Үшінші орынға ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің командасы жайғасты. Құрамында Қанат Омаров, Әлішер Асатов және капитан Жандос Жақсалықов болды.
Түркістан облысының өкілі Паша Османов бір турнирде екі жүлде жеңіп алды. Ол жеке есепте қола медаль иеленсе, командалық жарыста чемпион атанды.

Шахмат полиция қызметкерлері арасында неге танымал?
Қазақстанда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің шахматқа қызығушылығы Arlan Chess Cup турнирімен шектелмейді.
Бұған дейін біз Алматыда Senat Open – 2026 республикалық жобасы аясында полицейлер мен күштік құрылым өкілдері арасында өткен шахмат жарысы туралы жазған едік.
Мұндай жарыстар түрлі бөлімшелерде қызмет ететін мамандарға қызметтен тыс жағдайда кездесіп, стратегиялық ойлау қабілетін шыңдауға мүмкіндік береді.
Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова шахмат пен полиция қызметінің ортақ тұстарын түсіндірді.
«Шахмат тақтасының басында да, қызмет барысында да жағдайды талдап, бірнеше қадам алға ойлау маңызды. Сонымен қатар шахмат стандарттан тыс шешім табуға көмектеседі», – деді Гүлмира Дәулетова.
Биыл халықаралық деңгейге көтерілген Arlan Chess Cup Әзербайжан құрамасының жеңісімен аяқталды. Қазақстандық полицейлер халықаралық командалық жарыста қола жүлде иеленіп, үздік партия номинациясында да марапат алды.
Ал республикалық бәсекеде Ақмола және Түркістан облыстарының өкілдері үздік нәтиже көрсетті.

