Жапон студенттеріне арналған Жазғы мектеп

1367

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қиыр Шығыс кафедрасында Цукуба университетінің студенттеріне арналған Жазғы мектеп ұйымдастырылды. Шара екі жоғары оқу орны арасындағы «Campus in campus» келісімшарты аясында жүзеге асты, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Ынтымақтастық туралы келісім білім ордаларының өзара ғылыми және білім беру қызметтерімен бөлісуіне, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы зерттеу жобалары, сонымен қатар жапон тілін оқыту әдістері бойынша тәжірибе алмасуына жол ашты. Нәтижесінде оқу орнының Шығыстану факультетінде «жазғы», «қысқы» мектептерді ұйымдастыру игі дәстүрге айналды. Биылғы жылы да пандемия жағдайына байланысты бұл үрдіс жапонтану бөлімінде онлайн форматта өз жалғасын тапты.

Әріптес университет студенттері бұл жолы «Аймақтану. Орталық Азияның тілі, тарихы, мәдениеті» бағдарламасы бойынша білім алды. Жазғы мектептің негізгі үйлестірушісі – кафедраның аға оқытушысы, т.ғ.к., Ж.Е. Ашинова.

Жазғы мектеп кезінде жапондық студенттер «Қазақстанның Орталық Азиядағы саясаты», «XX ғасырдың соңындағы Орталық Азия мемлекеттерінің саясатындағы қайта құрулар», «XX ғасырдың соңындағы Орталық Азия мемлекеттерінің экономикалық ахуалы, дүниежүзілік дағдарыстың әсері», «Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынасы», «Қазақ және жапон тілдеріндегі ұқсастықтар», «Жапон лингвомәдениетіндегі бақыт ұғымы» тақырыптарына қанықты. Дәрістерді PhD, доцент м.а. Т.Ниномия, Е.А.Ахапов, аға оқытушы, PhD Б.Қ.Ақын, Ш.Т.Сауданбекова, т.ғ.к.,доцент Л.Т.Балакаева, т.ғ.к., аға оқытушы Ж.Е.Ашинова, с.ғ.д., доцент Д.В.Мен, аға оқытушылар С.К.Боранқұлова мен А.М. Нұрелова сынды білікті сала мамандары жүргізді.

Жапон жастары қазақ халқының ежелгі тарихы мен мәдениеті, әдет-ғұрпы мен дүниетанымына үлкен қызығушылық танытты. Олардың айтуынша, бұл жайлы кітаптан ғана емес, қазақ ғалымдарының өзінен оқып білу аса маңызды. Пікірталас барысында білімгерлер қазақтардың жапон халқымен ұқсас тұстары көп екенін атап өтті.

Бүгінде жапонтану бөлімі оқытушыларының дәрістеріне сұраныс артып келеді. Қазіргі таңда Цукуба университетінен бөлек, Жапон елінің өзге де жоғары оқу орындарының студенттеріне онлайн-дәріс оқу жоспарлануда.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -