Түлектер жаңа үлгідегі диплом алды

2350

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлектері алғаш рет жаңа үлгідегі диплом алды. Биыл қарашаңырақты 6600 студент тамамдады. Оның ішінде 4 798-і бакалавр бітірсе, 1 611 жас ғылым магистрі атағын иеленді, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Салтанатты жиынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ашты. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында оқу бітірген жастарға арнаған құттықтау сөзінде университет басшысы Елбасының қанатты сөздерін мысалға алды. «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» деп Тұңғыш Президентіміздің барша азаматтарға, әсіресе, жастарға үлкен сенім артқанын жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та: «Халқымыздың дана ойшылы Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты» дей келе, бұл тұжырымдардың қазір де аса өзекті екенін, ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу міндет екенін айтқан болатын.

Сонымен қатар ректор әлемдік 200 үздік университет қатарына енген оқу орнының жыл сайын биік белестерді бағындырып, интеллектуал жастар легін тәрбиелеп келе жатқанын атап өтті. Үлкен өмірге жолдама алған жастарға қашанда ізденімпаз әрі бәсекеге қабілетті болуды нұсқап, ел игілігі жолындағы еңбекте сәттілік тіледі.

Онлайн режімде өткен жиында білім ордасының басшысы құттықтаудан кейін ең үздік түлектерге диплом табыстады. Бітірушілер өз кезегінде ҚазҰУ дипломын алу үлкен жетістік екенін мақтанышпен айтып, мемлекетіміз бен қоғамды дамытуға белсене еңбек ететіндерін мәлімдеді. Университет басшылығы мен оқытушыларға сапалы білім мен тағылымды тәрбие бергені үшін шексіз алғыс білдірді.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -