ҚазҰУ ұжымы Жолдауды үш нүктеден тыңдады

1920

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын үлкен ыждаһаттылықпен қабылдады, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Кафедра меңгерушілері, оқытушылар, студенттер, факультеттер басшылығы мен декандары Жолдауды кампустың үш нүктесінде бір мезгілде тыңдады және мемлекет басшысы айтқан алдағы кезеңдегі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтары мен міндеттерін бірауыздан қолдады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен еліміздің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі негізгі даму мақсаттарын атап өтіп, экономикалық және әлеуметтік мәселелерге тоқталды.

Жолдауда білім беру саласының қолжетімді әрі инклюзивті болу керектігі айтылды. Жыл сайын 50 мың студент жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түседі. Президент олардың 85 пайызы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққанын тілге тиек ете келе, жасөспірімдерге ерте кәсіптік бағдар беруді ұсынды. Елге қажет мамандарды даярлау үшін техникалық және кәсіптік білім беру жобасының жалғасатынын жеткізді. Сонымен қатар жоғары оқу орындары сапалы әрі қажетті кадр даярлауға тікелей жауапты екенін еске салды.

Қазақстан Президенті ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында Үкіметке цифрландыруды қайта жаңғырту міндетін қойып, ұлттық жоба аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман дайындау қажеттігін атап өтті. Қазақстандықтар смартфондардан мемлекеттік қызметтердің 100 пайызын алуы керек. Барлық мәселелерді шешу үшін жақын арада түбегейлі шешімдер қажет екендігі алға тартылды.

Айта кету керек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ алғашқылардың бірі болып Жағдаяттық басқару орталығын ашты. Онда барлық ғылыми-білім беру және шаруашылық қызмет сандық форматта жүзеге асырылады. Студенттердің ата-аналары ЖОО мамандары әзірлеген жаңа бұлтты технологиялардың арқасында «Универ» жүйесі арқылы балаларының сабаққа қатысуы мен оқуын бақылай алады. Студенттер жатақхана алуға өтінімін онлайн жібере алады.

ҚазҰУ ұжымы Президенттің ең төменгі жалақы деңгейін қайта қарау және 2025 жылға дейін бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын 20%-ға арттыру қажеттілігі туралы ұсынысын қазіргі уақыттың ең өзекті мәселесі санайды. Жылдың басты құжатында ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері көтерілмегені айтылды. «Әлемдік коронакризис халықтың табысына қысымды күшейтті. Бұдан басқа, ең төменгі жалақы деңгейі бойынша Қазақстан ТМД-ның бірқатар елдерінен төмен. Сондықтан 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны ағымдағы 42 500-ден 60 мың теңгеге дейін ұлғайтуға шешім қабылдаймын», – деді Мемлекет басшысы. Бұл шараның бір миллионнан астам адамға, ал жанама түрде барлық еңбекшілерге тікелей қатысты болатынын атап өтті.

Жаңа оқу жылынан бастап ҚазҰУ-да оқытушылардың жалақысы 38%-ға артып, бүгінгі күні 200 000 теңгені құрады. Аға оқытушы – 230 000 теңге, доцент – 330 000 теңге, профессор – 500 000 теңге алады. Бұдан басқа, философия докторы (PhD), ғылым кандидаты, ғылым докторы дәрежесі, біліктілік деңгейі үшін қосымша ақы белгіленді. Сондай-ақ, жоғары рейтингті шетелдік басылымдарда ғылыми мақалалар жариялаған оқытушылар мен профессорларға жылына екі рет сыйақы төлеу қарастырылған. Білім ордасының басшылығы үшін еңбек белсенділігін ынталандыру мәселесі әрқашан басымдыққа ие.

Ел Президенті әзірленген коронавирусқа қарсы вакцинаға да жіті назар аударды. «Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі. Коронавирусқа қарсы отандық QazVac вакцинасының тиімді және қауіпсіз екендігіне күмән жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ ҚазҰУ мамандары мен ғалымдарының ҚР БҒМ комитетінің Жұмыс тобының құрамында ДДҰ-ның «QazCovid-19» вакцинасы бойынша сертификаттауға құжаттарды дайындауға сарапшы ретінде қатысқанын атап өткен жөн.

Жолдауда Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін нақты міндеттер қойылып, оларды шешудің негізгі жолдары көрсетілді.

ҚазҰУ ұжымы Президент Жолдауының университет қызметі мен оқу үдерісінің негізіне алынатынын айта келе, оны жүзеге асыруды бірауыздан қолдады.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -