ҚазҰУ-да «Мәңгілік Ел» сағат стеласы бой көтерді

187396

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Мәңгілік ел» сағаты салтанатты түрде ашылды. Бұл архитектуралық нысан ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, түлектердің университетке сыйға тартуы.


Сағаттың ашылу салтанатына ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы, Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми, ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашит Жүкенов, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚазҰУ-дың Құрметті профессоры, 1983 жылғы түлегі Салтанат Байқошқарова және ҚазҰУ Директорлар кеңесінің мүшесі Арманжан Байтасов сынды тағы да басқа зиялы қауым өкілдері, Нұр-Сұлтан мен Алматы шаһарынан арнайы келген меценаттар мен университеттің оқытушы-профессорлары және білім алушы жастар қатысты.

Шараға арнайы шақырылған меймандар сөз сөйлеп, бүгінгі айтулы оқиғамен құттықтады. ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы, Түлектер қауымдастығының президенті Қайрат Мәми өз кезегінде жобаның мақсаты – ҚазҰУ қалашығының тұрғындары мен қонақтарына оқу, жұмыс істеу және тұрмыс үшін жайлы орта құру екенін тілге тиек етті.

«Қазақ ұлттық университетінде бірақтар жұмыстар атқарылып келеді. Түлектер қауымдастығының бастауымен студенттерге шәкіртақы беру жұмыстары жалғасын тауып келеді. Сонымен қатар қалашықтың көркеюіне үлес қосу мақсатында көптеген нысандар бой көтерді. Осы сағат стеласы құрылысы да Түлектер қауымдастығының бастауымен жүзеге асып отыр. Жасалған жұмыстарды мен мақтанышпен айта аламын», – деді Қайрат Мәми.

Қалашықта бой көтерген сағат стеласы «Мәңгілік ел» салтанат қақпасы мен орталық аллеяның жалғасы болып табылады. «Мәңгілік ел» сағаты биіктігі 19,3 метр болатын стелаға орнатылған. Нысан құрылысының негізгі іргетасы төрт тұғырлы биік бағаналармен бекітілген.

Шара барысында сөз сөйлеген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев келушілерді бүгінгі айтулы күнмен құттықтап, сағаттың неліктен «Мәңгілік ел» деп аталуын тереңінен түсіндірді.

«Мәңгілік ел» сәулет нысандары әлем елдерінде жасампаз жетістіктер мен толағай табыстар құрметіне қойылады. Сондай-ақ патриоттық тәрбие беру, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыру мақсатын көздейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік ел» идеясында нақтылап көрсеткендей,   тәуелсіздікпен бірге халқымыз мәңгілік мұратына қол жеткізді. Мәңгілік ел болу – біздің басты мақсатымыз. Баршаңызды бүгінгі «Мәңгілік ел» сағат стеласының салтанатты түрде ашылуымен құттықтаймын!» – деп ыстық лебізін білдірді университет ректоры.

Сондай-ақ шараға арнайы қатысқан Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бүгінгі сағаттың ашылуымен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. «Қазіргі таңда 100-ден аса университет студенттерді білім нәрімен сусындатып отыр.  Бүгін «Мәңгілік ел» деп аталатын сағаттың салтанатты ашылуына қатысып отырмыз. Баршаңызды құттықтай отырып, толағай табыс тілеймін!» – деді Олжас Сүлейменов.

Сонымен қатар биология ғылымының докторы, ҚазҰУ-дың құрметті профессоры, 1983 жылғы түлегі Салтанат Байқошқарова да ыстық лебізін білдірді. Ол өз кезегінде университеттің дамып келе жатқанын мақтанышпен айтатынын жеткізді.

Қалашықтан орын тепкен сағат стеласы студенттер жиі жүретін жолға орналастырылған. Бұл бірегей архитектуралық нысан әлемдік деңгейдегі студенттік кампустың ғана емес, Алматы қаласының да көркін арттыра түсетіні анық.

Салтанатты шара арнайы дайындалған концерттік бағдарламамен аяқталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -