Мәжіліс байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Түзетулер бойынша бірінші оқылым 24 қаңтарда өтті.
Еске сала кетейік, заң жобасын талқылау барысында депутаттар виртуалды байланыс операторын енгізуді ұсынған болатын. Ол тұтынушыларды байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету үшін бір немесе бірнеше ұялы байланыс операторының инфрақұрылымын қолданатын болады.
Екінші оқылымда бұл норма виртуалды операторлардың жұмысына рұқсат беру тәртібімен толықтырылды. Яғни, бұл жұмысты бастамас бұрын олар реттеушіге осы қызметті көрсетуге қабілеті мен техникалық мүмкіндіктерін растайтын құжаттар пакетін ұсынуы қажет. Операторларға тиісті рұқсатсыз жұмыс істеуге тыйым салынады.