Гүлмира Қанай: «Қазақстандағы педагогикалық білім беруді дамыту үшін не істеу керек?»

42966

Соңғы он жылдан астам уақыт ішінде еліміздің орта білім беру саласында елеулі реформалар орын алуда. Олардың ішінде, жаңартылған білім беру бағдарламасы, бағалау жүйесі, педагогикалық тәсілдер жаңартылды, инклюзивті білім берудің жаңа саясаты енгізілді. 2019 жылдың соңында қабылданған «Мұғалім мәртебесі туралы» жаңа Заң аясында мұғалімдердің жалақысы мен мәртебесінің айтарлықтай өсуіне ықпал етеді деп күтілуде.

Қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігі тарапынан университеттердің автономиясын артуы; оқытушылардың жалақысының өсуі; педагогикалық мамандықтарға талантты жастарды тарту тетіктерін дамыту; шетелдік білім ордаларымен серіктестік орнатуға жағдай жасау; ғылым мен тәжірибе арасындағы байланысты нығайту сияқты ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Әлемде орын алып жатқан өзгерістер келешек ұстаздардың бойында цифрлық сауаттылықты арттыруды талап етуде. Қазіргі таңда цифрлық педагогика, дистрибутивтік педагогика, белсенді педагогика, икемді педагогика, күнделікті өмірмен байланысқан педагогика сияқты бағыттардың дамуына әкеліп соқтырды (Witthaus et al., 2016). Мысалы, цифрлық әлемдегі оқу үдерісінде микро-оқыту, геймификация, студенттердің жеке қажеттілегіне қарай икемді оқыту сияқты тәсілдер кеңінен қолданылуда.

Осы орайда, «келешек ұстаздарды оқыту жүйесі қалай өзгеру керек» деген сұрақты әрбір жоғары оқу орыны өзіне қою керек деп ойлаймын. Өкінішке орай, соңғы зерттеулерге сүйенсек аталмыш реформаларда педагогикалық университеттер көштен кеш қалып келе жатыр деген сын қоғамда жиі айтылуда (Sharplin et al., 2020). 2018 жүргізілген Ұлттық білім академиясының зерттеулеріне сүйенсек, еліміздегі жоғары оқу орындарындағы оқу бағдарламаларының 7%-дан азы орта білім берудің жаңартылған мазмұнының компоненттерін қамтитыны анықталды. Сарапшылар «күтілетін оқу нәтижелері болашақ мұғалімдердің практикалық дағдылары мен кәсіби құзыреттілігіне емес, академиялық білімге басымдылық беретіндігін» анықтаған (ҰБА, 2018, 8 - бет).

Жоғары оқу орындары, өмір бойы білім алу концепциясын іске асыру аясында,  мектепке дейінгі кезеңнен бастап жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларының сабақтастығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бүгін алып жатқан білімі ертең ескіріп жатқан кезеңде, педагогикалық университеттер мен кәсіби біліктілікті арттыру орталықтарының арасындағы ынтымақтастықты арттыру арқылы келешек ұстаздардың үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ете аламыз. Яғни, келешек мамандардың бойында білім мен түсінік; ол білімді тәжірибеде қолдана білу, аргументтеу негізінде тұжырым жасай білу, және мәселелерді шешу; ақпаратты жинау және түсіндіру; ақпаратты, идеяларды, шешімдерді жеткізу; өз бетімен білім алуға дағдыландыруымыз қажет.

Соңғы 50 жыл ішінде ұстаздарды кәсіби дайындау жөнінде жасалған зерттеулер ұстаздың бойында шешім қабылдау қабілетін, білімін, рефлексиясы мен бейімділігін дамытуға баса назар аудару қажет екендігін көрсетеді. Әлемдік тәжірибелерге сүйенсек, ең тиімді ұстаздар, – ол тәжірибе мен зерттеуді ұштастыра білетін, өздерінің тәжірибелерін жетілдіруде сол зерттеулерді қолдана білетін мамандар  (Cochran-Smith & Lytle 1993, 1999). Басқаша айтқанда, келешек ұстаздар – жоғары білікті рефлексивті практиктер бола білуі маңызды (Florian et al., 2013). Осы тұрғыда, университеттік бағдарламалардың рөлі – студенттерге тәжірибеге негізделген зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беру, оларға өз тәжірибелерін бағалау мен қалыптастыру мақсатында зерттеу дағдыларын дамытулары маңызды.

Сонымен қатар, келешек ұстаздардың тек пәндік біліктіліктерін ғана емес,

  • эмоционалдық дағдыларын дамытуымыз қажет. Біздің эмоционалды дамуымыз ерте бастан білімді меңгерумен тығыз байланысты. Голманның пікірінше, оқушылардың эмоционалдық жағдайы мен зияткерлігі тең дәрежеде қарастырылу керек. Зерттеулерге сүйенсек, жаңа білім беруде ұстаздар нақты фактілерді түсіндірудің орнына, оқушыларды эмоциялық тұрғыда көбірек тарту арқылы жаңа тақырыпты түсіндіруде және оқушылардың қызығушылығын сақтауда әлдеқайда табысты болатындығын көрсетті.
  • барлық балаларға бірдей берілуі керек деген қағидатқа негізделген инклюзивті білімді іске асыру педагогикалық жоғары оқу орындарының тағы бір маңызды миссиясы болу керек. Мысалы, Шотландиядағы университеттер инклюзивті ұстаз даярлауда Шульманның (Shulman, 2007) «бас» (теориялық білім); «қол» (техникалық және практикалық дағдылар); және «жүрек» (көзқарастар мен нанымдар) концептісін қолдана отырып, келешек ұстаздардың бойында адами қадір-қасиетті құрметтеу құндылықтарын баулуда.
  • халықаралық зерттеушілер ұстаздардың кәсібилігін арттырумен қатар, олардың басқа әріптестермен ынтымақтастықта жұмыс істеу және шешім қабылдау дағдыларын, яғни көшбасшылықтарын дамыту қажеттігін алға тартады (Hargreaves & Fullan, 2012). Осы тұрғыда, ұстаздардың моральдық құндылықтарын негізге ала отырып, күнделікті  әрекеттері  арқылы  сынып пен мектептің ішіндегі оқу мен оқытудың және жалпы ұйымның дамуына ықпал етуі деп қарастыру  маңызды  (Hoyle  &  Wallace,  2009).

Қорыта келгенде, елімізде орын алып жатқан реформаларды жылдамдату және педагогикалық білім берудің сапасын арттыру мақсатында келесідей ұсыныстар бергім келеді:

Біріншіден, біз, жоғары оқу орындарының өкілдері, профессорлық-оқытушылық құрам дәрежесіндегі академиялық автономияны ары қарай кеңейтуіміз қажет.

Екіншіден, біз оқытушылардың эмпирикалық зерттеу жасау әлеуетін арттырып, зерттеу негізінде білім беру принциптерін іске асыруымыз қажет.

Үшіншіден, біз жұмыс берушілермен біріге отырып, инновациялық оқу бағдарламаларын дамытуымыз қажет.

Төртіншіден, біз келешек ұстаздарды оқытуда рефлексия, эмоционалдық зияткерлік, инклюзивтілік, әлеуметтік және шешім қабылдау сияқты дағдыларды дамытуымыз қажет.

Бесіншіден, біз кәсіби білікті арттыру орталықтарымен және жұмыс берушілермен біріге отырып, университеттерге практик мамандарды көптеп тартуымыз қажет.

Алтыншы, біз университеттердегі оқытушылар мен зерттеушілерді білім беру саласындағы реформаларды дамытуға және іске асыруға көптеп тарту маңызды.

Жетінші, біз педагогикалық білім берудің сапасын арттыру мақсатында ары қарай да университеттерді кәсіби бағыттарына сәйкес бейімдендіруді жалғастыру беруіміз қажет.

Гүлмира ҚАНАЙ,

Қазақ ұлттық қыздар педагогоикалық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор, PhD

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -