Қазақ ұлттық хореография академиясы кәсіби хореографиялық оқу орындарының Temps lié II Халықаралық фестивалін өткізеді. Іс-шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге орайластырылып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 15-19 қараша аралығында өтеді, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Фестивальдің ашылуы «Астана Балет» театрының сахнасында Рикардо Дриго музыкасына жазылған белгілі хореограф Василий Медведевтің редакциясындағы Мариус Петипаның «Раушан гүлі мен көбелектің романы» атты бірегей балет спектаклін көрсетумен өтеді. Балетке Хореография академиясының ұстаздары мен тәрбиеленушілері қатысады.
«Осы бірлескен шығармашылық жұмысы үшін балеттің тамаша редакциясын ұсынған хореограф Василий Медведевке, Рикардо Дригоның түпнұсқалық партитурасын қалпына келтірген композитор Дәулет Шакировқа, костюмдердің суретшісі Наталья Протасоваға және осы жобаға үлкен жауапкершілікпен және шығармашылық шабытпен қатысқан Академия ұстаздары мен тәрбиеленушілеріне алғысымды білдіремін», - деп атап өтті Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмуратова.
«Раушан гүлі мен көбелектің романы» балеті – М. Петипаның үлкен театрлар сахнасында қойылмаған соңғы туындысы. Міне, ғасырдан астам уақыт өткен соң талантты хореографтар мен жас әртістердің күш-жігерінің арқасында Қазақ ұлттық хореография академиясы осы спектакльді қайта жаңғыртып, оны ең үздік балет театрларының бірінің сахнасында ұсынады.
Қазақ ұлттық хореография академиясы үшін «Раушан гүлі мен көбелектің романы» балетінің премьерасы тарихи маңызды кезең болып табылады, осы «кішкентай жауһар» біздің визиттік карточкамыз болады, және де ең қуаныштысы, аталмыш балеттің қойылымы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келуі аса маңызды. Астана Балет театрының сахнасында қойылатын Мариус Петипаның «Раушан гүлі мен көбелектің романы» балеті – Қазақ ұлттық хореография академиясы білім алушыларының өз еліне деген баға жетпес сыйлығы», - деп Алтынай Асылмуратова өз ойын білдірді.
Биылғы жылы Temps lié балет фестивалі онлайн форматта Ballet Academy YouTube арнасында өтетінін қосымша хабарлаймыз.