Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде "Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – саяси тұрақтылық пен экономикалық өркендеудің негізі ретінде Н.Назарбаевтың құқықтық моделі" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиынның мақсаты - Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің қалыптасуы мен дамуы мәселелерін талқылау. Айтулы шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр, - деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Конференцияға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы - Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, Н.Назарбаев қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, Түркия Республикасы Конституциялық сотының төрағасы Арслан Зухту, сот және атқарушы билік органдары мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері, сарапшылар және жоғары оқу орнының оқытушы-ғалымдары мен студенттері қатысты.
Жиын басында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы - Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, конференцияның маңыздылығына тоқталды.
“Биыл - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл. Бұл - еліміз үшін ерекше кезең, тарихи оқиға. Қазақстан қысқа уақыт ішінде үлкен жолдан өтті. Дербес саяси-құқықтық жүйе орнап, дамыған экономика құрылды. Ел болашағын айқындаған игіліктің барлығы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында тиімді жүзеге асты. Бүгінде Елбасы негізін қалаған тәуелсіздігіміздің тірегі саналатын Ата заңымыз мемлекет пен қоғамда орын алған барлық қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамудың бастауына, қозғаушы күшіне айналды”, - деп атап өтті университет ректоры.
Шара барысында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми конференцияға жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Сонымен қатар Жансейіт Түймебаев Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгенде алғаш құттықтаған Түркия Республикасы екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде конференцияға арнайы қатысқан Түркия Республикасы Конституциялық сотының төрағасы Арслан Зухту қазақ халқын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бауырлас елдің гүлденуі мен дамуына тілекшімін. Бүгінгі конференцияға қатысуға шақырғандарыңызға бек рақмет», - деп алғысын білдірді.
Бұдан бөлек, конференцияға Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов және Қазақстан Республикасының Әділет министрі Марат Бекетаев онлайн қосылып, өз пікірлерін ортаға салды.
Конференция барысында қатысушылар Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен даму үдерістеріне саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық талдау жүргізді. Сонымен қатар жиналғандар еліміздің халықаралық кеңістіктегі рөлі мен адам құқықтарын қорғау жағдайын да ойталқыға салды.
Шара соңында Түркия елінен келген Арслан Зухтуға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Құрметті профессоры» атағы беріліп, алтын медаль төсбелгісімен марапатталды.