«Жыр алыбы – Жамбыл» фестивалі өтті

34782

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Жыр алыбы – Жамбыл» республикалық фестивалінің гала-концерті өтті. Жамбылдың 175 жылдығына арналған заманауи фестиваль отандық хип-хоп индустрияның талантты өкілдерінің басын қосты, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.


Фестивальдің мақсаты – Жамбыл мұрасын насихаттай отырып, жас таланттарды қолдау, ел аймақтарының өзара шығармашылық байланысын нығайту.

Кеште Instagram, YouTube, Facebook әлеуметтік желілері арқылы іріктелген жастар өз өнерлерін паш етті. Олардың арасында Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері: орыс, белорус, өзбек, ұйғыр және басқа да этнос өкілдері болды. Жас таланттар рэп және әндерді қазақ тілінде орындады. Жамбыл ақынның шығармашылығынан қуат алған қатысушылардың артистік шеберлігі, сөз саптауы, вокалдық қабілеттері өнерсүйер қауымның көңілінен шықты.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, жобаға қатысушы жастар мол тәжірибе жинағандарын жеткізді. Солардың бірі – Қостанай қаласынан келген Денис Яковлев. Ол Жамбылдың «Угай-ай» әнін домбырамен орындады.

– Жамбылдың заманында ақындар айтысы кеңінен тараса, қазір жастар арасында – рэп-баттл танымал. Фестиваль жас ұрпақтың Жамбыл жырларына деген жаңаша көзқарасын жеткізді, – деді Денис.

Шара Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бірлесуімен жүзеге асты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -