Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Биотехнология кафедрасы Nobel Алматы фармацевтикалық фабрикасымен өзара ынтымақтастық келісімін жасауға уағдаласты. Өзара ықпалдастық мәселелері кафедра меңгерушісі Аида Қыстаубаева мен компанияның бас директоры Селчук Танриверди мырзаның кездесуі барысында талқыланды, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Жемісті жүздесуде «Биотехнология», «Микробиология» мамандығы студенттерінің компаниядан өндірістік тәжірибеден өтуі, кафедра оқытушыларының халықаралық тиісті өндірістік практика ережелеріне сәйкес, кәсіпорынның заманауи зертханаларында біліктілік арттыруы және басқа да бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағыттары кеңінен қарастырылды.
Компания басшысы өз тарапынан тиімді әріптестік орнатуды қолдай отырып, Биотехнология кафедрасының білім беру бағдарламасына жаңа пәндерді енгізуді ұсынды.
Қазіргі уақытта елімізде Nobel фармацевтикалық компаниясы дәрі-дәрмектерді өндіруде көшбасшы болып табылады. Оның өнімдері қазақстандық фармацевтика нарығының салмақты үлесін қамтиды. Компания химиялық-фармацевтикалық препараттардан неғұрлым тиімді биотехнологиялық өнімдерге біртіндеп ауысуда.
«Мұндай жоспарларды жүзеге асыру үшін биотехнологиялық әдістермен алынған биологиялық препараттар мен биосимилярлар өндірілетін жаңа зауыт салу қолға алынбақ. Осыған байланысты біз бүгінде жоғары білікті мамандар тапшылығын сезініп отырмыз. Бұл мәселені шешу үшін ҚазҰУ-дың Биотехнология кафедрасы ұжымымен бірлесе жұмыс істеуге әзірміз», – деді компания басшысы.
Келіссөз нәтижесінде мамандарды мақсатты түрде бірлесіп дайындау келісілді. Сондай-ақ компания конференцияларға демеушілік жасау және оқу процесіне қажетті материалдармен қамтамасыз ету арқылы кафедраға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.