Елбасы кітапханасы мен ТүркПА меморандумға қол қойды

3044

Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясы (ТүркПА) хатшылығының бас хатшысы Мехмет Сюрейя Эр бастаған делегация бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына келді, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Сапар барысында Елбасы кітапханасы мен ТүркПА ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

«Бауырлас түрік халқы – егемендігімізді алғаш болып мойындаған ел. Аталмыш құжатқа қол қою арқылы қос мекеме екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамытудың кезекті қадамын жасап отыр. Бұл рәсімнің тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен еліміздің ТүркПА-ға төрағалық ету жылының тұсында айрықша маңызы зор. Түркі әлемінің ақсақалы ретінде Елбасы түркітілдес елдердің интеграциясының серпініне, мәдени және рухани құндылықтарымыздың дамуына елеулі үлес қосты. Бірлескен күш-жігеріміз білім беру, мәдени және ғылыми бағыттар саласындағы өзара іс-қимылдың сапалы деңгейін қамтамасыз етуге ықпал ететініне сенімдіміз» Бақытжан Темірболат

Меморандум ТүркПА-ға мүше мемлекеттердің өзара әрекеттестігін нығайтып, түркі халықтарының мәдени және тарихи мұрасын, тілдерін, дәстүрлерін, рухани құндылықтарын сақтау мен дамыту мақсатында бірлескен мәдени, білім беру және зерттеу жобаларын іске асыру арқылы түркі халықтарының ынтымақтастығын арттыруды көздейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған ТүркПА – бауырлас елдердің бірлігін бекемдейтін беделді ұйым.

«Жаңа сын-қатерлерге төтеп береміз десек, өзара ынтымақтастықты барынша нығайта түсуіміз қажет. Әріптестеріміздің әлеуетін арттырып, түркі әлемінің халықаралық аренадағы рөлін күшейтуге тиіспіз» Қ. Тоқаев
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев саяси аренада көреген саясаткер, парасатты тұлға ретінде үлкен құрметке ие. Осы орайда ТүркПА Елбасының есімімен аталған кітапханамен, яғни білім мен ғылымды, тарих пен мәдениетті шоғырлатқан орталықпен серіктес болуға қуаныштымыз. Ынтымақтағымыз нығая берсін! Елдеріңіз аман, жұрттарыңыз тыныш болсын!» Мехмет Сюрейя Эр

Кездесу аясында делегация мүшелеріне Елбасы кітапханасының музейі бойынша экскурсия жүргізілді.

Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясы (ТүркПА) – түркі мемлекеттердің арасындағы парламентаралық байланыс механизмін қалыптастыруды, саяси көзқарастарды жақындастыруды, ақпарат алмасуды, түркі мәдениетін насихаттауды, экономикалық байланыстарды кеңейтуді, бірлескен жобаларды жүзеге асыруды, түркі әлемінің мәселелерін шешу жолдарын табуды көздейтін түркітілдес елдердің парламенттік бірлестігі.

ТүркПА-ны құру туралы келісімге 2008 жылғы 21 қарашада Ыстамбұлда (Түркия) қол қойылды.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -