Баптау
Тіл
Тақырып
Жаңарту

«Деловой Қазақстан» журналисі - «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» халықаралық байқауының жеңімпазы атанды

310

Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында өткен «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» халықаралық конкурсының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Жыл сайынғы Конкурс еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін көрсету, Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде «Назарбаев моделін», Елбасының идеялары мен бастамаларын кеңінен тарату мақсатында өткізіледі. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырады.

2021 жылы конкурсқа 400-ден астам жұмыс келіп түсті. Авторлар саны 91 адамды құрады. Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Түркия, Ұлыбритания, Ресей, Израиль, Иран, Канада, Әзербайжан, Тәжікстан және Украина елдерінің журналистерінен жұмыстар келіп түсті.

Іс-шараны ашқан Елбасы кітапханасының директоры, Конкурстық комиссияның тең төрағасы Бақытжан Темірболат қазақстандық БАҚ-тарды ел тәуелсіздігінің жоғары жетістіктерінің бірі деп атап өтті.

«Бүгінгі салтанатты іс-шараның екі маңызды мемлекеттік мерекелер арасында өтуінің мәні зор.  Өйткені, егемендік пен Елбасы егіз ұғым. Еліміздің барлық жетістіктері – Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан көшбасшысы ретіндегі қызметінің нәтижесі. Отыз жыл ішінде отандық БАҚ елмен бірге орасан күрделі жолдан өтіп, белгілі журналистердің тұтас шоғыры қалыптасты. Жыл сайын біздің байқауға қатысушылардың саны артып, ауқымы кеңеюде. Барлық қатысушыларға алғысымды білдіріп, шығармашылық табыс тілеймін. Келе жатқан Тәуелсіздік күні құтты болсын! Барлық қазақстандықтарға амандық, денсаулық пен бақ-береке тілеймін!» Бақытжан Темірболат

«Хабар» агенттігі Басқарма төрағасы, Конкурстық комиссия мүшесі Ерлан Бекхожин биыл келіп түскен жұмыстардың жоғары сапасын ерекше атап өтті.

«Биылғы жылғы Конкурс жүлдегерлерінің айы оңынан туды, өйткені бұл олардың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы жетістігі. Байқау халықаралық дәрежеге ие болған сәттен бастап шетелдерден көптеген материалдар келіп түсті. Бұл дегеніңіз – бүкіл әлемде Қазақстан халқы мен Елбасына деген қызығушылық артып келеді деген сөз» Ерлан Бекхожин

«Шетелдік БАҚ-тағы үздік жарияланым» номинациясы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді: 1 орын – Мухаммед Рузубай («Business Türk» журналы, Түркия), 2 орын – Ник Филдинг («East-West Review» журналы, Ұлыбритания), 3 орын – Андрей Выползов (Ресей-Қазақстан баспасөз орталығы, «Аргументы и Факты» газеті, Ресей).

«Мен «Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» байқауының жүлдесін алғаныма қуаныштымын. Бұл халықаралық байқау мен өте жақсы көретін елде ұйымдастырылған, өйткені Қазақстан – менің тарихи отаным. 28 жыл ішіндегі шығармашылық жолымда менің көптеген жұмыстарым мен жобаларым түркі әлемінің тарихынан нәр алды. Ұлы Абай, Шыңғыс Айтматов туралы көбірек қаузаймын. Менің шығармашылығымда Қазақстан мен Нұрсұлтан Назарбаевтың феномені туралы мақалалардың орны ерекше Мухаммед Рузубай

«Газеттер мен журналдардағы үздік мақала» номинациясы бойынша 1 орынды – Абай Отар («Egemen Qazaqstan» газеті,  Нұр-Сұлтан қ.), 2 орынды – Игорь Прохоров («Казахстанская правда» газеті, Нұр-Сұлтан қ.), 3 орынды – Ғалым Қожабеков («Astana aqshamy» газеті, Нұр-Сұлтан қ.) жеңіп алды.

«Елбасы кітапханасы ұйымдастыратын конкурсқа жыл сайын мақалаларымды жолдап тұратынмын. Биыл еңбегім еленіп, жүлдегерлер қатарынан көрінгеніме өте қуаныштымын. Әріптестерімді бүгінгі марапаттарымен құттықтаймын. Алдағы келе жатқан Тәуелсіздік күні құтты болсын» Абай Отар

«Үздік телевизиялық материал» номинациясы бойынша 1 орын – Інжу Қабылдинаға («Хабар» телеарнасы, Нұр-Сұлтан қ.), 2 орын – Ирина Якунинаға («Astana tv» телеарнасы, Өскемен қ.), 3 орын – Виталий Несіпбаевқа («Qazaqstan SARYARQA» телеарнасы, Қарағанды қ.) бұйырды.

«Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы Елбасы кітапханасының конкурсы, тіпті ерекше естіледі және ондағы жеңіс – әрқайсымыз үшін үлкен жетістік. Баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Қазақстанымыз өсіп, өркендей берсін!» Виталий Несіпбаев

«Үздік радиоматериал» номинациясы бойынша 1 орынды – Салтанат Сәдібекова (Қазақ радиосы, Нұр-Сұлтан қ.), 2 орынды – Алмира Елімсарина (Қазақ радиосы, Нұр-Сұлтан қ.), 3 орынды – Евгения Гришанина (N-S радиосы, Алматы қ.) алды.

«Ғаламтор БАҚ-тағы үздік жарияланым» номинациясы бойынша 1 орындыӘсел Әлішева («Деловой Казахстан» АСП, Алматы қ.), 2 орынды – Татьяна Казанцева ( «Литер» газеті, Нұр-Сұлтан қ.), 3 орынды – Атсалим Идигов («Огни Алатау» газеті, Талдықорған қ.) иемденді.

«Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» халықаралық конкурсының лауреаттарына ақшалай сыйақылар, төсбелгілер мен дипломдар табыс етілді. Салтанатты іс-шарада қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті.

«Қазақстан Тәуелсіздігі және Елбасы» халықаралық конкурсы алғаш рет 2016 жылы жарияланды.

Конкурс 5 номинация бойынша өткізіледі: «Үздік телевизиялық материал», «Үздік радиоматериал», «Газеттер мен журналдардағы үздік мақала», «Ғаламтор БАҚ-тағы үздік жарияланым», «Шетелдік БАҚ-тағы үздік жарияланым». Конкурсқа жеке және ұжымдық жұмыстар қабылданады.

2019 жылы Конкурс халықаралық байқау мәртебесіне ие болып, оған Әзербайжан, Ұлыбритания, Германия, Израиль, Иран, Канада, Ресей, Румыния, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Украина және Жапония  елдерінен БАҚ өкілдері қатысты.

Алты жыл ішінде Конкурсқа 2,5 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Осы уақыт ішінде 90 адам (2021 жылды қоса есептегенде) Конкурстың жеңімпаздары атанды. Жүлделі орындарды иеленген конкурсанттарға арнайы төсбелгілер, дипломдар мен ақшалай сыйақылар беріледі.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Приложение DKNews для Android Приложение DKNews для iPhone
ХАА «DKNews» © 2006 -