Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев сарапшылар тобымен кезекті жиын өткізді. Кездесу барысында ректор қаңтарда орын алған қайғылы оқиғаға орай, университеттің ғалымдары мен сарапшылары бірлесіп жұмыс істеу керектігін жеткізді, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Сонымен қатар университет басшысы жаңа Қазақстан құруда ҚазҰУ-дың ғалым-сарапшылары шетте қалмай, тиісінше аянбай еңбек ету қажеттігін атап өтті.
«Алдымен қаңтар оқиғасына байланысты жан-жақты ғылыми талдаулар жасауларыңыз қажет. Оқиғаның себеп-салдарына үңіліп, кешенді жұмыстарға кірісіңіздер. Кейін барлығын қорытындылай келе, өз ұсыныстарыңызды анық және нақты білдіріңіздер», – деді университет басшысы.
Өз кезегінде сарапшылар тобының мүшесі, философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев өз ұсынысымен бөлісіп, «Мемлекетімізге, ұлттық болмысымызға, салт-санамызға қайшы келетін діни ұстанымдарға шектеу қою қажет. Сондай-ақ діни экстремизммен күресте ұлттық және рухани құндылықтарды көбірек насихаттау маңызды. Сәлафизмге заңмен тыйым салу керек және терроризммен күресте бөлінетін қаржыны бақылау механизмдерін күшейту қажет», – деді.
Кездесу соңында Жансейіт Түймебаев сарапшыларға арқаны кеңге салып, босаңсуға болмайтынын еске салып, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, жыл басында орын алған қаңтар оқиғасынан кейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасымен сарапшылар тобы құрылған болатын. Сараптама тобына талдау және мониторинг жасау, әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік құрылымдарға, органдар мен арнайы қызметтерге нақты ұсыныстар мен шешімдер әзірлеу жүктелді. Сарапшылар тобының құрамына университеттің беделді ғалымдары, академиктері, профессорлары, доценттері кірді. Олар 29 бағыт бойынша талдау жұмыстарын жүргізуде.