ҚазҰУ түлектері олимпиадада өнер көрсетеді

14839

Бүгін Бейжіңде XXIV қысқы олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Дүбірлі додада ел намысын қорғайтын 34 спортшы қатарында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектері де бар, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Олимпиадада заң факультетінің түлегі Жанбота Алдабергенова фристайл-акробатика бойынша бақ сынайды. Қазақстандық фристайлшы Еуропа кубогы кезеңдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы және екі мәрте Еуропаның абсолютті чемпионы. Әлем кубогының бірнеше кезеңінің жүлдегері, екі олимпиада ойындарының қатысушысы (Сочи, 2014 жыл, 6-орын; Пхенчхан, 2018 жыл, 13-орын).

Ал ҚазҰУ-дың Дене шынықтыру және спорт кафедрасының 2019 жылғы түлегі Дмитрий Морозов конькимен жүгіру бойынша өнер көрсетеді. Қазақстан командасының өкілі спортта жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді.  Өткен жылы Дмитрий коньки тебуден төрт құрлық чемпионатында 1500 метр қашықтықта алтын медальді қанжығасына байлады.

Айта кетсек, 2020 жылы Токиода өткен олимпиадада ҚазҰУ түлектері – дзюдошы Елдос Сметов және еркін күрестен Нұрислам Санаев, медицина факультетінің студенті Игорь Сон жарыстың қола медалін жеңіп алған болатын. Сонымен қатар университеттің 3-курс студенті Нұрдәулет Жұмағали Токиода өткен жазғы паралимпиада ойындарында 100 метрге брасс әдісімен жүзуде қола медальді иеленді.

Байрақты бәсекеге аттанған барша спортшыларымызға сәттілік пен жеңіс  тілейміз!

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -