Бүгін, 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Бұл – қытымыр қыстың көптен күткен көктемнің жылуымен алмасып, жылы өлкедегі құстардың мыңдаған шақырымды еңсеріп, ұясына оралатын күні.
Көшпенді қазақтар үшін жыл мезгілдерінің ауысуында ерекше астарлы мән-мағына бар еді. Оның ішіндегі ең ауыр да азаптысы – қыстауларда өтетін қаһарлы қыс болатын. 12 жылдық күнтізбе бойынша әр 5-6 жыл сайын даланың құтын қашырған жұт қайталанып тұрған. Қыстан жан мен мал аман шығуының өзі – дала жұрты үшін аңсар бақыт, асқан береке саналған.
Дәстүрлі түрде, Күн мейрамдары таңды қарсы алу мен Күнмен құшақ жая сәлемдесу жоралғыларымен сабақтасады. Адам таза қонысы мен таза тәніне Жаңа Күнді кіргізіп, жаңа өмірге жол ашады. Күн мен Түн теңескен шақта дүниеде бар жарық пен жақсылықтың күш-қуаты тасып, барлығы қайта жанданады деседі.
Таңмен таласа барлығы күн шапағын қарсы алатын 10 сағаттық "Бастаңғы" таңды қарсы алу шарасы өткізіледі. Бұл күні арнайы орындарда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Одан әрі бұқаралық мереке Наурыз шеруге ұласады.