Қазақстан әскерінде 2022 жылғы 11-16 сәуір аралығында болған басты оқиғалар туралы Ақмарал Оңғарова апталық жаңалықтар шолуында айтып береді, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Апта тағайындаулары
Мемлекет басшысының өкімдерімен:
Дархан Ахмадиев Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары болып тағайындалды;
Генерал-майор Лут Әлчекенов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы болып тағайындалды.
Қорғаныс министрінің бұйрықтарымен:
генерал-майор Алмаз Ахмадиев – Қарулы күштердің Тыл бастығы лауазымына тағайындалады.
полковник Бақытбек Сыдықов – Қарулы күштер Қару-жарақ бастығы қызметіне тағайындалды.
Ольга Шишигина Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Орталық спорт клубының төрағасы лауазымына тағайындалды.
Министрдің блогы
Қорғаныс министрінің блогына тұрғын үй қатынастары, басқа қызмет орнына ауысу мәселелері жөнінде 5 өтініш келіп түсті.
Бұрын келген 7 сауалға жауап жолданды.
НҚА
Қорғаныс министрлігі жергілікті әскери басқару органдарының қызметін бағалау жөніндегі нұсқаулыққа толықтырулар енгізу туралы бұйрықтың жобасын әзірледі.
Әскерге барудан жалтарған адамдарды іздестіру және оларға қатысты материалдарды құқық қорғау органдарына жіберу жұмысының нәтижелерін қызметтің тиімділігін бағалау критерийлеріне енгізуге қатысты түзетулер енгізіледі.
Ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның жұмыс істеуін қамтамасыз ету шеңберінде әскери және қос мақсаттағы өнімдерге, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің бағасын белгілеу ережелерінің жобасы әзірленді.
Бұл құжатта әскери және қос мақсаттағы тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің бағасын қалыптастыру тәртібін айқындау ұсынылып отыр.
Әскери ведомство «2022 жылы әскери міндеттілерді әскери жиындарға шақыру туралы» Қорғаныс министрі бұйрығының жобасын әзірледі.
Әскери жиындар бір ай бойы өтеді. Жиынның негізгі мақсаты әскери бөлімдердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін арттыру, әскери оқытылған ресурстарды запасқа дайындау және жинақтау болып табылады.
Жаңалықтар
Қазақстанда «Батыл тойтарыс – 2022» кешенді ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығу аяқталды. Оқу-жаттығудың белсенді кезеңін Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов бақылады.
Қорытынды кезеңде жауынгерлік атыспен батальондық тактикалық топтардың оқу-жаттығулары өткізілді. Ұлттық ұланның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері Қарулы күштердің әскери қызметшілерімен бірлесіп қалалық жағдайда және таулы жерлерде жауынгерлік іс-қимыл жүргізу тактикасын пысықтады.
Әуе қорғанысы күштерінің бөлімдері жауынгерлік жұмыстардың айтарлықтай бөлігін орындады. Әскери-көліктік авиация бөлімшелерді көшіруді жүзеге асырды. Майдан авиациясы ұшақтары мен тікұшақтарының экипаждары қарсыластың жинау пункттеріне, фортификациялық құрылыстарына және бронды техникаларына барлау жүргізіп, зымыран-бомбалардан соққы беру оқу-жауынгерлік тапсырмаларын орындады.
Әскери-теңіз күштерінің кемелері Каспий теңізінің акваториясына шығып, онда диверсияға қарсы және минадан қорғау тапсырмаларын пысықтап, штаттық қару-жарақтан практикалық атыстарды орындады. Шекара қызметінің бөлімшелерімен өзара іс-қимылда стратегиялық маңызды объектілерді күзету және теңіз портының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін пысықтады.
Материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшелері әскерлерді үздіксіз және уақтылы жабдықтау тапсырмаларын орындады. Далалық оқ-дәрі қоймалары, жанармай құю пункттері ашылды, эвакуациялық құралдар мен жөндеу шеберханалары бар зақымдалған машиналарды жинау пункттері құрылды. Қару-жарақ пен әскери техниканы жауынгерлік қолдануға дайындау, жеке құрамды тамақтандыру және монша-кір жуу қызметін көрсету де ұйымдастырылған.
Әскери қызметшілерге медициналық көмек көрсету үшін далалық госпитальдар мен лазареттердің қажетті элементтері орнатылды.
Қарулы Күштердің тәрбие құрылымдарының офицерлері басқа да күштік ведомстволардың және жергілікті атқарушы органдардың басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, жеке құрамның оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындауда моральдық-психологиялық әзірлігін қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін өткізді.
Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесін ескере отырып, оқу-жаттығу барысында ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану мәселелері пысықталды. «Wing Loong» және «Skylark» ұшқышсыз ұшу аппараттарының жауынгерлік есептоптары әуе барлауын жүргізуге, артиллерия мен авиацияның атысын түзетуге, шартты қарсыластың аса маңызды объектілерін атып зақымдауға жұмылдырылды.
Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау мамандары жергілікті жерді барлап, техниканы арнайы өңдеу шараларын орындады, Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық органдарымен бірлесіп техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарын жоюды пысықтады.
Пәкістан Ислам Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Марат Құсайынов ел Президенті Ариф Алвимен, сондай-ақ Штабтар бастықтары біріккен комитетінің төрағасы генерал Надим Разамен және Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал Камар Джавед Баджвамен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы әскери ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.
Ұжымдық Қауіпсіздік шарты ұйымы әскери комитетінің отырысы өтті.
Бейнеконференцбайланыс режимінде өткен кеңесте ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер бас штабтарының бастықтары Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын нығайтуға және дамытуға бағытталған уағдаластықтарға қол жеткізді.
Шымкентте ТМД-ға мүше елдердің Қорғаныс министрлері кеңесі жанындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс Үйлестіру Комитетінің отырысы өтті. Онда әуе шабуылына қарсы қорғаныс біріккен жүйесін жетілдіру және әскери ынтымақтастықты нығайту мәселелері қаралды.
Аталған шараға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан қорғаныс министрліктерінің делегациялары қатысты.
Үндістанның әскери атташесі Алматыдағы Бітімгершілік дайындық орталығында болды. Полковник Дираж Рамананд орталықтың қызметімен және қазақстандық бітімгерлердің оқу үрдісінің ұйымдастырылу барысымен танысты.
Қазақстан әскерінде қысқы оқу кезеңіндегі құрамалар мен әскери бөлімдердің бақылау тексерісі аяқталды.
Бас штаб пен Қарулы күштер түрлерінің комиссиялары басқару органдарының, бөлімшелердің және әрбір әскери қызметшінің даярлығына баға берді.
Қазақстанда көктемгі әскерге шақыру науқаны жалғасуда.
Әскерге алынғандардың алғашқы командалары Қарулы күштердің құрамалары мен бөлімдеріне жетіп, әскери істің қыр-сырын үйренуге кірісті.
Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында ғылым қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов әскери ғалымдарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың әскери ғылымды дамытуға қосқан зор үлесін атап өтті.
Ғарышкерлер күні қарсаңында тұңғыш қазақстандық ұшқыш-ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілерімен кездесті.
Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының спортшысы Жанна Мамаджанова Роттердамдағы жыл сайынғы беделді марафонда Қазақстанға жаңа рекорд сыйлап, мәреге үшінші болып жетті.
Спортшының бұл жетістігі шілде айында Америка Құрама Штаттарында өтетін жеңіл атлетикадан әлем чемпионатына қатысуға жолдама алып берді.