Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев Индонезияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Мохамад Фаджрус Рахман бастаған делегациямен кездесу өткізді. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Жансейіт Түймебаев Индонезиядан келген меймандарды қарсы алып, оқу орнының тарихы мен жетістіктеріне тоқталды. Сонымен қатар Фаджрус Рахманға шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлесіп жұмыс жүргізудегі университет тәжірибесімен бөлісті.
«ҚазҰУ-да шетелдік оқытушы-профессорлар дәрістер өткізуде. Сондай-ақ шетелден келген студенттер біздің университетте білім алып жатыр. Солардың қатарында индонезиялық жастар да бар. Дегенмен осы нәтижемен тоқтап қалмай, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс атқаруымыз қажет», – деді ЖОО басшысы.
Сонымен қатар өз сөзінде Жансейіт Түймебаев Индонезияның жоғары оқу орындарымен серіктестікті дамытуға дайын екенін жеткізді. Университет басшысы жемісті ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған бастамаларды қолдауға ниетті екенін атап өтті.
Өз кезегінде Мохамад Фаджрус кездесуге мүмкіндік бергені үшін білім ордасының ректорына ризашылығын білдірді. Ол Индонезия университеттері мен ҚазҰУ арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін бар күш-жігерін салатынын айтты.
Кездесу соңында тараптар ізгі тілектер мен естелік сыйлықтармен алмасты.