Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров арнайы келді. Сапар аясында ортсайлауком төрағасы университеттің тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Мәртебелі қонақ алдымен ҚазҰУ Жағдаяттық басқару орталығында болып, қалашықтағы жағдайды уақтылы реттеп отыратын орталық қызметіне қанықты.
Білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев ағымдағы оқу жылы жүргізілген құрылыс жұмыстарына кеңінен тоқталды. Қадірменді қонақ күрделі жөндеуден өткен соңғы үлгідегі оқу ғимараттары мен жаңарған аудиторияларды аралады.
«Университетке ұзақ жылдардан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, көптеген ғимараттардың тозығы жеткен. Сол олқылықтың орнын толтырып, университет аумағында үлкен жұмыстар атқарылды», – деді ЖОО басшысы.
Бұдан кейін төраға заманауи стандарттарға сәйкес жабдықталған Al-Farabi Business school оқу кабинеттерін аралап, студент жастармен пікір алмасты.
Сондай-ақ кездесуде оқу орнының басшысы университеттің соңғы жетістіктері мен алдағы уақытта салынатын нысандардың құрылыс жоспары туралы ақпарат берді.