Амандық Баталов көшбасшылық дәріс оқыды

957

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталов оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер алдында  «Жастар бойындағы көшбасшылық қасиеттер мен патриоттық сезімді тәрбиелеу» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Шараға құрметті қонақтар ретінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Амандық Баталов, Кәрім Көкірекбаев, Әлихан Тойбаев, Тұрарбек Асанов және Серік Байбатыровтар арнайы келді.

Мәртебелі меймандар алдымен соңғы үлгідегі күрделі жөндеуден өткен оқу ғимараттары мен жаңарған аудиторияларды және университет музейін аралап, білім ордасының тыныс-тіршілігіне қанықты. Сондай-ақ ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев алдағы уақытта университет аумағында салынатын нысандардың құрылыс жоспарымен  таныстырды.

Көшбасшылық дәрісті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, Амандық Ғаббасұлы қай қызметте болса да, өзін кәсіби маман, мықты ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде көрсете білген азамат екенін атап өтті.

«Амандық Баталов құрылыс саласында елеулі еңбек етіп, еліміздегі көптеген ғимараттарды салуға атсалысты. Мәселен, қара шаңырақ ҚазҰУ қалашығын салуда Амандық Ғаббасұлының қолтаңбасы бар. Қоғамның мәдени-рухани өміріне де белсене араласты. Алматы қаласындағы бірнеше ауданда басшылық жасап, алып мегаполистің дамуына елеулі үлес қосты. 2014 жылдан 2021 жылға дейін Алматы облысын басқарып, аймақты жаңа даму деңгейіне көтерді. Жетісу өңірін көркейтіп, облыс орталығы Талдықорған қаласын индустриалды орталыққа және мәдениет пен өнердің ошағына айналдырды», – деді ректор.

Сөз соңында Жансейіт Түймебаев Амандық Ғаббасұлына «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрметті профессоры» атағын салтанатты түрде табыс етті.

Өз кезегінде Амандық Баталов көшбасшылық дәрісі барысында қарапайым құрылысшыдан мемлекеттік қызметке дейінгі аралықта атқарған жұмыстарына егжей-тегжейлі тоқталды.

«Менің жүрегімде ҚазҰУ ерекше орын алады. Себебі  құрылысшы болып жүрген тұста университет қалашығын салуға өз үлесімді қостым. Қайтадан осы білім ордасына келіп, сіздермен қауышып отырғаныма қуаныштымын. Жастар – еліміздің болашағы. Мен облыс әкімі қызметінде болғанымда жастарға қолайлы жағдай жасау үшін бар күш-жігерімді салдым. Мәдени-тарихи нысандарды салуға жұмыстандым. Сондай-ақ денешынықтыру-сауықтыру кешендерін көптеп салуға тырыстым. Өйткені жастарымыз спортпен еркін шұғылдануы үшін оған жағдай жасалуын қаладым», – деді Амандық Ғаббасұлы.

Дәріс соңында тыңдаушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -