Әскери қауіпсіздік тақырыбында көшбасшылық дәріс өтті

1001

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мемлекет қайраткері, генерал-лейтенант, төтенше және өкілетті елші Нұрлан Ермекбаев «Қазақстанның әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы саясаты» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.

Кездесуді ашқан ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев қадірменді қонақты таныстыра келе, студент жастар арасында отансүйгіштікті, Қазақстан саясаты мен оның қауіпсіздігін насихаттаудың маңызын ерекше атап өтті.

Нұрлан Ермекбаев еңбек жолын 1984 жылы Анголаға қызметтік іссапардан бастады. КСРО Қорғаныс министрлігінің Әскери Қызыл Ту институтын «Офицер» мамандығы бойынша қытай және ағылшын тілдерін жетік меңгере отырып үздік тамамдаған. Оған қоса, Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын «Инженер-экономист» мамандығы бойынша бітірген. Әр жылдары аса жауапты мемлекеттік қызметтерде болды. Төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежесі бар.

2018-2021 жылдар аралығында ҚР Қорғаныс министрі қызметін абыроймен атқарды.

Сонымен қатар спикер саяси ғылымдар кандидаты, бірнеше ондаған мақаланың авторы, «Қазақстан және әлем елдері» кітабының қосалқы авторы, жуырда экранға шығатын «Патриоттар уақыты» фильмі идеясының авторы.

Мәртебелі мейман өз кезегінде университет ұжымы мен студенттеріне қонақжайлылығы үшін алғыс білдіріп, өз білімі және тәжірибесімен бөлісуге әзір екенін жеткізді.

«Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы қызметтің мақсаты – Қазақстан Республикасына төніп тұрған әскери қауіптерге тосқауыл қою үшін мемлекеттің әскери әлеуетін арттыру. Ел басшылығы қолдауының арқасында қарулы күштерді дамыту, қоғамдағы әскери қызмет мәртебесі мен беделін арттырудың барлық бағыттары бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Бұл әскердің жауынгерлік даярлығы мен техникалық жарақталуының сапасын айтарлықтай жақсартуға, әскери қызметкерлерге әлеуметтік қолдауға кепілдік беруге, тұрғын үй мәселелерін жүйелі шешуге, халықаралық және әскери ынтымақтастық аясында армияның беделін айтарлықтай көтеруге мүмкіндік берді», – деп атап өтті дәріскер.

Көшбасшылық дәріс аясында әскери қауіпсіздік пен әскери қауіп-қатерлерге әсер ететін негізгі факторлар, сондай-ақ бүгінгі Қазақстан Республикасы қарулы күштері алдында тұрған басым міндеттер жайында әңгіме өрбіді.

Шара соңында студенттер өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды.

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -