Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алаш ардақтысы, көрнекті ағартушы ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, арнайы апталық өтуде, деп хабарлайды Деловой Қазақстан.
Осы апталық аясында бүгін білім ордасында Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды. Шараға зиялы қауым өкілдері, ахметтанушы ғалымдар, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты.
Көрме барысында ұлт ұстазының жиені Айман Байсалова Ахмет Байтұрсынұлының қызы Шолпан Ахметқызы қолданған күйсандықты ҚазҰУ мұражайына сыйға тартты.
«Бұл жәдігердің өзіндік тарихы бар. Атам Ахмет Байтұрсынұлы күйсандықта шебер ойнаған. Соны көріп өскен анам болашақта ұрпағым өнерге жақын болсын деген мақсатта осы күйсандықты 1992 жылы сатып алған. 1994 жылы анам Шолпан өмірден өткеннен кейін, бұл күйсандықты бүгінге дейін көзіміздің қарашығындай сақтап келеміз. «Атамның өзіндей болмаса да, көзіндей болсын» деген оймен бүгін анамның жәдігерін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне сыйға тартуды жөн көрдім» Айман Байсалова
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, профессор Анар Салқынбай Айман Қабиденқызына ризашылығын білдірді. Өз сөзінде профессор күйсандықтың студенттер үшін тарихы терең құнды жәдігер екенін жеткізді.
Айта кетейік, Ахмет Байтұрсынұлы апталығы аясында конференциялар, дөңгелек үстел отырысы, танымдық дәрістер мен әдеби жыр кештері өтті. Сондай-ақ аптаның соңғы күні университеттің білім алушы жастары Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйіне барып, ұлт ұстазының өмірімен тереңірек танысатын болады.