Мұхтар ЖӨРГЕНБАЕВ, әділет генерал-майоры: Тергеуші де шәкірт тәрбиелеуі тиіс

800

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен жылдан бастап көшбасшылық дәріс оқу дәстүрі қалыптасты. Республика күні мерекесі қарсаңында білім алушы жастармен жүздесіп, дәріс оқуға әділет генерал-майоры, ҚР прокуратурасының құрметті қызметкері, заңгер Мұхтар Жөргенбаев арнайы келді. Мұхтар Әкебайұлының тағылымды өмірлік жолы бүгінгі студент – болашақ маманға үлгі-өнеге.

 

Университет қабырғасында өткен көшбасшылық дәріске зиялы қауым өкілдері, прокуратура және ішкі істер саласының ардагерлері, оқытушы-профессорлар құрамы, қызметкерлер мен білім алушы жастар қатысты.

Дәстүрлі көшбасшылық дәрісті қара шаңырақ білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, Мұхтар Әкебайұлы қай қызметте болса да, өзін кәсіби маман, мықты ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде көрсете білген азамат екенін атап өтті.

«Генерал-майор шенін кез келген адам ала бермейді. Мұхтар Әкебайұлы өмір бойы әділет, прокуратура саласында тынымсыз еңбек етті. Талай қылмыстың бетін ашты, талай адамның тағдырына араша түсті, кеңестік жүйенің темірдей қатал тәжірибесінен өтті. Тәуелсіз Қазақстанның құқық, әділет саласы қызметтерінің қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Сөйтіп, осындай биік межеден көрінді» Жансейіт Түймебаев

 

Біздің ата-бабамыз «Адам – керуен, өмір – жол» деп тегін айтпаған. Әр адамның өмір жолында өз көш-керуені болады. Көшің қалай түзіледі, қалай өрлейді, қалай құлдырайды... Ол өзіңнің сана-сезіміңе, болмыс-бітіміңе, қарым-қабілетіңе, біліміңе байланысты болмақ. Оқымаған, көңілге ештеңе тоқымаған, білімсіз адамнан не сұрайсыз? Ештеңе сұрай алмайсыз. Сондықтан адам баласына ең алдымен білім керек. Мынадай кең, әдемі, заманауи мекенде білім алып жатқан сіздер бақыттысыздар. Қара шаңырақтан қандай адамдар білім алып шыққанын өздеріңіз білесіздер, олар жайындағы мәліметтер университеттің музейінде бар, оқу ошағы қабырғасында суреттері ілулі тұр. Оның үстіне сіздер мүйізі қарағайдай профессорлардан, білікті ұстаздардан білім алып жатырсыздар. Олардың айтқан ақыл-кеңестеріне жүрдім-бардым қарамаңыздар. Жақсы шәкірт болсаңыздар, сіздерден жақсы ұстаз шығады. Ал ұстаз деген – мәртебелі есім. Сондықтан өздеріңдей өрендер имене басып жұмысқа келгенде алдымен алған біліміне қарайтынбыз. Білімді болсаңыздар, алмайтын асу жоқ. Осындай күнге бәріміз де алған ілімнің арқасында жетіп отырмыз. Тәжірибе дегеніңіз бірте-бірте уақыт арқылы араға жылдар салып келеді. Демек, білім – қазына. Қарапайым тілмен айтқанда, өмірге азық, жейтін наның. Жастар әрқашанда білімге ынтық, құштар болғаны абзал. Әрине, жастық шақ қайта айналып келмейді, араларыңызда еркін жүргісі келетін, сабаққа атүсті қарайтындарың бар шығар, алайда қазіргі заман өзгеше, білімділердің заманы екенін естен шығарып алмаңыздар.

Құрметті жастар, білімді сатып алуға болмайды. Ойға сіңірген ілім-білім мен сатып алған білімнің арасы жер мен көктей. Бойға дарымаған оқумен ұзаққа шаба алмайсыздар. Бәлкім, менің бұл әңгімем сіздерге пафос сияқты сезілер, әйтсе де бұл шындық. Қазір жастарға үлкен мүмкіндіктер бар, шамаларың келсе кітапты «кеміруге» тырысыңыздар.

Әрине, бүгінгі оқу-білім жүйесінде мәселе жоқ деп айта алмаймыз. Жалпы, білім берудің сапасы төмендеп кеткені шындық. Сіздер кешіріңіздер, кеңестік жүйені бүгін көбірек еске алып отырмын, өйткені ол кезде білімнің сапасы жақсы, жоғары болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде жекеменшік оқу орындары көбейіп кетті. Тіпті аудандарда университеттер ашылды. Олардың техникалық базасы қандай, оқытушылық құрам қандай, қай деңгейде білім беріп жатыр – онымен ешкімнің шаруасы болмады. Міне, Жансейіт Қансейітұлы Білім және ғылым министрі болып тұрған кезде осындай келеңсіздікпен күресті. Сапасыз білім ошақтарын жапты. Сол үшін қаншама сөз естіді, таяқ жеді. Жансейіт Қансейітұлы бұл жерде жеке басының мүддесін күйттеген жоқ, елдің, ұлттың келешегін ойлағаннан кейін осындай қадамға барды және дұрыс істеді. Себебі сапасыз білімнің елдің болашағына ешқандай абырой әпермейтінін білді, түсінді. Ал оның дұрыс әрекет болғанына арада жылдар өткеннен кейін көзіміз жетіп отыр.

Енді өзімнің тергеушілік тәжірибеме тоқталып өтейін. Негізі, менің заңгер болғанымды әке-шешем қаламады. Әкем «ағаларың құсап Ауыл шаруашылығы институтына барасың» деді. Анам – жер ауып келгендердің ұрпағы, ол да құқық саласында жүргенімді қаламады. Содан мені Алматыдағы Ауыл шаруашылығы институтына жіберді, жолым болып оқуға түсіп кеттім. Бірақ амалдың жоқтығынан жүрмін, өйткені жүрек қаламаған соң, оқу қиын екен. Өйткені менің санамда көрші атамның «сен сот боласың» деген сөзі жатталып қалған, сол маза бермеді.

Ауылда бір қапсағай денелі көрші ата болды. Таңертең біз ұйқыдан тұрғанда есігінің алдында отырады. Содан әкеміз «барыңдар, үлкен кісіге сәлем беріңдер» деп бәрімізді үйретіп қойған, көзімізді тырнап аша салысымен әлгі атаға амандасуға жүгіреміз. Сонда ол кісі үнемі маған «қалқам, сен сот боласың» дейтін... Неге олай дейтінін білмеймін, бәлкім, менің бойымнан бір қасиет, яки бір белгі көрген шығар, білмеймін, әйтеуір, үнемі солай дейтін және онысы бір жыл емес, мен есейгенше жалғасқан дәстүр еді. Содан Ауыл шаруашылығы институтын тастап, әскерге кеттім. Келген соң, Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтап, жолдамамен сол кездегі Гурьев, қазіргі Атырау облысына қатардағы тергеуші болып барып, ұзақ жыл еңбек еттім. Кейін Атырау облысының прокуроры қызметін атқарып, бір-ақ қайттым.

Шіркін, ол кездегі құқық қорғау саласындағы қалыптасқан жүйе, тәртіп, мектеп, оқу жүйесі мүлде өзгеше еді. Бізді тергеушілікке баулығанда психология, логика сынды пәндерді тереңдете оқытатын. Әрине, дәл қазіргідей компьютер толы ақпарат болған жоқ. Сондықтан әр ақпарды аяғымызбен барып, адамдармен сөйлесіп, зерттеп-зерделейтінбіз. Экспертиза дегеніңді Алматы, Саратов, Мәскеу жаққа жіберетінбіз. Негізі, ішкі істер мен прокуратураның тергеу амалдары екеуі екі түрлі келеді. Олардың айырмашылығы неде? Мысалы, менің тәжірибемде айыпкерді, сезікті адамды прокуратура тергеушісі қинапты, сабапты дегенді естімедім. Бізді ондай әрекетке баруға үйреткен жоқ. Бізге тергеу жұмыстарының тактикасын үйретті. Ақпарат жинау, дәлел келтіру т.б. амалдарға баулыды.

Өздеріңіз білесіздер, прокуратура тергеушісі тек ауыр қылмыстарды ашу ісімен айналысты, атап айтқанда: адам өлтіру, зорлық-зомбылық көрсету, аса мол көлемде мемлекет қаржысын қымқыру және т.б. қылмыстар еді. Ал, жасыратыны жоқ, ішкі істер тергеушісінің қылмысты ашу барысында түрлі әрекеттерге баратынын, тіпті күш, зорлық көрсету қолданатынын білесіздер. Ол құпия емес. Менің есімде бір оқиға қалды. Ішкі істер саласының тергеушісі, шені капитан, бір істі тергеу барысында «жауаптан жалтарды, мойындамады» деген желеумен өрімдей жасөспірімді терезеден лақтырып жіберген. Осы істі мен тергедім. Тергеу амалы ұзаққа созылды. Әрине, айыпкер жасаған қылмысын мойындамайды, «өзі құлап кетті» дейді. Ал мен бұл істі соңына дейін жеткіздім және әлгі капитанның жасөспірімді терезеден лақтырып жібергенін дәлелдедім. Сондағы тергеушінің уәжі «оқиғаны мойындамағанына ашуым келіп, осындай әрекетке бардым» дейді. Әрине, ол өзіне лайықты жазасын алды.

Осы жерде тағы бір оқиға ойыма оралып жатыр. Кеңестік жүйеде 76-5 деген бап болды. Аса ауыр қылмыс жасағандарға ату жазасы бұйырылатын үкім. Мемлекет қаржысын талан-таражға салған (15 мың рубльден асса, осы баппен жазаға кесіледі) кәсіптік-техникалық училищенің 15 директоры осы бапқа іліккелі тұр. Ішінде танымал ел ағалары бар, партия мектебін бітіргендер де жүр, бір-екеуі Ленин орденінің иегерлері. Осы істі жүргізгенде менің шашым ағарып кетті... Абырой болғанда, іс сотқа жеткенде заң өзгеріп, ату жазасы 143-бапқа, яғни лауазымды қызметін асыра пайдаланғаны үшін деген бапқа өзгеріп, әлгі директорлар ату жазасынан құтылды. Істі 180 томмен бітірдім, жаңа айттым ғой, уайымнан шашым ағарып кетті. Әлі күнге дейін істің беті қарап, жазаның жеңілдетілгені үшін Аллаға алғыс айтамын. Біздің қызметіміздің бәрі жағымсыз емес, арасында осындай қуаныштар да болып тұрады.

Қазір енді заман басқа. Құқық саласында талай реформа орын алды. Менің бір өкінетінім, ескінің бәрі нашар деген желеумен жылдар бойы қалыптасқан мектепті қолданыстан мүлде алып тастау орынсыз. Мен жүрген жерімде айтамын, бұл шолақ реформаторлардың жөнсіз әрекеті. Ол біздің жағдайымызға, менталитетімізге сай ма, жоқ па, оған мән бермей, немістердің практикасын алып келді. Бұл енді тамыры жоқ өсімдік сияқты. Өзгенің тәжірибесін таңсық көретін әдетіміз ғой, шетелдің тәжірибесін түбегейлі көшіріп әкелмей, қажеттісін, өзімізге бейімделген нұсқасын алуымыз керек еді. Қалай болғанда да, жылдар бойы қалыптасқан тәжірибені бұзу қиянат. Енді арада біршама уақыт өткеннен кейін ішкі істер саласына қарайтын кейбір мәселелерді қайтадан прокуратураға қайтару жөнінде заң жобасы жасалды. Елдің, мемлекеттің, азаматтардың мүддесін қорғау, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың қауіпсіздігін қорғау жағын қайтару мәселесі көтеріліп жатыр.

Әрине, кез келген мамандықтың өзіне тән қиындығы болады. Тергеушінің тәжірибесі бір-екі жылда қалыптаспайды. Ол бұрынғыдай барлық сатыдан – аудандық, қалалық, облыстық деңгейден өтуі керек. Сонда тәжірибе қалыптасады, мектеп орнығады. Тергеуші де шәкірт тәрбиелеуге тиіс, өйткені ол – ұстаз. Ал шәкірт болмаса, ұстаз қайдан шығады? Осы жерде бір қызық оқиға айтып берейін. Алғаш жолдамамен Атырауға барғанда қонақүйде маса шағып, түнімен ұйқы бермеді. Содан жұмысқа қабылданар кезде балалық қой, «мен кетемін, бұл жақта жұмыс істей алмаймын, түнімен қандала шақты» дедім. Мен тауда өскен адаммын, масаның қандай болатынын білмеймін. Иманғали Сейітұлы деген ұстазымыз болды, сол кісі кеңк-кеңк күліп алып, «Келін бала бар ма?» – деді. «Жоқ», – дедім. Онда сен түнімен қыдыр, маса түнде шығады, сағат үшке дейін ұйықта, содан кейін жұмыс істейсің» деді. Бұл ұсыныстың маған жаққаны сондай – етім үйреніп алды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін «шақырып жатыр» деген соң, ұстазымның алдына бармаймын ба? «Жағдайың қалай?» деді. «Жақсы, сіз шақырған соң келдім» деймін ғой әлгі жерде. «Маса не болып жатыр?» дейді. Балалық әрекетім есіме түсіп, күліп жібердім. «Болды енді, қалыпты жұмысқа көш», – деді. Егер сол кезде ұстазым басқаша шешім шығарғанда, бәлкім, тағдырым бұлай болмайтын шығар еді, кім білсін?!

Көрдіңіздер ме, өмірде кездейсоқ ештеңе жоқ. Мүмкін, көрші атаның батасы дарыған болар, әлде масадан безіп, кері қайтқанымда менің өмір жолым қалай қалыптасар еді деп осы күні ойға шомамын. Айналып келгенде, бәрі өздеріңізге, содан кейін тағдырыңа, маңдайдағы жазуға байланысты.

Өмір-дерек

Мұхтар Жөргенбаев 1981 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін тамамдаған. Сол жылдан бастап прокуратура органдарында жауапты қызметтер атқарды. Прокурордың көмекшісі, аға тергеуші, аса маңызды істер бойынша тергеуші, прокурордың орынбасары сияқты сан қырлы сатылардан өтіп, тәжірибе жинақтады. Атырау қаласының прокуроры, Алматы облысы Талғар ауданының прокуроры, Алматы облысы прокурорының 1-орынбасары, Атырау облысының прокуроры, Түркістан облысының прокуроры сияқты міндеттерді мінсіз атқарды. ҚР прокуратурасының құрметті қызметкері. Алматы облысы Райымбек ауданының құрметті азаматы. 

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ

Телеграм-канал «Нефть и Газ Казахстана. Факты и комментарии». Ежедневные новости с краткими комментариями. Бесплатная подписка.

«DKNews» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKNews» © 2006 -